Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өскеменде сүт таситын көліктер құрастырылуда

Өскеменде сүт таситын көліктер құрастырылуда

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемендегі Үлбі модуль зауыты сүт таситын көлік құрастыруды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш кәсіпорын осыған дейін сүт қабылдау бекеттеріне арнайы модульдер құрастырып келген. Енді 1 тонналық сүт таситын көліктер құрастырмақ. Өндіріс барысымен облыстың әкімі Даниал Ахметов танысты.
«2 жыл бұрын кәсіпорын жартылай тоқтап тұрған. Әуелі сүт қабылдау бекеттеріне тапсырыс бердік. Одан кейін компания басшыларының ұсынысымен мал сою цехтарын құрастырдық. Енді, міне, сүт таситын көлік құрастырып жатырмыз. Мұнымен тоқтап қалмайтынымыз анық. Өзге де жоспарлар бар» - дейді Даниал Ахметов.
Бастапқыда тоңазытқыш жасаумен айналысқан зауыт бүгінде металл құрандылары мен сэнвич-панельдерден жылытылған кешендер құрастыруға көшкен. Ал сүт сақтауға арналған күбілердің металын фин және түркиялық өндірушілерден алуда.
«Өңірде сүт өндірісін дамытудың өңірлік бағдарламасы қолға алынғалы біздің кәсіпорынның екінші тынысы ашылды. Өндірістің 50 пайызын мемлекет субсидиялап отыр. Соңғы үш айда 8 көлікке тапсырысты орындадық. «УАЗ» көлігін «Бипэк Авто-Азия Авто» компаниялар тобы арқылы аламыз. 1 тонналық күбісімен бірге бағасы 7 млн теңгеге шығады. Сүт өндіруші кооперативтер үшін оның ақырғы бағасы - 3,5 млн теңге. Өйткені жарты бағасын мемлекет субсидиялайды» - дейді Үлбі модуль зауытының директоры Вадим Быков.
03 наурыз 2018 ж. 1 584 0