Күн қысқарды ма, уақыт қысқарды ма?
Уақыт жетпейді деп жатамыз. Расында, таңның атысынан күннің батысына дейін арлы-берлі тіршілік қамымен зыр жүгіріп жүрген халықтың айтатыны осы сөз. Уақыттың жетпеуін біреулер ғылыммен негіздеп, тәуліктің қысқарғанын алға тартса, енді біреулер мұны ақырзаманның таяп қалуымен байланыстырмақ болады. Шын мәнінде, уақыт неге жетпейді? Бұл туралы ойланып көрдіңіз бе? Не үшін уақыттың қысқарғаны жөніндегі сұрақ қай-қайсымызды да мазалайтыны рас. «Қашан ертең болады?» деп сарылып жүретініміз тағы бар. Біздің әр өткен секундымыз қайта оралмайды ғой. Біз соған көңіл аудара бермейміз. Уақытты тоқтатып қою мүмкін емес. Алайда уақытты мүлдем тоқтатпасақ та баяулатудың бірден-бір жолы интернеттен, теледидардан қол үзіп, тыныштықта бір сәт жақындарыңмен араласып, ауылға барып, интернетсіз өмір сүру деп ойлаушы едік. Алайда, қазір кішкене ауылдың өзі де жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылған. Сол себепті ауыл тұрғындарының өзі де бос уақытын желіде өткізуде. Кей жағдайда ғана газет бетін парақтап отырған үлкендердің шүйіркелесіп отырғанын көргенде ішің жылып сала береді.
Тұрағымыз аудан орталығы болса да әсемдігі жағынан қаладан кем емеспіз. Көшеге шықсаң, әрлі-берлі сан түрлі жүйткіген автокөліктер, балалар ойын алаңы, соңғы кездері субұрқақ та орнатылып қала сәні келіп қалды. Жұмыстан соң кешкілік балаларды алаңға апарып, қалған уақытта тағы ұялы телефонға көз жүгіртіп жан-жағымызбен аз-маз хабарласамыз, таңертең жұмыс. Алла әр күнімізге амандықпен жеткізсін деп осылайша зыр жүгіріп жүреміз. Күнделікті қайталанатын тірлік. Мұның барлығы жақсы әрине. Алайда біз уақытты сезінуден қалып барамыз. Себебі, баланы ойнатуға жіберіп, тағы да телефонға бас сұғамыз. Телефоннан бас алмай жүргенде уақыт та жеткізбей барады, асығыспыз деп өзімізді кінәлап жатамыз. Себебі, ақпараттар ағыны толассыз жүйткіген жаһанданған дәуірде біздің миымызда бос орын қалмай барады.
Бүгінде адам ештеңеге таңғалмайтын болды, себебі өмір шындығын көзбен көріп отыратын заман бұл. Интернет деген шексіз еркіндік не нәрсені айтуға да, жұртты даттауға, қаралауға үлкен мүмкіндік берді. Құлағыңды қайда бұрсаң да жақсы хабар тыңдап, көңіліңнің бірленуі екіталай. Интернет желісінен жақсы хабар тыңдай алмадық ау деп теледидарға көз салсаң, тағы да оқушы қызды бірнеше қыз жабылып ұрды, не басқадай жағымсыз хабар алдыңнан шыға келеді. Ұят, обал деген ұғыммен өскен халық едік қой, қалай болғаны деп деп жан түршігерлік жағдайлардан бойыңды қорқыныш билеп, үреймен өмір сүресің. Бұдан бөлек өмірімізде күнделікті болып жатқан жағдаяттарға қарап-ақ шешімді тез қабылдап, шалт қимылды қалайтын жастардың ісі қынжылтары анық. Асығыс шешіммен екеуара келіспей қалып, соңы өкінішке апарып жатыр. Осылайша дамыған технология адамның ізгі сезімінің өзін жеп қойып жатыр. Әрбір жан өз сезіміне ие болып, ақылын төреші етіп, әрбір қадамын өлшеп басса, ол адам әрқашан әділеттің ақ жолында болады.
Келіссек те, келіспесек те бұл ғасыр өзгерістердің, жаңалықтардың, дамудың ғасыры. Себебі, «келесі апта айлық түседі», «келесі жылы тойымыз болады», «тезірек жұма болса ғой, демеламыз» дегендей ойлар бізді ертеңге асықтырады. Айта берсек, көп-ақ. Бәріне топырақ шашпаймыз, Алланың жолында балаларының амандығын тілеп, дұрыс жолды көрсетіп отырған жандар баршылық. Керісінше, жастар арасында әлеуметтік желілерге тәуелділік мәселесі барған сайын өзекті болып отырғаны қынжылтады. Өмір деген адамның алға ұмтылуымен маңызды. Айтып жатқанымыздың бәрі заманды қаралау емес, адамзат баласының өмірге деген көзқарасының өзгергенін байқатады. Қазір адам басқа, заман басқа.
Иә, уақыт зымырап барады. Уақытты тоқтата алмаймыз. Әр өткен сағатыңыз өткен күннің естелігі. Пайғамбарымыздың бір хадисі бар:
«Адамдардың көбі қадіріне жете білмейтін екі нығмет бар, ол – денсаулық пен бос уақыт». Сол себепті сенің нағыз ғұмырың – осы нығметті бағалап, бақытты, көңілің тыныш болып өткізген сәттерің. Сол үшін де алтынмен пара-пар қымбат уақытты қадірлеп, телефонға телмірмей немесе қайдағы жоқ пайдасыз істерге жұмсаудың соңы сан соқтыратынын ұғынғанымыз жөн.
К.ӨТЕПБЕРГЕН
Фото: qarmaqshy-tany.kz









