Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Есірткіге байланған ессіз өмір

Есірткіге байланған ессіз өмір

Жолда келемін. Кең байтақ Жер-Ана төсінде мен мінген пойыз жыланша ирелеңдеп, зуылдап келеді. Шіркін, туған өлкенің сұлу табиғатына сірә, адам баласының көзі тойған ба?! Анам сол бір табиғаттың тамаша туындыларына терезеден тамсана қараумен келеді. Ал, мен болсам қарсы алдымда отырған бейтаныс жолаушының жабырқау жүзіне үңілумен отырмын. Ол әлсін-әлсін терең тыныс алып, ауыр күрсінеді. Кім біледі, бәлкім жанын жегі құртша жеген өзіндік өкініші болар. Күрсінген сайын сол өкінішін сыртқа шығарып, ағынан жарылғысы келетіндей. Мұңға толған жанары сол ауыр күрсіністің айғағындай. Мазасыз күй кешіп отырғаны айдан анық. Жолсеріктің келер жағына көп қарайлайды. Бір кезде көптен күткен адамы келгендей, орнынан ұшып түрегелді. Жолсерік келе жатыр екен. Әлгі бейтаныс кейуана оған қарсы жүрді. Бөгде жандардың әңгімесіне құлақ түрудің әдепсіздік екенін білсем де, естіген құлақта жазық бар ма?! Жолсеріктің «Бәрі жақсы, ұйықтап жатыр» деген дауысын анық естідім. Әлдебір жанға алаңдаған ана байғұс кері бұрылып, орнына жайғасты. Бірақ, көңіліндегі алаңдаушылық әлі басылар емес. Бір орында байыз таппайды. Бір нүктеге қадалған ананың жанарынан жас парлай ағуда. Орнымнан ұшып тұрып, кесеге су құйып бердім. «Сізде бәрі дұрыс па, су ішесіз бе?»,-деген сұраулы үніме, әлгі кейуана үнсіз ғана басын шайқады. Әлі күрсінуде. Ол күрсінген сайын менің де жаным ауырып кетеді. Әттең, шемен боп қатқан шер-мұңын ішіне сақтамай, сыртқа ақтарып салса ғой.
Менің анам мұғалім. Ол кісі адам баласының жан дүниесіне жол таба білетін кең жүректі адам. Кіммен болса да, тіл табыса алады. Мен анама қараймын, ол маған қарайды. Бір-бірмізді үнсіз түсіндік. Анам жайлап әлгі бейтаныс жанның қасына жақындады. Шайға шақырды, дәм ұсынды. Кейуана ешнәрседен татып алмады. Есесіне, «рахмет, рахмет, Алла разы болсын!» деген сөзді жиі қайталайды. Менің анам «Сізге қандай көмегім керек апа? Қатты қиналып отырсыз ғой, мұңды іште сақтаудың қажеті жоқ, қайғыны бөліссе ғана жеңілдейді, апатай»,-деп кейуанаға жақындай түсті.
         ...Ей, өмір-ай! Осыншама қатігез болармысың. Тәп-тәтті балапанымды осындай мақұлыққа қалай ғана айналдырып алдым екен?! Қай жерден қателестім?! Нендей пиғылымнан таптым екен?! Адам баласының тірі құбыжыққа айналуы осындай оп-оңай болар ма?!-деп, болған жағдайды басынан баяндады.
         Ол өмірге келгенде атасы ұлан-асыр той жасады. Ата-әжесінің аңсап күткен немересі болғандықтан, есімін «Аңсар» деп қойдық. Жолдасым екеуміз бақытты едік. Өмірдің осынау тәтті шақтарын сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Бір өкініштісі, Аңсардан кейін бала болмады. Бірақ, біз өте тәубешіл едік. Жаратқанның осы сыйына да разы болдық. Қамсыз-қарекетсіз Аңсарымызды өбектеп, бал қылығына тоймай уақыт өте берді. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәтінде де ел-жұртты шақырып, той жасадық. Өте ерке, өз айтқанын орындата білді. Сабақ үлгерімі де көңілге қонымды болды. Түрлі іс-шараларға араласып жүрді. Әртүрлі үйірмелерге әкесі екеуміз қолынан жетектеп жүріп, қатыстырдық. Адам баласы білу, үйрену керек деген өнер-білімді үйретіп бақтық. Дәулетіміз тасып жатпаса да, жалғыз баланы еш нәрседен кем қылмауға тырыстық. Солай болды да. Бақытымызға орай, Аңсарымыз да айқтанды тез ұғатын, өте зерек бала болып өсіп жатты. Біздің бақытымыз баянды боларына кәміл сендік. Аңсарымызға да риясыз сенімді болдық. Ол барлық нәрсені дұрыс жасайды, дұрыс шешім қабылдай біледі, бізді ренжітпейді деп сендік. Оның әрбір шешімін құптап, қолдап отырдық. Мектепті бітіріп, мамандық таңдар сәтте де оның шешіміне қарсы келмедік.
