Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал еңбекпен абыройға жеткен азамат

Адал еңбекпен абыройға жеткен азамат

...Жаңа ғасыр жаңаша көзқарас қалыптастырды. Әсіресе, ел арасындағы іскер азаматтар тоқсаныншы жылдардың басында айрықша белсенділік танытып, келер күнге сеніммен көз тікті. Мақсат жолында алға ұмтылып, мына қоғамда масылдыққа бой үйретудің арты керуенге ілесе алмаған ақсақ түйенің кебін кигізетінін, көштің соңында қалуға әкеп соқтыратынын ой елегінде екшеп, ерінбей еңбек етудің маңыздылығын ұғынды... Сондай уақытпен үндесе кәсіп көкжиегін кеңейткен жандардың бірі-Арал ауданының перзенті, қазіргі таңда Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласында тұратын Әбілбай Жұқашев болатын. Ағадал кәсібімен абырой биігінен көрінген азамат қай істі де жан- тәнімен беріліп атқаруды әкесі Мамадиннен үйренді. «Әке көрген оқ жонар...» деген осы да. Кеңес дәуірінде ауыл шаруашылығы саласында қолтаңбасын қалдырып, Қошқар ата тұқымын көбейтуге атсалысқан ғибратты ғұмыр иесі қарапайым шопандықтан аудандық кеңес депутаттығына жеткен еді. Ізбасарларын тура жолмен жүруге үндеген жайсаң жан ұрпақтарына тек еңбек қана алға оздыратынын үнемі айтып жүрді. Ал, анасы Сақып та бауыр еті балаларының тәрбиелі болып өсуін ұдайы қадағалап, маңдай термен тапқан нанның тәтті екенін саналарына сіңірді. Өзінен ауыр сөмкені асынған елгезек ұл 1969 жылы Қарақұм ауылындағы №59 орта мектептің табалдырығын аттады. Алғырлығымен дараланған шәкірттің асқақ арманы да осынау білім ұясында қанаттанып, кемел келешекке деген көзқарасы оянды. Екінші анасына баланған ұстаздарының білімімен сусындаған Әбілбай мектеп бітірген соң, Отан алдындағы борышын өтеуді бірінші кезекке қойды. Чита қаласындағы Байкал әскери аумағында жауынгерлік өмірдің қыр-сырын меңгерді. Елге оралғаннан кейін, қоғам жұмысына қызу араласты. Тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылы Ташкент автомобиль жолдары институтының транспорттық көтергіш, құрылыстық, жолдық машина және құралдары факультетін тәмамдады. Жоғары білімді маман елең-алаң шақта да табысты тірліктердің басы-қасында жүрді. Нақтырақ тоқталсақ, мемлекет саясатымен сабақтасқан маңызды баста малар ды жүйелі түрде атқарып, өзін іскерлік қырымен таныта білді. Иә, біз тақырыпқа арқау еткен кейіпкеріміз Әбілбай Мамадинұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң- ғыру» атты мақаласындағы: «... Қа зақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Туған жер-әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деген сөзін қаперінен ешқашан шығарған емес. Тәуелсіздік тұғырын биіктету жолындағы Ұлт Көшбасшысының өлшеусіз еңбегін көпке паш еткен Мұғалжар аудандық мәслихатының депутаты қайталанбас оқушылық күндері өткен білім ұясына құны 800 мың теңге тұратын қажетті жабдықтарды сыйға тартқанын ұстаздар қауымы әлі де шаттанып айтып жүр. Қазіргі таңда қолы ашық, жүрегі жомарт азамат: «Мен үшін болашағымыз саналған балалар мен ұстаздардың қуанғанының өзі бір мәртебе» дейді сол қарапайым әдетімен. Өзі айтуға сараңдық танытқанымен, көзкөргендер оның мәрттігін, тұрмысы төмен отбасыларға жасаған қайырлы істерін қашанда мақтан етеді. Бүгінгі күні «Коммуналшы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны мекемесінің директоры қызметін атқаратын қолы ашық, жүрегі жомарт жан Тәуелсіздіктің 20, 25 жылдық медальдарымен марапатталды. Отбасының асқар таудай тірегі тағдыр қосқан қосағы Гүлсинамен бірге ұл-қыз өсіріп, олардан немере сүйіп, шаттыққа кенеліп отыр.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ.
19 желтоқсан 2017 ж. 1 738 0