Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кердері шаһары жайлы не білеміз?

Кердері шаһары жайлы не білеміз?

Тарихтың түп-төркініне үңілген археологтер жаңа мыңжылдықтың басында тәмам елді таңғалдырған жаңалықты жалпақ елге жария етті. Қаншама ғасырдың куəсі болған Арал теңізінің тартылған табанынан көне шаһардың орны табылды.
Табиғат тылсымы тағы да сырын ішіне бүккендей. Болмаса, талай жылдар бойы теңіздің астында ескі қаланың орны болды деген ұғым ешкімнің қаперіне кіре қойған жоқ. Ғалымдар теңіздің тартылуы жайында түрлі жорамалдар айтатын. Арал белгілі бір уақытта кейін шегініп, қайта толып жатады екен. Қолда дəлел жоқ. Оған көпшілік күмəнмен қараған-ды. Мына жағдай сол болжамды тағы да еске салғаны жасырын емес.
Археологтер көне шаһардың орнын тапқанына да он жылға жуықтап қалыпты. Содан бері бұл аумақ ғалымдардың негізгі зерттеу нысанына айналып келеді. Еліміздің іргелі ғылым ордасы-Ə. Марғұлан атындағы археология институтының мамандары аталмыш орында бірнеше мəрте болды. Əрбір сапарында ескі қаланың ел біле бермейтін жаңа қырларына зер салып жүр. Институттың басшысы Карл Байпақов көпшілікке өз көзқарасын білдірді. Осы салада мол тəжірибе жинақтаған ғалым археологиялық мекен Кердері дəуірімен байланысты деп ой түйіндейді. Сол себепті, қала аты да шартты түрде Кердері деп аталды. Ежелгі замандарда осы аумақта адамдар өмір сүрген. Əрине, оны нақты айтуға əзірге ертерек. Өйткені, бұл бағытта тасқа басылған құжаттар саны кемде-кем. Оны зерделеу қаншама уақытты қажет етеді. Ғалымдар бірнеше жылды осыған арнауы тиіс. Көзбен көрген адам теңіз табанындағы көне жəдігерлер жайында өзінше ой түйіндері хақ. Ескі заманда өмір сүрген ата-бабаларымыз салтанатты құрылысты тұрғыза білген. Жəдігерлер көп жылдар бойы теңіздің табанында жатты. Алайда, олардың арасында сырын бере қоймаған дүниелер аз емес. Көздің жауын алатын керамикалық өрнектер де еріксіз таңдай қақтырады.
Алдын ала болжамдар жасалып отыр. Ғалымдардың бұл пікіріне құлақ асуға болады. Осы маңайда Алтын Орда дəуірінің адамдары өмір сүрген. Өйткені, жақын маңайда сол дəуірдегі есімі елеулі тұлғалар мəңгілік мекенін тапқан болуы кəдік. Қаланың аумағы алты гектарға жуық. Ондағы құрылыс нысандары XIII-XIV ғасырлардағы Алтын Орда кезінде салынған деуге негіз бар. Себебіне үңіліп көрелік. Сол кезде əрбір шаһардың сəн-салтанатына ерекше мəн берілген. Ғалымдар оған дəлел боларлық дүниелерді кезіктірді. Атап айтқанда, бұл аумақта кірпіш күйдіретін шеберханалар бар көрінеді. Тіпті, керамикалық заттар сақтайтын қоймалар жасау да ұмыт қалмаған. Сондай-ақ, шаһардың тұрғындары егін егуден де құралақан болмағанға ұқсайды. Себебі, қалада астық сақтайтын орындар кездеседі.
Осы маңайдан табылған Кердері кесенесі де бүгінгі ұрпаққа құпиясын аша бермейді. Оның көлемі 50 шаршы метрді алып жатыр. Кесене қабырғалары дүниенің төрт бұрышына қараған. Ұзындығы 23 метрге жетеді. Ені 8 метрге жуықтайды. Онда сəулет өнерімен қаланған адамның сағанасы бар. Келесі бөлмесі зиярат жасайтын орын болғанға ұқсайды. Ал, батыс бөлігінде намаз оқылатын бөлме орналасқан екен. Кесене маңайында адамдар жерленген. Амал қане, кесене жайында қолда көп дерек жоқ. Алайда, Н.Веселовский, С.Аманжолов, М.Тынышбаев жəне С.Толстов еңбектерінде кесененің орналасқан жері Хорезм елінің аумағы дейтін деректер кездеседі. Ғалымдардың айтуынша, Арал сол ғасырларда Кердері теңізі деген атауды иеленген екен. Қалай десек те, теңіз табанынан табылған қала қалың көпшілікті де, ғалымдарды да үлкен ойға қалдырды.
Көне заманда өркениетті өмірдің көшіне ілесуге ұмтылған ата-бабаларымыз қаншама құндылықты артта қалдырып кетті. Дегенмен, бізде өзге елдермен салыстырғанда, археология ғылымы енді-енді ғана өркенін жайып отыр. Сондықтан, əлі күнге дейін түп-төркінімізді тап басып тани алмай келе жатқанымыз жасырын емес.
Арал теңізі аумағында 60-қа жуық тарихи жəне сəулет ескерткіштері бар. Мəдени мұрамызды ұлықтау-басты парызымыз. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін көп нəрседен кенже қалып отырмыз. Ұлтымыздың тереңнен тартқан тарихы бар екенін осындай көне орындар əйгілеп отыр емес пе? Əзірге болжам айтудан арыға бара алмаймыз. Оның қашанға дейін созылатыны жəне белгісіз.
Бағзы замандарда Аралдың Каспиймен қосылып жатқаны жайында түрлі деректер бар. Нақтырақ айтқанда, кайнозой дəуірінің орта шенінде қоршаған ортаның заңдылығымен дəл осындай көрініс болған екен. Бұл шамамен 21 млн. жылдай бұрын деуге негіз бар. Бір қызығы, дəл осы байланыс беріге дейін жалғасқан. Осыдан бес ғасырдан астам уақыт бұрын да сол жағдай жағасындағы елдің көз алдындағы көрініс болғанға ұқсайды. Жалпы алғанда, Каспий теңізі əлемдегі ең тұйық көл саналғанымен, іргесі бөлінбеген қос су айдыны бүгінгі заманнан 12-13 мың жылдай бұрын Қара теңіз бен Жерорта теңізі арқылы əлемдік мұхитпен шектескен өте ірі су айдыны болған деседі. Бір сөзбен айтқанда, Арал теңізінің біз білмейтін тылсым сырлары көп секілді.  
Ə.Талаптан.
20 желтоқсан 2017 ж. 2 931 0