Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асығып қайда барамыз?...

Асығып қайда барамыз?...

– Апа тездетіңізші асығып тұр едім.
    – Қарағым, ерігіп тұрған ешкім жоқ мен де асығыспын.
    – Жап-жас болып алып неменеге безектейсіңдер-ей, қайда асығасыңдар? Сендер асығып тұр екен деп отқа түсіп өлмейтін шығармыз енді, - деп күңк етті тоқашты оттан шығарып жатырған кейуана.
Бұл базар маңындағы ыстық тоқаш сататын дүңгіршек жанында өрбіген әңгіме еді. Расында біз қазір асығып жүреміз. Қайда шықсақ та жайбырақат жүрген кезіміз жоқ. «Әлі біраз уақытым бар, асығыс емеспін», деген сөзді де соңғы кезде сирек естиміз. Өмір мен уақыттың арнасы ауыспай, заман көші сол баяғыша ілгері басып келеді. Күн де бұрынғыша атып, көкжиекке баяғыша батады. Бірақ уақыт неге жетпейді? Адамдар неге шыдамсыз?
Қазір заман жақсы. Бұрынғыдай емес, адамнан көрі автомат жұмыс істейді. Кірді машинаға саласың, түймешені бассаң болғаны жуылып, шәйылып, сығылып, кептіріліп шыға келеді. Кейде сол кіріміз шыққанша шыдамаймыз. «Мынау қашан айналып бітеді» деп жанына қайта-қайта барып уақытын санап жүреміз. Нанды да бұрынғыдай от жағып, оның шоқ болғанын күтіп сонан соң ғана қып-қызыл болып тұрған шоққа тапаны салып көму деген қалғалы қашан. Тоққа тығып, уақыты мен градусын келтіріп қойсаң болғаны ыстық наның буы бұрқырап шыға келеді. Сол піскенше «мына нан қашан қызарады, неге көтерілмей жатыр», деп есігін ашып-жауып жүреміз. Барар жерімізге жаяу жүру қалып барады. Жақын жердің өзіне «уақыт жоқ» деп таксиге не автобусқа отырамыз. Ал көлік тізіндегендердің жөні тіптен бөлек. Олар жол бойы: «Әй, тезірек жүрсеңші», «аға, мені өткізіп жіберіңізші», - деп дегбірі қашып, әр көлікті басып озып отырады.
    Қоғам дамыған сайын адамның шыдамдылығы таусылып бара жатқан сияқты. Қазір бұрынғыдай кітап оқымаймыз. Өйткені уақыт жоқ. Ақпараттық технология дамыған заман. Желіде кітап мазмұнын толықтай оқып беретіндер бар. Сен тек соны қосып қойып, тыңдап жүріп басқа тірлігіңді істесең болады. Шығармадағы табиғаттың көркем көрінісін, адамның кескін-келбетін сөзбен суреттеп жазған туындыны тыңдауға шыдамы жетпей, жалпақ сөзбен баяндалып, тақырыпқа арқау болған жағдайдың қалай басталып, қалай аяқталғанын тез айтып тастағанды қалап: «Созбақтамай тез айтшы», «Оның бәрін неге баяндап отыр?», «Неге ұзақ етіп жазған, бос сөзі көп екен, нақтысын айтса болмай ма?» деген пікірлерді оқыдым да мырс етіп күлдім.
    Біздің шыдамсыздығымыз соншалықты жақсылықтан да, көркемдіктен де шын рахат ала алмайтын болғанбыз ба? Тойға, концертке, киноға барсақ та қашан бітеді деп асығамыз.
 Америкалық ғалымдар зерттеу жүргізіп әлем халқының 90 проценті ұзақ күте алмайтынын анықтаған. Тіпті, тең жартысы шыдамсыздықтың кесірінен түрлі психикалық ауруға шалдыққан екен. Денсулыққа кесірі тиетін болса бізге асығудың қажеті не?
Асықпайтын уақытта асығамыз,
Ақиқатты несіне жасырамыз.
Жолға шықсақ – жетуге асығамыз,
Жете салып, кетуге асығамыз, - депті Ұлықбек Есдәулет ақын.
Ақиқатты дөп басқан өлең. Халықымыз «Сабыр түбі сары алтын» деді. Шынында шыдамсыздық шыңға шығармайтын қасиет. Сіздің шыдамсыздығыңыз қадіріңізді қашырып, қасыңыздағыларды мезі етпесін. Сондықтан асықпаңыз, біз «Адамның емес, Алланың дегені болады» деп дағдыланған халықпыз.

Н. БАҚЫРАН
26 тамыз 2023 ж. 297 0