Қызылорда қаласында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны күшейді
Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 369 млрд 412 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 118,5 пайызға артқан. Бұл облыс бойынша жалпы инвестиция көлемінің 47,7 пайызына тең. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов мәлімдеді. Кездесу барысында шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен баяндады.Нұржан Сәбитұлының мәліметінше, есепті кезеңде құрылыс саласында да оң серпін байқалады. Қала аумағында атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 182 млрд 276 млн теңгеге жетіп, 111,3 пайыздық өсім көрсеткен. Облыстағы үлесі 49,8 пайызды құрайды.
«Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнім көлемі 17 млрд 076 млн теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 100,8 пайызды көрсетті. Ал бөлшек сауда айналымы 499 млрд 724 млн теңгеге жетіп, 102,6 пайызға артты. Бұл көрсеткіш облыс көлемінің 86,1 пайызына тең. Әлеуметтің ең әлеуетті әрі өзекті мәселесі баспана. Бұл бағытта Қызылорда республика бойынша алдыңғы қатарда тұр. Өткен жылы көпқабатты тұрғын үйлерді салу және сатып алу үшін 35 млрд 812 млн теңге жұмсалып, 1 890 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізген. Ал биыл кезекте тұрған отбасыларға тұрғын үй сатып алу мақсатында облыстық бюджеттен 39 млрд 474 млн теңге бөлініп отыр», – деді Нұржан Ахатов.
Сонымен қатар, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аймақ басшысының тікелей қолдауымен өткен жылы бұл салаға 30 млрд теңге қарастырылып, нәтижесінде 79 көшеде жол құрылысы жүргізіліп, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары атқарылған.
Қаланың негізгі магистральдарының бірі — «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылы екі кезең бойынша жаңғыртылып, толықтай пайдалануға берілді. Қала әкімінің айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және Қызылорданың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Экономиканың өзегі ауыл шаруашылығында екендігі бүгінгі таңда айқын сезілуде. Жылдан-жылға мұнай қорының сарқылуы бұл салаға басымдық беруді талап етіп отыр. Сырдария өзенімен өмірі өзектес Қызылорда өңірі үшін егіншілік тек күнкөріс көзі ғана емес, стратегиялық маңызы бар бағыт.
«Биыл өңірде су тапшылығы ерекше байқалды. Бұл мәселе Мемлекет басшысының аймаққа жасаған жұмыс сапары барысында да диқандар тарапынан көтерілген болатын. Алайда қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан, аймақ басшысының ұтымды ұйымдастыруы мен жедел қабылданған шешімдерінің нәтижесінде аграрлық саланың берекесі бәсеңдеген жоқ. Нәтижесінде 8 041 гектар жерге орналастырылған ауыл шаруашылығы дақылдары мерзімінде толық жиналды. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 3 354 гектар алқапқа себіліп, әр гектарынан 52 центнерден өнім алынды. Бұл су тапшылығы жағдайында қол жеткізілген айтарлықтай көрсеткіш» , - деді Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов.
Саладағы қолдаулар биылғы жылы да жалғасын табады.
«Ендігі басты міндет әрбір тамшы судың қадірін білу. Су үнемдеу технологияларын уақыт оздырмай енгізуіміз қажет. Осы мақсатта алдағы кезеңде лазерлік тегістеу мен тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Бұл тәсілдер суды тиімді пайдалануға ғана емес, өнімділікті арттыруға да мүмкіндік береді», - деді шаһар басшысы.
Ауыл шаруашылығын дамыту өңірдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың басты кепілі. Сондықтан аграрлық саладағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы өңірде нақты нәтижесін беруде. Бағдарлама аясында қала бойынша 46 жобаға 359 млн 500 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Бұл ауыл тұрғындарының кәсіп ашуына және табысын арттыруына мүмкіндік жасады.
"Қызылорда қаласында «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы өнеркәсіп саласындағы 20 жоба қолдау тауып, жалпы көлемі 627 млн теңге қаржыға қол жеткізді. Бұл бастамалар өндірістік әлеуетті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашты. Кәсіпкерлікті қаржылай қолдауда екінші деңгейлі банктердің де үлесі зор. Осы арна арқылы 86 кәсіпкер жалпы сомасы 4 млрд 600 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өз ісін кеңейтуге мүмкіндік алды. Нәтижесінде Қызылорда қаласындағы кәсіпкерлер саны 35 мыңнан асып, бұл салада жұмыспен қамтылған азаматтар саны 63 мыңға жетті", - деді қала әкімі Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан өндірілген өнім көлемі 374 млрд 752 млн теңгені құрады. Бұдан бөлек, құны 240 млрд теңге болатын 16 жаңа инвестициялық жоба іске асырылды.
"Инвестициялық жобалармен қатар, қаладағы сауда инфрақұрылымын жаңғыртуға да басымдық беріп отырмыз. Қазіргі таңда тұрғындар арасында “Жаңа базар” және “Ескі базар” аталып кеткен екі ірі сауда орталығы кезең-кезеңімен қайта жаңартылуда. Аталған жобалар қала экономикасын әртараптандыруға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына оң ықпал етуде", – деді Нұржан Сәбитұлы.











