Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Николайдан қалған нысан

Николайдан қалған нысан

Тарихтан сыр шертетін, қаншама жылдардың, тіпті ғасырлардың куәсі болған жәдігерлерге жиі болмаса да кездесіп жататынымыз жасырын емес. Талай ұрпақтың есінде қалып, игілігіне айналған сол дүниелердің бүгінге дейін қолданыстан тысқары қалмайтыны таңғаларлық. Солардың бірі – Арал қаласындағы теміржол вокзалы.
Студент шағым болатын. Төрт жылдық оқуды тәмамдап, қолыма дипломымды алып, ата-анамды қуантуға асығып келе жаттым. Облыс орталығынан Аралға дейінгі 8 сағат тәулікке созылғандай жет­кізіп болмады. «Адам асыққанда уақыттың асықпай қалатынын-ай» деп ішімнен күбірлей сөйлеген маған жанымда отырған ақсақал:
– Айналайын, қайда асықтың? – деп талай сырды жасырып жатқан қарттыққа тән бетін маған бұрды. Әжім басқан ажардың арасынан өзіме деген күлкінің табын байқап, одан қалды он жылдан аса уақыт бұрын ортамыздан алшақтап, кел­местің сапарына кеткен атамды көргендей болып:
– Ата, мен диплом алып ке­ле жатырмын. Өзім Аралдың бала­сымын. Сол жақта туып-өстім, бі­лім қуып Қызылордаға келдім. Сен­ген адамдарымның сенімін ақта­ғаныма қуанып, дипломымды көрсет­кенше асығып отырмын, – деп қолымдағы қағазымды көрсеттім.
– Бақытты бол, балам, оқуың­ның жемісін көр. Енді осы дип­ло­мыңды құшақтап жата бермей, Ара­лың үшін еңбек ет, – деп жы­мия қарады да, – Мен де арал­ды­қпын. Сендер сияқты ұл-қыз өсіріп, оқыттым. Қияға қон­дыр­дым. Мың да бір шүкір, қазір солардың рахатын көріп, Алма­ты­дағы ұлымның қолында, неме­релерімнің ортасында отырмын. Атамекенді сағынған кезде келіп тұрамын. Мен де өзің сияқты асығып келемін, – деді.
Осылайша ұзақ жол қысқарып, қарияның әңгімесін тыңдап оты­рып, Аралға жеткенімізді де бай­қамай қалыппыз. Қарияның қор­жын­дарын көтеріп, пойыздан түсуіне көмектесіп, кішілігімді танытып, вокзалдың перронына да табанымыз тиді. Сол кезде ақсақал тағы да маған бұрылып:
– Айналайын, сен сәл сөм­ке­ле­ріме қарайлай тұр. Мен сағы­ны­шымды басайын деп вокзалға қарай беттеп, құшақтағандай бо­лып, тіпті қабырғасын да сүйді. Осы­лайша сәл аялдап барып, қайтадан маған келе жатқанда жанарында іркілген жасты байқап:
– Ата, қариялар да жылайды ма? – деп сыр суыртпақтау ниетте тағы сұрақ қойдым. Сонда ол:
– Балам, бұл вокзал мен бала күнімде бар еді. Сендер сияқты ар­ман қуып оқуға аттанғанымда, жарыстарға кеткен кезімде әке мен шешем осында шығарып сала­тын. Қазір өзім де алпыстан асып барамын. Ал ол кісілердің сүйегі осында жатыр. Мен осы вокзалды көрген сайын соларды көргендей болып, еркелегім келіп, осылай жасаймын. Сағыныш деген жас талғамайды ғой, – дей бергенде, Аралда тұратын ұлы да жанымызға келіп, сөмкелерін көтеріп, әке, үйге барайық, көлік мына жақта деп ерте кетті. Қарт кісі маңдайымнан сүйіп, батасын беріп, баласы мен жанындағы немерелерін еркелете соңдарынан ерді.
Мен ойланып, тұрып қалдым. Өзі алпыста, сонда вокзал қай уақыттан бері болғаны деген ойдың шырмауында тұрып, әрі қызығып, тарихын зерделегім келді.
Иә, шынымен-ақ тарихы тереңде екен. Орынбор – Ташкент теміржолын салу кезінде бой көтеріпті. Ол, бізге тарихтан мәлім II Николай патшаның 1901 жылғы сәуір айындағы бұйрығымен Орын­бор-Ташкент теміржолын салу қолға алынған еді. Арал вок­за­лының да құрылысы 1901-1905 жылдары аралығында са­лы­нып, пайдалануға беріліпті. Орталық Азия үшін Англиямен арадағы бәсекелестікте басым болу және Түркістан жеріне тура шығу үшін салынған теміржолдың сол кез­дер­дегі естелігі осы вокзал екен.
Бүгінде бұл вокзал арал­дық­тардың негізгі қатынас көзі болып отыр. Қос ғасырдың куәсі болған оның жұмысы жанданып, жыл сайын дамып келеді. 2016 жылы наурыз айында  «Қы­зылорда - Жезқазған» теміржол қатынастары салынып,Арал өңі­ріндегі елді мекендер мен облыс орталықтарымен байланыстырып отырғаны да соның дәлелі. Қан­шама жылдар өтсе де, Аралды ай­шықтап тұрған нысанды неге сағын­басқа, неге сүйсінбеске?!
Оңталап ЖОЛДАСОВ
25 маусым 2019 ж. 931 0