Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жердің төсінде тер төккен

Туған жердің төсінде тер төккен

Бүгінгі таңда егеменді ел атанып, дүние жүзіндегі отыз мемлекеттің қатарына қосылуды мақсат етіп отырған еліміз Қойбағардай ағамыз аңсаған биіктерден көрінуіне мүмкіндіктері мол жетерліктей. Ең алдымен, бізде асты мен үсті қазынаға толы жер байлығы бар. Соның бірі де бірегейі «Аралтұз» комбинатының даңқы жер жаратын. Бұл кен орны бұрын да, қазірде, болашақта да солай болып қала бермекші. Иә, айтса айтқандай, Арал тұзын тіршілік тынысына арқау еткен тұтынушылар алыс-жақын мемлекеттерден, еліміздің түкпір-түкпірінен бұрынғы комбинат, қазіргі акционерлік қоғаммен байланыс жасалуда. Әрине, қасиетті тұз тағамының керек емес жері бар ма? Барлық елмен де іскерлік, ынтымақты байланыс орнатып отырған дұрыс. Әлгі мемлекеттерден келген тұз алушыларды шеттетпей, жоғалтып алмай, іскерлік байланыс орнату керек. Міне, сол кездегі комбинаттың тұз сату бөлімінің бастығы Қойбағар  (Қойшыбай) Аяқбаевтың ұстаған бағыты осындай еді.
Комбинаттың үлкен жетістікке жетуіне Қойбағар Аяқбаевтың сіңірген еңбегі зор деп айтуға толық негіз бар. Жалпы, Қойшыбай ағамыздың өмір жолы бүгінгі жас жеткіншектерге үлгі-өнеге десек те болады.
Жақсықылыш тауының баурайында орналасқан кеншілер қыстағында Қойбағар ағамыз туып-өсті. Ауыл мектебінде оқып білім алған бала Қойшекең 1960 жылы Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, техник-механик мамандығын алып шығып, комбинатта алғашқы еңбек жолын бастайды. Білімге зерек бозбала 1964 жылы Өскемен қаласындағы құрылыс-жол институтына түсіп, 1969 жылы инженер-экономист мамандығын алды. Бітірген соң оған Ресей және де басқа облыстарға, басқа кәсіпорындарға баруға жолдама ұсынылды. Дегенмен, оның туған топырағы, туған жері, алтын бесікке балаған Жақсықылыш қыстағында орналасқан, сол кезде де даңқы жер жарған «Аралтұз» комбинаты тартты да тұрды. Осылайша, білімді жас ауылында қалып, еліме осы жерден пайдам тисе екен деп армандады. Арманы алдамады. Еңбегі жанып, тасы өрге домалады. Сөйтіп ол дегеніне жетті. Білімін тәжірибеде көрсете алды. Комбинат басшылығы Қойшекеңді керек кезінде, керек деген жерде пайдалана білді. Оның болашағына үлкен әсерін тигізген осы комбинаттағы еңбек еткен жылдардағы көптеген кедергілер мен қиындықтарды жеңе отырып ашқан жаңалықтарын тұз сату бөлімінің бастығы болған соң Қ.Аяқбаев сол жылдары жиі-жиі өткізіліп тұратын бүкілодақтық көрмелерге, жәрмеңкелерге қатысып, қол жеткізген жетістіктерін апаратын. Негізгі мақсаты-тұтынушылардың талғамын зерттеу, тұз өнімдерін өндіруді жетілдіретін, оның ассортименттерін көбейтетін жаңа техникалармен, технологиялармен танысу, Арал тұзының артықшылығын насихаттау болатын. Қойбағар ағаның бойындағы табиғат сыйлаған таланты, еңбексүйгіштік және табандылық қасиетінің арқасында келген жеңістер еді.
Иә, Қ.Аяқбаев бақсарған бөлім ұжымының жемісті еңбегінің арқасында ол кездері Арал тұзын сатып алатын заңды тұлғалардың саны 3,5 мыңға жеткен еді. Тұз тіпті сол жылдары Одақтан да асып, шет елдерге жөнелтіліп жатты. Сапасы жоғары болған соң, сұраныс та артты.