Студенттік өмірінің алғашқы жылы да басталды. Баламның мектептегі достарының үйге келуі сиреп, орнына басқа достары келе бастады. Араласатын ортасы өзгергенін байқадық. Үйге жиі келмей қалатын кездерін «сабаққа дайындалдық, жатақханада қонып қалдым» деген сылтаулармен түсіндіретін болды. Бұған да сендік. Соңғы кездері мінезі өзгеріп, ашуланшақ болып кетті. Біз мұны сабағы қиын болғандықтан шығар деп топшыладық. Күнделікті шығаратын шығынының да мөлшері ұлғая бастады. Мұны да түсіндік. Жігіт қой дедік. Бізбен санасуды да, сөйлесуді де мүлдем доғарды. Әттең, сол кезде білсемші?! Араласатын достарын дұрыс тани алмаппыз. Олардың кім екенінде де шаруамыз болмапты. Бәлкім, біздің басты қателігіміз осы болған шығар?!
Оны араласатын ортасы бұзды. Бастапқыда ішімдікке сылқия тойып келетінді шығарды, одан соң түсініксіз мінездер пайда болды. Күнделікті ақша талап етумен қатар, үйдегі барлық пайдалы заттарды өзімен бірге алып кетіп, қайта әкелмейтін болды. Ең сорақысы, әкесі екеумізге қол көтеретінді шығарды. Ол есіктен кіріп келе жатса, біз құбыжық көргендей қорқатын болдық. Ақыры әкесі мүгедек болып қалды. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын жағдайға жетті. Баламды құқық қорғау органдарының қызметкерлері жиі іздеп келе бастады. Ұрлық жасайтын болды. Сонымен не керек, Аңсарымызды емдету керек болды. Ол өздігінен келіспеді. Оған да құқық қорғау органының қызметкерлері көмекке келді. Солардың көмегімен оны бірнеше рет обылыс орталығына емделуге алып бардық. Алайда, ешқандай нәтиже болмады. Тек уақытша тыныштандырумен ғана шектелді. Қазіргі медицинаның оны құлан-таза емдеуге қауқары жеткенмен, емделушінің ерік-жігері мықты болуы керек. Емделуші өмірге ынталы болуы керек екен. Ал, менің Аңсарымның бойында ондай қасиет болмады. Қазір міне, үш жыл болды. Аңсар өздігінен жүріп-тұра алмайтын халге жетті. Осылайша, өрімдей жас, өсіп келе жатқан азаматтың өмірі демде тас-талқан болып, жас жапырақ мезгілінен бұрын солды. Ол мүгедек атанды.
Қазір мен екі бірдей атпалдай, тепсе темір үзетін азаматтарымның аузына су тамызып, қолдап тамақтандырып отырмын. Өзімнің де денсаулығым мәз емес. Қан қысымым жиі жоғарылап кетеді. Жаратқаннан жатсам, тұрсам жаныма медет сұраймын. Маған алда-жалда бірдеңе бола қалса, жолдасым мен балама кім медеу болмақ?! Қазір де, Аңсарымды кезекті еміне апарып келе жатырмын. Ол жолсеріктің бөлмесінде жатыр.  
Талай шаңырақты ортасына түсіріп, талайдың бақытын баянсыз еткен «Есірткі» дейтін тажалмен мына қоғамның күресуге тым дәрменсіз болғаны мені қынжылтады,-деп, сөзін түйіндеді жол үстіндегі бейтаныс жан.
Шындығында, талай тар жол тайғақ кешуде тығырықтан жол таба білген ата-бабаларымыздың дәстүрін жалғар азаматтарымыз көп болса, әлгіндей жағдайлар жиі орын алмаған болар еді. Өсіп келе жатқан буын көктей солмас еді. Біз ол үшін күш біріктіріп, келер кеселден қазіргі буынды қорғауымыз керек деп білемін.
Әсия Жанболатқызы,
№2 облыстық арнайы санаториялық
мектеп-интернатының оқушысы.
17 ақпан 2018 ж. 1 225 0