Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл шаруашылығы – аймақ экономикасының тірегі

Ауыл шаруашылығы – аймақ экономикасының тірегі

Экономиканың өзегі ауыл шаруашылығында екендігі бүгінгі таңда айқын сезілуде. Жылдан-жылға мұнай қорының сарқылуы бұл салаға басымдық беруді талап етіп отыр. Сырдария өзенімен өмірі өзектес Қызылорда өңірі үшін егіншілік тек күнкөріс көзі ғана емес, стратегиялық маңызы бар бағыт.

«Биыл өңірде су тапшылығы ерекше байқалды. Бұл мәселе Мемлекет басшысының аймаққа жасаған жұмыс сапары барысында да диқандар тарапынан көтерілген болатын. Алайда қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан, аймақ басшысының ұтымды ұйымдастыруы мен жедел қабылданған шешімдерінің нәтижесінде аграрлық саланың берекесі бәсеңдеген жоқ. Нәтижесінде 8 041 гектар жерге орналастырылған ауыл шаруашылығы дақылдары мерзімінде толық жиналды. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 3 354 гектар алқапқа себіліп, әр гектарынан 52 центнерден өнім алынды. Бұл су тапшылығы жағдайында қол жеткізілген айтарлықтай көрсеткіш» , – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов.

Саладағы қолдаулар биылғы жылы да жалғасын табады.

«Ендігі басты міндет әрбір тамшы судың қадірін білу. Су үнемдеу технологияларын уақыт оздырмай енгізуіміз қажет. Осы мақсатта алдағы кезеңде лазерлік тегістеу мен тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Бұл тәсілдер суды тиімді пайдалануға ғана емес, өнімділікті арттыруға да мүмкіндік береді», - деді шаһар басшысы.

Ауыл шаруашылығын дамыту өңірдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың басты кепілі. Сондықтан аграрлық саладағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Өңірлік коммуникациялар қызметі 

11 ақпан 2026 ж. 114 0