Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2018 жылдың әлем күткен ең таңдаулы жеті жекпе-жегі

2018 жылдың әлем күткен ең таңдаулы жеті жекпе-жегі

 Биыл бокс әлемін нендей ірі жекпе-жектер күтіп тұр? Жанкүйерлер қандай айқастар көргісі келеді? Diamond Ring 2018 жылдың ел күткен ең таңдаулы жекпе-жектерінің рейтингін ұсынады.
 2017 жыл кәсіпқой бокс әлеміне бірнеше ірі жекпе-жек сыйлады. Флойд Мэйуезер шаршы алаңдағы соңғы айқасын өткізіп, Конор Макгрегорды жеңді. Геннадий Головкин ақыры Сауль Альвареспен кездесті. Владимир Кличконы нокаутқа түсірген Энтони Джошуа украиналық ағайынды алыптардың дәуірін келмеске кетірді. Василий Ломаченко кубалық Гильермо Ригондоны тоқтатты. Айта берсең, тізімді үздіксіз жалғастыра беруге болады. Ал 2018 жылы бокс әлемі мына жекпе-жектерді күтеді.
7-орын (Жартылай ауыр салмақ)
Артур БЕТЕРБИЕВ (Ресей) /12-0, 12КО/ – Адонис СТИВЕНСОН (Канада) /29-1, 24КО/
  «Енді мен Адониспен айқасқым келеді. Болмаса, Бивол немесе Ковалев», – деген болатын өзінің соңғы жеңісінен кейін Артур Бетербиев. Расымен де, Бетербиев пен Стивенсонның жекпе-жегін күтіп жүргендер көп. Екеуі де мықты боксшылар, бір-бір тұжырымның чемпиондары. Ендеше WBC мен IBF чемпиондық белбеулерін біріктіруге не кедергі? Бұл жекпе-жек расымен де қызықты өтер еді. Бетербиев нокаутер, ал Стивенсон шаршы алаңда билей де біледі. Дегенмен, Артурға Адониспен айқасу үшін Канадаға баруға тура келетін шығар. Өйткені, «Супермен» өмірінде екі-ақ рет АҚШ-та жекпе-жек өткізген.
6-орын (ауыр салмақ)
Александр УСИК (Украина) /13-0, 11КО/ – Мурат ГАССИЕВ (Ресей) /25-0, 18КО/
  Өткен жылы қолға алынған World Boxing Super Series жобасы бокс жанкүйерлері үшін керемет сый болды. Мықтыларды бір турнирге тоғыстырған жобада Александр Усик пен Мурат Гассиев те бар. Ширек финалдық айқастарын жеңіспен аяқтаған олар бүгінде жартылай финалға дайындалуда. Украиналықтың жекпе-жегі 27 қаңтарда Ригада өтеді. 23 айқасының барлығында жеңіске жетіп, оның 18-ін жеңіспен аяқтаған латвиялық Майрис Бридиске қарсы шаршы алаңға шығады. Ал Мурат Гассиев Адлерде кубалық «қара маржан» Юниер Дортикоспен айқасады. Ол да мықты. 22 рет шаршы алаңға шығып, барлық қарсыласын ұтқан. 21-ін нокаутқа жіберген. Дегенмен, көпшілік мамандар финалға Усик пен Гассиев шығады деп отыр. Расымен де, бұл әлем күткен айқас. Усик тек нокаутер ғана емес, шаршы алаңда өзін ауыр емес, орта салмақтың боксшысы ретінде ширақ сезінеді. Ал Гассиевті Геннадий Головкинмен салыстырып жүргендер көп. Ендеше 2018 жылдың екінші жартысында бізді тамаша жекпе-жек күтіп тұр.