Еңбегі жоғары бағаланып, оны комбинаттың жоспарлау-экономикалық бөлімінің бастығы, бас экономист қызметтерін атқарып жүрген жылдары басқа қырынан танылды. Бұл жылдар ішінде ол бірнеше рет өңделген ас тұзының көтерме сауда бағасының жобасын жасап, оны Одақтық мемлекеттік баға комитетінде қорғап шыққан еңбегі Тамақ өнеркәсібі министрлігінен жоғары бағаланды. Содан соң бұл баға республика территориясындағы тұз өндіретін кәсіпорындарда қолданылды. Сөйтіп, ол бағалау саясатының тиімділігін дәлелдеу үшін КСРО мемлекеттік жоспарлау комитетінде талай мәрте болып, өз ұсынысын дәлелдеп шықты. Әрине, бұл тек айтуға ғана жеңіл, бірақ сол кезде жүректілікті, табандылықты қажет ететін жауапты жұмыс еді.
Қойшекеңнің бойында табандылық та, білімділік те, өз көзқарасын батыл айтып, соны қорғай алатын ерік-жігер, батылдық, өжеттілік те мол болатын.
Одақтың кезінде 32 тұз өндіріп, өңдейтін, өткізетін кәсіпорын жұмыс істеді. Солардың ішіндегі рентабельдігі жоғары кәсіпорынның бірі-«Аралтұз» комбинаты болды. Бұл ұжым талай бүкілодақтық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлдегер атанды. 70-тен астам бірінші дәрежелі сыйлықтармен марапатталды. Комбинат ұжымының озық іс-тәжірибесі зерттеліп, жинақталып, облыс, аудан кәсіпорындарының арасында іс-тәжірибесі таратылды.
Бар саналы өмірін халық, ел игілігіне арнап, осынау комбинаттың қол жеткен табыстардың ішінде Қойбағар (Қойшыбай) Аяқбаевтың да лайықты сүбелі үлесі бар.
«Өзің үшін өмір сүру-озбағарлық» деген екен Батыстың ұлы ойшылы Шекспир. Ал, біз әңгіме еткен өнегесін жастарға үлгі еткен Қойшекең де, өнегесін үйренген еңбек адамдардың барлығы да елі үшін елеулі еңбек етті. Қойбағар аға Арал тұзшыларының абырой-даңқының артуына елеулі үлесін қосқан, аға ұрпақтың жақсы дәстүрін өздерінің биік мақсат-мұраттарға толы жанқиярлық еңбектерімен жалғастырған небір ардагер азаматтардың ортасында болды. Қызықты да, қиындықты да солармен бөлісті. Олар: Социалистік Еңбек Ері Әбжәми Сарымсақов, Әнәпия Жолмырзаев, Әбсат Сақтағанов, Тоха Сейітов, Жанғабыл Серікбаев, Садақбай Ахметов, Сақташ Байназаров, Қараман Ерлепесов және басқалар. Бұл өнегелі жандардың кейбірі бүгінде арамызда жоқ. Кейбірі құрметті демалыста. Еңбек көрігін қыздырып жүргендері қаншама. Иә, ерін елі бағаласа, елін ері өрге көтерсе, осының өзі бір ғанибет емес пе?
Атам қазақ «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» демей ме. Көпті көріп, топқа кірген жігіттің төңірегіндегілерге тигізер шарапаты аз болмаса керек. Данышпан ұлы ақын Абай: «Адамға ең керегі-ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»  демей ме, осы асыл қасиеттің бәрі Қ.Аяқбаевтай азаматтың бойынан табылар еді.
