Тігіншіліктің туын тіктеген


Сапалы өнім тек өз ісінің шеберлерінің ғана қолынан келетінін түсінген Индира кәсібінің көкжиегін кеңейту мақсатында мамандармен жұмыс жасауды жөн санады. Алғашқы кездерді саусақпен санарлық қана адамды жұмысқа алса, қазірде 15 қызметкерді жұмыспен қамтып отыр.
Тағы бір айта кетерлігі кәсіпкер жергілікті жерден шығатын өнімдерді өндірісіне қолайлы пайдалануда. Арал ауданы мал шаруашылығына қашаннан қолайлы жер болып саналады. Тәуелсіздікті алғалы бері бұл бағытта да ілкімді істер жүзеге асырылып, мал басы артып, жайылымымыз түлікке толды. Осыны өз кәсібіне қолайлы пайдалана білген кәсіпкер жерлесіміз түйе жүнін өңдеп, одан өнім өндіріп келеді. Сондай-ақ, сапалы өнімге қол жеткізу үшін шет елдермен де байланыс орнатып үлгерген. Түркия, Қытай, Иран елдерінен сапалы тауарлар алып, сәнді бұйымдар жасап келеді.
Түйе жүнінен көрпе тігіп, оны отандық брендке айналдырды. Нәтижесі де көңіл қуантарлықтай. Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыстар толастар емес. Әсіресе, солтүстік аймақтардың қызығушылығы өте жоғары. Сондай-ақ, жаңа заманға сай терезе перделі мен жалюздер де жасап, тұтынушылардың көңілінен шығып келеді. Заманауи үлгідегі түйе жүнін түту, өңдеу, тігін машиналары секілді жалпы саны 10 техникамен жабдықталған кәсіпкерлік нысан осының басты құралы деп сеніммен айта аламыз.
«Аружан» тігін шеберханасының тігіншісі Ботакөз Жақанова:
- Мен осы бағытта бірнеше жыл үзіліссіз қызмет атқарып келемін. Индирамен бірге жұмыс жасау өте қолайлы. Нәтижелі жұмыс жасау үшін барлық жағдайлар жасалған. Сол себепті, алда тұрған басты міндет барынша сапалы өнім ұсыну. Тұтынушылардың талғамынан шыға білу. Алдағы уақытта да осы жолда тынымсыз еңбек атқарып, жетістіктерге жететінімзге кәміл сенімдімін,-дейді. Ал дизайнер Бақытгүл Кенжебаева сұраныс болу үшін сәндік жағына да көңіл бөлу керектігін айтады.
- Иә, бұл сала сұранысқа ие. Сұраныс бар жерде сапа басты назарда болғаны жөн. Сонымен қатар, біз отандық өнім деген атқа лайықты бола білуіміз керек. Әрбір шығарған бұйымымыздан қазақи нақыш көрініп тұрғаны абзал. Мен осы бағытта өнімдерімізден қазақи нақыштағы ою-өрнектер көрініс алу жауаптылығын барынша мақсат санаймын,-дейді ол.
Кәсіпкердің алға қойған мақсаттарынан да хабардан болдық. Өз сөзінде Индира Жұмашева өз тауарларын тек республика көлемінде ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де экспорттауды да көздеп отырғандығын айтты. Ол бағытта да әлеуметтік желілер арқылы жарнама жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, қол өнер бұйымдарын да шығару көзделіп отыр дейді.
«Аружан» тігін шеберханасы мен «Айару» сән салонының иесі Индира Жұмашеваның ісіне сәттілік тілей отырып, биіктерден көрінуіне тілектестік білдіреміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.

