Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ӘСЕРЛЕНБЕЙ ӘН ЖАЗА АЛМАЙМЫН

ӘСЕРЛЕНБЕЙ ӘН ЖАЗА АЛМАЙМЫН

Ол студент кезінде жазған бір ғана туындысымен-ақ біраз тыңдарманның жүрегіне жол тапқан. Қазақ эстрада жұлдыздарының бірқатарының репертуарынан оның лирикалық шығармаларын табуға болады. Жақында сазгер, әнші Үкітай Ерниязовпен сұқбаттасудың сәті түсті. Ауылда музыкаға құмар боп өскен бала, бүгінде Астанада. Алайда ауылға деген көңілі алабөтен. Жұрт оның әндерін сүйіп тыңдағанымен өзі жайында аз біледі. Сондықтан жерлесімізбен жақынырақ таныса түссек дедік. 
         — Сіз туралы айтылғанда мені ойландырған бірінші сұрақ — шығармашылық орта болмаса, жалпы көпшілік тани бермейді. Әндеріңізді білгенімен, авторын танымай жатады. Әнші, сазгер, жыршылығыңыз бар? Неліктен жұрттан жасырын жүрсіз?
         — Бұл танымалдыққа қызықпағандықтан шығар. Жұртқа көрінейін деп ойланған емеспін. Әйтпесе, осыған дейін бір концерттік ән жазып, біршама шығармашылықпен айналыстым. Қазіргі қазақ эстрадасының жұлдыздары әндерімді орындап жүр. Дегенмен, соңғы кезде сіз қойған сұрақ туралы ойланып жүрмін. Себебі, қазір ән жазу, оны орындау жеткіліксіз. Міндетті түрде жарнама жағын да қарастыру керек. Осы жағы менде кемшін түсіп жатыр. Бірақ қазір барынша жұмыс жасап, жарыққа шығуға талпынып жүрмін. Тыңдармандарды әлі жақсы туындылармен қуантамын.
         — Барлық әнші-сазгерге қойылатын сауалды мен де қояиын. Шығармашылық жолыңыз жайлы бірер сөз. Сіздегі бұлақтың қайнары қайда жатыр?
         — Жүз елуге жуық түтіні бар шағын ғана ауылда туып-өстік. Бала кезден музыкаға құмар болдым. Ес білгелі домбыр шертетінімді білемін. Үйдегілердің айтуы бойынша, естіген музыкамды домбыраға салып әкетеді екенмін. Өнер қанмен келген. Өз жағым да, нағашы жұртым да муызкадан кенде емес. Әкем Қазалы, Аралдағы ансамбльдерде күйші болған. Ақындығы бар. Анамның ағалары да оқымаған муызканттар. Тек арнайы білім болмағандықтан, бұл салаға қызықпағандықтан өнер жолына түспеген. Біздің бүгін әуен шығарып жүргеніміз солардан қалған жұғын ғой. Отбасында сегіз болсақ, соны барлығы да аспапа та ойнайды. Бірақ сол сегіздің екеуі ғана өнер жолын таңдады. Тек әпкем екеуміз ғана шығармашылықта жүрміз.
         — Елге жиі барып тұрасыз ба?
         — Ауылға біраз болды бармағалы. Бірақ сағынып жүрмін. Тартып кетейін десем, үйдегілер жол жоқ деп отыр. Қар қалың түсіп, күн борап кетіпті. Сонымен жете алмай отырмын.
         — Туған жерге келіп, жеке концерт беретін ой жоқ па?
         — Жалпы шығармашылық кеш беру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. әл-Фараби деген өмірде де, өнерде де бірге келе жатқан досым бар. Екеуміз біраз ән жаздырдық. Дуэт болып бір концерт беру ойда бар. Қазір менің әнімді орындап жүрген қазақ эстрада жұлдыздарын шақырып, үлкен кеш өткізуге болар еді, оған қаржы жағы қолбайлау болып тұр.   
