Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Табысты жолымыз жалғасын табуда

Табысты жолымыз жалғасын табуда

Ширек ғасырдан астам уақытта айтулы белестерді бағындырған еліміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатымен өркениет көшіне бет түзеді. Мұны әріге бармай-ақ, үстіміздегі жылдағы атқарылған серпінді жобалардан, маңызды істерден анық аңғара аламыз. Олардың арасында ел игілігіне асқан мемлекеттік бағдарламаларды да айта кеткеніміз абзал. Өткенді ой елегінде екшесек, үстіміздегі жылғы мамыражай жаздың алғашқы жұлдызында бастау алған Арқа төсіндегі ЭКСПО көрмесі тәуелсіз мемлекетіміздің абыройын онан әрі асқақтата түсті. Нақтырақ тоқталсақ, Алтай мен Атырауды алып жатқан ұлан-ғайыр далада көңілдерге қанат бітіретін көптеген жұмыстар атқарылғанына көрмені көрген қаншама шетелдік меймандар таңдай қағып, еліміздің бүгінгі бет-бейнесіне сеніммен қарады. Кез келген мемлекет тәуекел ете алмайтын әлемдік шараны жоғары дәрежеде ұйымдастырған Ұлт Көшбасшысының өлшеусіз еңбегін оң бағалады. Өркениет көшіне бет түзеген Қазақстан Республикасын бүгінгі таңда жаһан таниды. Танып қана қоймай, өзіндік салмағы бар мемлекетіміздің болашағына қызығып, ертеңі еңселі елдің ширек ғасырда жүріп өткен жолын өздеріне бағыт-бағдар етеді.
Иә, Ұлт Көшбасшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол–әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық»-деп, әрбір қазақстандық ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етсе, алар асуымыз бұдан да биік болатынына басымдық берген еді.
Расында да, қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидалар жолымызға тұсау болары анық. Біздер нұрлы Отанымыздың бүгінгі жетістіктерін мақтан тұтып, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен тарихы бай жерлерімізді жүрек кестесіне тоқысақ, нұр үстіне нұр төгілмек. Осы ретте, Президентіміз: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын»,-деген бастамасының түп-төркіні осында жатыр. Әрбір жан елжандылық қасиеттерді бойына жиып, туған жерді қастерлеуді, оның көркеюіне ерекше ықыласпен атсалысқаны жөн.
Жаңа ғасырдағы ұлттық сана туралы кеңінен баяндалған мазмұны бай мақалада, сондай-ақ, болашақта ұлттың табысты болуы қойнауындағы қазына байлығы емес, адамдардың бәсекеге қабілеттілігімен айқындалатыны да тақырыпқа арқау етілген. Олардың ішінде, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілді білім беру», «Мәдениет және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар да назарға ұсынылған. Әсіресе, прагматизм туралы сөз сабақтаған Мемлекет басшысының өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемі пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлап, ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген пайымы талайларға ой салды.
Жалпы, Қазақстанның жаңғыру жолы қазіргі күні қызу талқылану үстінде. Бабалар арманы жүзеге асқан шақта, зымыран уақытта көш соңында қалу тарихқа таңба. Ендеше, тыныштықты ту етіп ұстанған Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясаты аясында алға қарай сеніммен қадам баса берудің маңыздылығын ешқашан естен шығармауға тиіспіз.

А. Жайшылық.
25 желтоқсан 2017 ж. 1 512 0