Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРАТЕРЕҢДІК ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРІ

ҚАРАТЕРЕҢДІК ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРІ

     «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген мақалды берік ұстанған жандардың бірі – Қаратереңдік жерлесіміз Шыныбай Пірімбаев. Қаратерең ауылынан шыққан республикаға түрлі салада есімдері танылған мамандық иелерін бұрында да осы сүйікті газетіміз арқылы мақтан етіп келеміз. Бұл жолы өнерді сүйіп, қылқаламды өзіне серік еткен жерлесіміз Пірімбаев Шыныбай Ізтілеуұлы туралы айтқым келіп отыр.
      Оқушылардан «Балалар, Қазақстанның қандай атақты суретшілерін білесіңдер?» дегенде бірі Әбілхан Қастеевті атаса, екіншісі өзіміздің ауылдан шыққан Шыныбай ағамыз деп мақтанышпен айтып жатады.
Иә, Шыныбай бала кезінен сурет салуға құмар болды. Мектептегі бейнелеу пәнінен сабақ берген ұстазы Қайыпназаров Мүсір оқушысының бұл өнерге деген бейімділігін ерте байқап, қызығушылығын дамытып, қаламын ұштай білді. Шыныбайдың 5 сыныпта оқып жүргенде ең алғаш үздік шыққан суреті Кеңес одағының кезіндегі бәріміз үшін ұлы көсем болған В.И.Лениннің суреті болатын. Мектептен кейін ол О.Таңсықбаев атындағы Алматы көркем сурет училищесіне түсіп, «Суретші педагог және сызу» квалификациясы бойынша білім алып шықты. Артынша Мәскеудегі В.И.Суриков атындағы Мемлекеттік академиялық Көркем сурет институтына оқуға түсіп, «художник-живописец» мамандығын алды. Ауылдан шыққан баланың Мәскеуге жүрексінбей баруына қарағанда орыс тілінен де жаман болмаса керек. Әрине, бәрінен де оның өнерге деген сүйіспеншілігі басым болды. Қазіргі уақытта өз ісінің шебері әрі сүйікті ұстаз Еуразия Ұлттық университетінде шәкірттерінің санасына ұлттық мәдениеттің құндылықтарын сіңіру жолында аянбай еңбек етіп келеді.  
     2001-2012 жылдар аралығында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да аға оқытушы, доцент болды. 2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚазҰӨУ-де «Көркем өнер» факультетінің «Кескіндеме және мүсін» кафедрасында қызмет етті. 2007 жылдан бастап ҚР Суретшілер Одағының мүшесі. 2012 жылдан бастап Еуразия дизайнерлер Одағының мүшесі. 2013 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Сол жылы ҚазҰӨУ-нің дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқаны үшін «ҚазҰӨУ – ге 15 жыл» медалімен марапатталды. Республика көлемінде шығармашылық жолында алған дипломдары, грамоталары, алғыс хаттары көптеп саналады. Педагогикалық және шығармашылық еңбектері де жетерлік. Өз шығармашылығы жөнінде Шыныбай «Мен шабытты табиғаттан аламын» дейді. Оның еңбектері көбіне ауыл тақырыбы мен табиғат тақырыбына арналған.
       КР тәуелсіздігіне арналған шығармашылық көрмелерден бастап, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай және «ЕХРО-2017» қарсаңында ұйымдастырылған көрмелерге белсене қатысып, бірнеше мәрте лауреат атанды. Республикада оқушылар арасында бейнелеу өнері мен графикадан өтіп жататын түрлі сайыстарда үнемі әділ қазы мүшесі атанды. Сондай-ақ, 2011-2013 жылдарда Шыныбай Португалия астанасы Лиссабонда, Турцияның Сапанджа қаласында, Испанияның Сивеллия қаласында, Италияның Рим, Флоренция, Милан, Турин қалаларында білімін жетілдірді, «Қазақ Елі» монументін жасауға қатысты.
        Ел ағасы елуді еңсерген Шыныбайдың алар асулары, шығар шыңы әлі де биік деп білеміз. Үнемі ізденісте жүретін ауылдасымызға шабыт, еңбегіне толағай табыс тілейміз. Шыныбай – біздің ғана емес, Қазақстан мақтанышы.
Шалабаева Салима,
№82 орта мектеп мұғалімі.
Қаратерең ауылы.





24 қаңтар 2018 ж. 2 613 0