Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Келмеске кеткен порт, қаңқасы қалған крандар

Келмеске кеткен порт, қаңқасы қалған крандар

Өткен ғасырдың орта шенінде Арал іргесінде жүк артқан кемелер мен қаңтарылған қайықтар тұрды дегенге сенер ме едіңіз?! Нансаңыз, заманында қаланың жаны, қазіргі балықшылар мұражайының маңы қайнаған қызу тірліктің ортасы еді. Әрине, көзбен көрмегендер білмейді. Алайда, сол бір кезеңнің көрінісіне куә болғандар «теңіздің кемеріне келіп тұрған кезі Арал үшін ауыз толтырып айтарлықтай сәттердің ең кереметі еді»,-деп еске алады.
Бүгінде бәрі аңыз сияқты. Мұндай кезеңнің болғандығын аңғартатын тек ескі порттың орны мен ешкімге керексіз көне кран қаңқасы ғана. Айтпақшы, сол жерге бара қалсаңыз, су көлігін де көзіңіз шалады. Әлгі техникалар көрмеде тұрған көне жәдігер іспетті. Яғни, осыдан жарты ғасыр бұрынғы жағдай мен қазіргі кезді салыстыруға мүлдем келмейді. Жалпы, осы теңіз кеңестік үкімет тұсында экономиканың нағыз күре тамырына айналған еді. Неге десеңіз, елімізге көршілес елдерімен теңіз арқылы байланыс орнады. Өйткені, табиғат-ананың бізге сыйлаған қасіреті өте ауыр болды. Салдарынан, кезінде арнасынан асқан, асау толқыны тайдай тулаған Арал теңізі адам айтса нанғысыз жағдайға тап болды. Яғни, бір кездері теңіз астындағы тіршілік бүгінде аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды.
-Несін жасырайық. Заманында Арал порты қайнаған қызу тірліктің алаңы еді ғой. Осы Арал қаласында «Аралсудоремонт» зауыты мен ұн өндірісін қолға алған «Реалбаза» ұн зауыттарымен қатар, бірнеше балық өндіретін кәсіпорындар қарқынды түрде жұмыс істеді. Портта жағалай тізілген қайықтар мен кемеге жүк артқан қазіргі тұрған крандардың жұмысын өз көзімізбен талай көрдік. Баламыз ғой, сол портта ойнап жүріп тақтай ағаштарды ұрлап алып, су бетінде қалқып жүруші едік. Жағалауларда қармақ ұстап, балық аулаған сәттеріміз де әлі есімде. Бүгінде сол көріністердің бәрі балалық шақпен бірге келмеске кетті,-деп еске алады, қазіргі аудандық тарихи өлкетану мұражайының директоры М.Жасекенов ағамыз.
Расында, кез келген теңіз жағасындағы портты көріп, бұрынғы ауданда болған портты көз алдыңызға елестете беріңіз. Ол жерде де тірлік қайнап жатты. Ұзындығы 426 шақырымды, ені 284 шақырымды құраған теңіз үстімен Қарақалпақстан елінің Нүкіс қаласына тікелей теңіз арқылы өнім тасымалданған. Әсіресе, ұн өнімдері жиі жіберілген. Ал, Нүкістен бері қарай еліміздегі тігін фабрикаларына қажетті мақта өнімдері тасымалданып, порт арқылы вагондарға тиелген. Бұлардан бөлек, Аралда 5 балық зауыты, 1 балық комбинаты, 45 балық қабылдау пункті болса, Қарақалпақстанда 5 балық зауыты, 20-дан астам балық қабылдау пункттері жұмыс жасаған. Демек, өнім тасымалдауда Арал порты ел экономикасына үлкен үлес қосты деген сөз. Міне, сол қызметтерді атқарған, қазір қаңтарылып тұрған алып крандар екеніне біреу сенсе, біреу сенбес. «Немецский Ганс» атты сол крандар-бүгінде заманындағы тіршілігі қайнаған көріністердің тілсіз куәгері. Сол портта тұрған крандарға қарап-ақ, бұрын теңіз болғанын, бұрын порт болғанын көз алдыңа елестету қиын емес.
Иә, өткен күн-тарих. Біз әңгімеге арқау еткен теңіз порты мен ондағы алып крандар сол тарихтың өзіндей, көненің көзіндей. Ғайыптан тіл бітсе «бұрын қалай едім, бүгін қандаймын» деп мұңлы үнмен үн қататындай. Десе де, сол қайықтар мен крандардың қазіргі жағдайға жетуіне адамзат баласы қиянат жасамағаны анық. Ол-табиғат-ананың жасаған қиянаты, әкелген қасіреті.
А.Қарасай.
19 ақпан 2018 ж. 2 140 0