         — Студент кезде жазылған алғашқы туындыларыңыздың бірі «Сен сүйген ару» әні халықтың жүрегінен орын алған ерекше шығарма. Әдемі әннің артында әсерлі тарих жататыны белгілі… 
         — Әндерімнің көбінің өзіндік тарихы бар. Музыка деген тебіреністен туады ғой. Мен еш әсерлерленбей ән жаза алмаймын. Бұл менің тырнақалды туындым десем болады. Толқыныспен, ерекше сезіммен шыққан ән. Көз алдымда өткен оқиғадан туған еді. Ол кезде Қызылорда музыкалық колледжінде 3-курста оқимыз. Жатақханада бірге жатқан досым бір қызға ғашық болды. Бірақ сезімін жасырып, сөз айтуға батпады. Өзі ұяңдау еді. «Осылай жүре бересің бе, жақсы көретініңді айт» деп күнде қинаймыз. Содан бір күні бекінді. Ол жақсы көретін қыз жатақхананың төменгі қабатында тұратын. Қалайдаайтамын деп шығып кеткен, 15-20 минуттан соң есікті бір теуіп бөлмеге қайта кірді. Ашумен кірген түрінен не болғанын түсіндік. Сөйтсек, ол қыз бір апта бұрын ғана бір жігітпен уәделесіп қойған екен. Бірақ, ол қыз досыма «Неге ертерек айтпадың…» деген өкінішін білдіріпті. Осылай жолдасымның сөзі кеш қалды. Қатты қиналды. Алдыңғы қатарлы студент еді, сабағы құлдырады. Өзі тәп-тәуір ақын болатын. Түнімен ұйықтамайды, өлең шығарады. Бірақ сол шумақтарының алғашқы да, соңғы да тыңдаушысы мен болдым. Оқып болған соң жыртып, терезеден лақтырады. Бір күні жазған өлеңін алып тығып қойғам, естелік болсын деп. Кейін тауып алып оны да лақтырыпты. Осы оқиғаны қазір күліп еске аламыз ғой. Дегенмен, сол кезде қатты қиналған. Осы әсер етсе керек, табан астында қайырманың «Нәп-нәзік сұлу, сен сүйген ару, Арманы бөлек, талғамы басқа» деген екі жолы өзінен-өзі ойға оралды. Сонымен осыны дамытып, ән жарыққа шығып, сол кезде кеңінен тарап кетті. Мұны алғаш Данияр Сағынтаев деген Ақтөбенің әншісі орындап, кейін Мақсат Базарбаев алды.
         — «Найзағай көңіл» әнін актер Досхан Жолжақсынов та өзіне қатты ұнағанын айтты. Шынында да ерекше лирикалық туынды. Алайда, әннің екі нұсқасы бар. Неліктен?
         — Негізі бұл ән де жүрек түбін жарып шыққан ән. Бұған да ерекше оқиғаның әсері  болды. Тарихын айтар болсам ұзаққа созылуы мүмкін. Негізі мұның тарихын сөзін жазған әл-Фараби досым жақсы айтады. Тіпті, арнайы мақалаға арнау  етуге болады…
         — Ендеше ән тарихын асықпай тыңдап, алдағы газет санына жеке жарияласам деп отырмын.
         — Мейлі, ол да дұрыс. Әннің неге екі нұсқасы бар деп сұрадыңыз ғой… Басында мұны Төреғали алды. Әннің жауабын алты ай күттік. Бір күні ол сөзін өзгертіп қайта жіберіпті. Әнді өзгерген күйі шығарып жіберген екен. Мәтінін ауыстырғаны жайлы бізге ескерттім деп ойлапты. Содан кешірім сұрады. Бірақ кешірімді менен емес сөзін жазған әл-Фарабиден сұрау керектігін айттым. Олар өзара сөйлесіп, келіскен екен. Енді бір анадан тумаса да, Сыр ананың төл перзенттері ғой. Дегенмен, әннің бұрынғы нұсқасын да орындап шығару керек деп шештім. Себебі, ондағы сөздер өте мазмұнды әрі құнды. Тіпті, тағдырлы шығарма десек болады. Мәтіні 10 жыл дегенде жазылып біткен. әл-Фарабиден өлеңнің тарихын ести отырып, ерекше толқыныспен туған ән ғой. Сондықтан ескі нұсқаның да қатар жүргенін қаладым.
         — Кімнің әндерін көп тыңдайсыз?
         — Сүйікті әншім — Мейрамбек Беспаев. Жүрегіме жақын, қуат алатын тағы бір әнші — Еркін Нұржан.
         — Сізді ұстаздықпен айналысып жүр деп естуші едік? Шәкірт тәрбиелеудің қандай қиындығы бар?
         — Иә, негізі шамалық уақыт сабақ бердім. Мен бұдан қиналмаймын, тек жауапкершілігін сезінем. Өзім жақсы көретін істен ләззат аламын. Дегенмен, қазір сабақ беруді тоқтаттым. Тек толықтай өзімнің шығармашылығымды дамыту үстіндемін.
         — Үкітайда бос уақыт бар ма? Болса оны неге жұмсап жүр.
         — Бос уақытта үйдегі аспаптарға тыныштық бермеймін. Негізі қазір артылған сағаттарымды шығармашылыққа арнап жүрмін. Сосын балаларыма көп көңіл бөлемін.
         — Ендеше осы уақытыңыздың өтеуіндей халық сүйіп тыңдайтын әндеріңіз көп болсын. Сұқбатыңызға рақмет.
Әңгімелескен: Мәди ҚҰРМАНӘЛІ
13 ақпан 2018 ж. 1 596 0