Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АМАНАТҚА АДАЛДЫҚ НЕМЕСЕ 60 ЖЫЛДА ИЕСІНЕ ЖЕТКЕН БІЛЕЗІК

АМАНАТҚА АДАЛДЫҚ НЕМЕСЕ 60 ЖЫЛДА ИЕСІНЕ ЖЕТКЕН БІЛЕЗІК

Қазақ халқы қай заманда да  «Аманатқа қиянат жасауға болмайды» деген сөзді арқау етіп аманатқа үлкен астар берген.  Бабалар айтқан осы сөздің ақиқат екендігіне көзім жетті.
Өткен демалыс күндерімнің бірінде ағайын - туыстың хәлін білмекке Байқоңыр қаласына жолға шықтым. Талай тағдырларды тоғыстырған тоғыз жолдың торабында жігіт ағасына жақындаған Әлқожа есімді ағамен сапарлас болдым. Ру, жер, жөн сұрасып әңгімелесіп отырып Әлқожа аға мына бір оқиғаны баяндап берді.
– Менің анам Аралдың Қасқақұлан деген жерінде туып-өскен. Ол кезде 20 жасар балғын қыз кезі екен. Бір күні бұлақ басында құрбы қыздарымен ойын – сауық құрып жүріп әжесі сыйға тартқан күміс білезікті жоғалтып алады. Тастың үстіне шешіп қойған жерінен таба алмаған анамның есіне сол маңнан өтіп бара жатқан жас келіншек алмады ма екен деген  ой келеді. Бірақ біреуді нақақ кінәлауға ұялған анам сол кездері бағалы бұйымды жоғалтқаны үшін анасынан сазайын алыпты. Арада талай жылдар өтіп, аумалы-төкпелі заман басталған шақта анам Қазалының жігітіне яғни әкеме тұрмысқа шығып кетеді. Ол оқиға да біртіндеп ұмыт бола бастайды. Осыдан 6 жыл бұрын анам 80 жасқа толған шағында үйге бейтаныс екі жігіт келді. Нақтысын айтсақ анама жоғалтқан білезігін әкелді. Сөйтсек, сол кездері Анамның білезігін әлгі келген жігіттердің әжесі, күмәнданған келіншек ұрлап алған көрінеді. Жылдар өте ажал таяған шақта кейуана ұрпақтарын жинап алып:«Мен жас күнімде дүние көзімді байлап Ару есімді қыздың білезігін ұрлап алған едім. Сол сәттен бастап ар ұятым маған маза бермей осы күнәмнің сазайын тартумен келемін. Енді сендерге айтарым осы білезікті тірі болса Арудың өзіне, болмаса ұрпақтарына қайтарып беруді аманат етемін» – деп соңғы сөзін айтқан екен.
Кемпір бақилық болғанан кейін аманат арқалаған ұрпақтары Қарақалпақстаннан  «Ару» есімді қызды іздеп әжелерінің сілтеуімен Аралға ат басын бұрады. Анда-мында сабылып, мұрағаттарды қазбалап  анамды 2 жылға тарта уақыт іздестіріп ақыры тауып келген жігіттер әлгі әжейдің шөберелері болып шықты. 60 жылға тарта уақыттан соң ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан құнды білезігінің табылғанына қуанған анам жігіттерге шапан жауып, құдайы қонақ қылып, ризашылығын білдірді.
Содан бері де 6 жыл уақыт өтті. Қазір анам 86 жаста. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 32 немере мен 48 шөберенің қызығына бөленіп отырған бақытты әже, – деп әңгімесін сабақтады Әлқожа аға.
         Бұл оқиға маған қатты әсер етті. Біз қу дүние деп жалған өмірде біліп те, білмей де күнәлі іс қылып жатамыз. Кейде көзіміз жетпей жатып өзгелерді айыптауға бейім тұрамыз. Хакім Абай айтқан  бес асыл іс – ынсап, ұят, ар - намыс, сабыр, талап екендігін естен шығармай, адалдықпен дүние жисақ «жанның жақұты» деген осы емес пе?
Н.БАХЫРАДИН.
12 наурыз 2018 ж. 2 151 0