Кәсіпкерлік қанат жайған сала

Міне, бүгінде біздер өзіміздің жанымыз қалаған жұмысты жасаудамыз. Түскен шикізаттан түрлі өнім дайындайтын біздің кәсіпорын үшін бүгінде балықтың қоры да, өңделген өнімге сұраныс та молынан түсіп отыр. Демек, осы салаға жасалған қолдауларды сезініп, өзгелер де өздерінің ертеңі үшін тырбынып еңбек етуі керек. Шындығында, соңғы жылдары еліміз тарапынан осы кәсіпкерлік саласына деген қолдау ерекше қарқын алып келеді. Соның ішінде облыста бұл қолдау анық сезіледі. Өйткені, экономиканың бүйірін қампайтып, бойына қан жүгіртетін осы кәсіпкерлік саласы. Содан болса керек, кешегі болған елмен есепті кездесуде облыс әкімі Қ.Көшербаев кәсіпкерлік саласына биыл облыс бойынша 32 млрд. теңге қаржы бағытталатынын жеткізді. Бұл бұрын соңды болмаған қолдау. Тіпті, тұтастай алғанда облыстың кей жылдардағы барлық қаржысын құрауы мүмкін. Міне, біз осы мүмкіндікті пайдаланып, өзімізде өңделетін су маржандары арқылы өзіміздің өнімімізді брендке айналдыруымыз керек.
Рас, облыста басқа салаға қарағанда, қай уақытта болмасын кәсіпкерлер үшін қолдаудың жеткілікті екені байқалады. Сондықтан, берілген мүмкіндікті құр жібермей, тиімді пайдалану керек деп білемін. Ол үшін жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдаланып, әркім шама-шарқынша тірлік етсе дейміз.
Б.Пірекеев,
«Қуаныш» ЖШС-нің директоры.