Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖӘДІГЕР КӨЛІКТІҢ ЖУРГІЗУШІСІ

ЖӘДІГЕР КӨЛІКТІҢ ЖУРГІЗУШІСІ

Заманында қолданысқа енген мүліктер уақыт өте көненің көзіне айналары айнымас заңдылық. Мәселен, көліктер. Аздаған уақыт айналаңызға көңіл бөліп қараңызшы. Біздер пайдаланып жүрген шетелдік сол көліктер бүгінде ол елдер үшін әлдеқашан қолданыстан шыққан. Ал, 20-25 жыл болған машиналар біз үшін айтарлықтай көне емес. Біз оларды өз қиялымызша сәндеп, кірсе-шыққысыз етіп қоямыз. Сондықтан болар, кейбір 25 жыл жүрген машиналарды ол уақытқа қимайсың. Кім білсін, біздер қос өкпесін сүйрете мініп жүрген сол көліктер өз жерлерінде көрмеде тұруға лайық шығар. Алайда, біздер оны бөлшектейміз де, жоқ қыламыз. Шындығында, «Жүрсе көлік...» деген түсінік әбден санамызға сіңіп қалған біздер үшін жүрмейтін жаңа көліктің жүретін жаман көліктей қадірі жоқ.
 Көбіне мінетініміз немістердің көлігі ғой. Олардың өнім шығаруда шеберліктері тым ерекше. Оған дәлел, сол 20-25 жыл бұрын шығарылған көліктері әлі де сыр бермей келеді. Ал, оның қасында ресейлік су жаңа көліктер 3-4 жыл өтпей жатып, салдырап қалады. Жаңа машинаның қалтаға әжептәуір салмақ саларын біз айтпай-ақ сезіп тұрған боларсыз. Ендеше, айырмашылығы мен тиімділігін өзіңіз бағамдай беріңіз.
Біз осы тұста көненің көзі, тіпті, тарихи жәдігерге айналған тым ескі көліктер жайында сөз қозғамақпыз. Айталық, көршілес Ресей еліне тиесілі көне көліктер бір кездері толықтай қолданыстан шығып, керексіз болып қалған еді. Бүгінде бәрі керісінше. Сенбесеңіз, ғаламторға кіріп, шығарылғанына 50-60 жыл толған көліктердің құнын біліп көріңіз. Тым шарықтап тұр. Той шерулері мен бай- манаптардың қозғалысына қайта икемделіп жасалған ол көліктерге екінің- бірінің қолы жете бермейді.
Хош... Саусақпен санап аларлық жағ- дайға жеткен сол көліктердің бірі осы Арал қаласында да жүр. «ГАЗ-М21» (Волга) маркалы көліктің қазіргі қожайыны– Жылқыбай Арынғазиев ағамыз. Аралға кешегі тоқырау жылдарында табаны тиген бұл көліктің зауыттан құрастырылып шығарылғанына 50 жылға жуық уақыт өтіпті. Көліктің қазіргі жағдайы жақсы. Қозғалтқыш көлемі–2,4. Машина тым көне болғанымен, қайта түлеген бе деп қаласыз. Іші-сырты қайта түгелдей жөндеуден өткен. Қозғалтқышы да өз бабында тұр. Бүгінде бұл көлікті Жылқыбай ағамыздың баласы Карим тақымдап жүр. Ауыл арасында ағайын-туыс пен жақын- жуықтың басқосуына мініп жүрген көлік қожайыны Жылқыбай ағамыз:
 –Бұл көлік маған келгенде күйі жақсы еді. Маған дейінгі иесі күтіп ұста- ған. Сонысымен де мен үшін құнды болды. Қазір де солай. Заманында шенді- шекпенділер мінген бұл көліктердің дәурені қайта айналып келгендей. Содан да болар, көзі түсіп қызыққандардың арасынан сұраушылар көп. Бірақ, көне- нің көзі болғандықтан, оны көбіне қимаймын. Қазіргі уақытта бұл көлік бізге айтарлықтай бейнет беріп тұрған жоқ. Баратын жерімізге барып, келетін жерімізден келіп жатырмыз. Кейде сатып жібергім-ақ келеді. Алайда, бұл көлікті көбі нарықтағы бағасынан әлдеқайда арзан сұрап отыр,–дейді.
Иә, заман заңдылығы ма екен, әлде уақыт талабы ма?! Ұзақ жасағанның қадірі алтынға бергісіз жағдайға жететіні рас екен. Адам баласы да солай. Ал, бұл теңеудің көліктерге де келіп, нарықтың көркін қыздыруы бізді таңқалдырмай қоймады. Көне жәдігерлерге қол созып, оны қайта шығарып сатуда көл-көсір байлыққа кенелетін жандар бүгінде жер- жерді кезіп жүр. Бәлкім, бұл да заман талабы шығар...
А. БИСЕНОВ.
11 сәуір 2018 ж. 1 366 0