5-орын (орта салмақ)
Геннадий ГОЛОВКИН/Сауль АЛЬВАРЕС – Билли Джо СОНДЕРС (Ұлыбритания) /26-0, 12КО/
  Соңғы жекпе-жегінде Канадада жергілікті Давид Лемьені мазақ етіп жеңгеннен кейін бокс әлемінің Билли Джо Сондерске деген пікірі өзгерді. Бұрынғыдай күмәнмен емес, құрметпен қарайтындар көбейді. «Сондерс ІQ деңгейі жоғары Triple G немесе Канело сынды боксшыларға қарсы шаршы алаңға шығып көрсе қалай болар екен?» деген сынды әңгімелер де айтыла бастады. Шынымен де, жылдың соңында Головкин мен Альварестің қай жеңгені ұлыбританиялықпен жұдырықтасар болса, орта салмақ дәрежесінің соңғы 10-20 жылдықтағы ең үлкен айқастарының бірі болар еді. Оның үстіне, жеңімпаз осы салмақтың абсолютті чемпионы атанады.
4-орын. Жартылай орта салмақ
Теренс КРОУФОРД (АҚШ) /32-0, 23КО/ – Кит ТУРМАН (АҚШ) /28-0, 22КО/
  Бірінші жартылай орта салмақтың абсолютті чемпионы атанып, жартылай орта салмаққа ауысқан Теренс Кроуфорд шаршы алаңға бірден мықтыларды шақырды. Арасында Кит Турман да бар. Бірақ, Турман Кроуфордпен айқасуға асықпайтын секілді. «Алдымен осы салмақта өзінің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдесін» деп міз бақпай отыр. Дегенмен, америкалық жанкүйерлер осы екеуінің жекпе-жегін көргісі келеді. Жалпы, Флойд Мэйуезер мен Андре Уорд кеткеннен кейін олардың орнын кім басады деп америкалықтардың бастары қатып жүр. Үміткер төртеу. Басты үміткерлер алтау. Кроуфорд пен Турманнан бөлек, Майки Гарсия, Эрол Спенс, Джермал Чарло және Деонтей Уайлдер. Сондықтан, боксшылар да жанкүйерлерінің идолы болу үшін бар күштерін салары сөзсіз.
3-орын (Жеңіл салмақ)
Майки ГАРСИЯ (АҚШ) /37-0, 30КО/ – Василий ЛОМАЧЕНКО (Украина) /10-1, 8КО/
  Василий Ломаченко жақында ғана жеңіл салмаққа ауысатынын мәлімдеді, ал Майки Гарсия керісінше, бірінші жартылай орта салмаққа ауысып кетті. Сондықтан болар, көпшілік әлемдік басылымдар Ломачтың венесуэлалық Хорхе Линареске қарсы шаршы алаңға шыққанын күтетінін жазып жатыр. Дегенмен, Ломаченконың кезекті рет қарсыласын мазақ қылып ұтқанын көргенше, лайықты қарсыласпен айқасқанын тамашалаған жақсы. Ондай қарсылас – Майки Гарсия. Бұл жекпе-жектің PPV сатылымы орасан болары да даусыз.
2-орын (орта салмақ)
Геннадий ГОЛОВКИН (Қазақстан) /37-0-1, 33КО/ – Сауль АЛЬВАРЕС (Мексика) /49-1-2, 34КО/
  Өткен жылғы айқастан айтылмай қалып қойған бір түйін қалды. Жанкүйерлер P4P мықтысы кім екенін сол күйі біле алмады. Бірі Геннадий Головкин басым болды десе, екіншілері Сауль Альварестің мықтырақ болғанын айтып жатыр. Бәлкім, жауабын 5 мамырда білетін шығармыз. Америкалық БАҚ бұл екеуінің «Синко де Майо» мерекесінде кездесетінін жазып жатыр. Біз де асыға күтеміз.
1-орын (аса ауыр салмақ)
Энтони ДЖОШУА (Ұлыбритания) /20-0, 20КО/ – Деонтей УАЙЛДЕР (АҚШ) /39-0, 38КО
  Ағайынды Кличколардың дәуірі өтіп, аса ауыр салмақ дәрежесіне жан кіріп қалды. Ал егер биыл Джошуа мен Уайлдер айқасар болса, онда бұл осы салмақтың жаңа даму кезеңінің алғашқы қадамы болар еді. Екеуі де мықты боксшы. Америкалықта WBC чемпиондық белбеуі бар, қалған үшеуі ұлыбританиялықта. Ал ең бастысы, екеуінің де жұдырықтасу мәнері Кличколардыкіндей емес, яғни іш пыстырмайды.
16 қаңтар 2018 ж. 1 338 0