Қойшыбай аға «Аралтұз» комбинаты ұжымындағы еңбекқорлық, ауызбіршілік қасиеттердің қалыптасуына, моральдық-психологиялық ахуалдың жақсаруына аянбай атсалысқан білікті де білімді маман. Оның бұл таланты комбинат парткомының хатшысы, комбинат кәсіподақ комитетінің төрағасы, халықтық бақылау комитетінің төрағасы, қыстақтық кеңестің депутаты, Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының мүшесі, «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы іспетті талай жауапты қызметін атқарған кезінде кеңінен танылды. 1978 жылы Мәскеуде білім жетілдіру институтының курсын, ал, 1979-1981 жылдары Жоғары саяси партия оқуы Марксизм-Ленинизм университетін үздік бітірген. Комбинатта тұзшыларды, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, еңбек мүгедектерін, аналар мен балаларды әлеуметтік қорғаудың тұрақты жүйесі құрылды. Қойбағар Аяқбаев жастар тәрбиесіне де көп мән берді. Сол кездері ел болашағы жастарды жұмысқа ұйымшылдықпен жұмылдыра білген ол жастарды қоғамдық жұмысқа да баулыды. Комбинатта, қала берді кентте талай игілікті істерді жүзеге асырды.
«Аралтұз» комбинаты «Аралтұз» АҚ-ы болып қайта құрылды. Уақыт өзгерді. Жаңа өндірістік қатынас қалыптасты. Қ.Аяқбаев жаңа құрылымнан да өз орнын тапты. АҚ-ның қаржы-экономика жөнінде басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Оның іскерлік қабілетінің танылған бір тұсына тоқтала кетейін. Уақыт акционерлік қоғамның бухгалтерлік есеп-қисабын жүргізудің жаңа ережесін жасап, өмірге енгізу міндетін қойды. Бұл міндетті АҚ-ның қаржы-экономика жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Қойбағар Аяқбаев абыроймен атқарды. Ереже жасалып, өндіріске енгізілді. Мұнан былай АҚ-ның бухгалтерлік есеп-қисабы халықаралық стандартқа сай келетін болды. Бұл енді бухгалтерлік есеп-қисап жүргізу ішінде мүмкін болар шикіліктің бәріне тосқауыл қойылды деген сөз. Еңбек еріне лайықты іс атқарған, бар саналы ғұмыры туған жердің төсінде өткен атпал азаматтың өмір жолы өнегеге толы. Сегіз қырлы, бір сырлы ағамыздың ақындық таланты өз алдына бір төбе. «Аралтұз» АҚ-ның 75 жылдық мерейтойына арналған «Аралдың ақ алтыны» атты кітаптың авторларының бірі. Өзінің «Жыр сандығын ашайық» атты жыр кітабы оқырмандарға жол тартты. Әлі де бір түйеге жүк болардай құнды жырлары жинақталған. Еңбегі еленіп, ҚР Ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдары қызметкерлері кәсіподақтар одағы, заңды тұлғалар бірлестігінің орталық комитетінің салалық наградасы бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы», 2015 жылы үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» медальдарымен марапатталды,
Иә, осындай Қойбағар ағадай елін сүйген, елі үшін еңбек еткен, бүгінгі таңда да ат үстінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген айтулы азаматтың әлі ашылмаған қырлары өте көп. Аудандық «Толқын» газетінің қоғамдық тілшісі Қойбағар ағамыз бүгінгі таңда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының талабына сай ағылшын тілін үйреніп, оны меңгеруге құлшынысы ерекше екен. Тіпті, ол ЭКСПО халықаралық көрмесіне барғанда шетел қонақтарымен ағылшын тілінде сөйлесіпті. Астанадан ағылшын-орыс аударма кітабын алып, күнделікті сауатын ашып жүр. Әсіресе, ағылшын тілін үйренуіне Астанада тұратын немерелері де себепші болғанын да жасырмады. 
Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық бөлімшесінің мүшесі ретінде, ел азаматы ретінде Отанға деген сүйіспеншілігімен, ауызбіршілік, адамдардың бір-біріне деген ыстық пейілі бүкіл ауданымызға да жасампаздық шуағын себелеп, алға сенімді қадам бастыра беретіндігі ақиқат. Сүйікті жары Айнаш Алпысбаевамен бірге 8 бала, 17 немере, 2 шөбере сүйіп отырған бақытты отбасы. 
Иә, осының бәрі ел үшін атқарған еңбегіңіздің тек бір парағы деп білеміз. Алда да осындай жақсы істер өз жалғасын таба беруіне тілектеспіз.
Құндыз Дәуітова.
20 желтоқсан 2017 ж. 2 260 0