Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Балаңызды бесікке бөлейсіз бе?

Балаңызды бесікке бөлейсіз бе?

         Қазақ мыңдаған жылдардан бері өмір сүріп келе жатқан, тамыры тереңге тартқан халық. Біздің ата-әжелеріміз ежелден салт-дәстүрін ардақтап, әдет-ғұрпын ұлықтай білген. Басынан қаншама қиыншылықтар өтсе де, сабыр  сақтап, төзімділік танытып, өз дәстүрін ұмытпаған.
         Бағзы заманнан ұлтымыз ұрпақ тәрбиесіне аса мән берген. Осы тұрғыдан алып қарасақ, «Тәрбие тал бесіктен», «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген даналық сөздер біздерге айтылған. Мұның себебі, бала тәрбиесіне жастайынан мән беруді меңзегені болар. Алайда, қазіргі таңда ұлттық тәрбиеден ақсап тұрған тәріздіміз. Сезімнің себебі, бүгінде баланы бесікке бөлеу салтымыз кенжелеп қалған сыңайлы.
         Бүгінгі таңда қазақтың салт-дәстүрі аңқып тұратын ауылдың өзінде баланы бесікке бөлей бермейтін болып барады. Біздің жас кезімізде ауылда көршілердің қыз балалары жиналып алып үй жасап, қуыршақтарды бөлеп, аяқтарына салып, бесікке бөлеп «әупәләй» деп тербетіп ойнап жатқандарын жиі көретінбіз. Міне, мұның бәрі сол сәби кездегі өзіміз көріп өскен үй тәрбиесінің бір тамшысының әсері болар. Көне дүние күмбіріндей болған қазыналы қарияларымыздың осынау тағылымды тәрбиесі бізге өмірлік рухани азық болып келеді.
         Аналарымыздың біздерді ертегі тыңдатып, ыңылдап ән салып ұйықтататыны әлі құлағымызда сақтаулы. Бүгінде өкініштісі, сол ата-әжелеріміздің салт-дәстүрі сағымға айналып, санамыздан сарқылып бара жатқан сыңайлы. Оның себебі, ХХІ ғасыр заман өзгеріп, барлығы «жаңаша» болуда. Кейде тынымсыз ойлар көңілімді күдікке көміп тастайды. Шынтуайтына келгенде, заманда тұрған ештеңе жоқ. Күн орнынан атып, орнынан батады, жыл санауы бұрынғыша, төрт мезгіл ретімен келіп-кетіп тұр. Заман емес, өзгерген өзіміз. Ата-бабамыздан дәстүрге еніп, әлімсақтан мұра болған киелі ақ бесіктің орнын салтымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шетелдің манежі ауыстыруда.
Осы бір шетелдің көзді арбайтын көрінісі біздің өмірімізге өнеге бола алмаса керек. Осындайда көнекөз қариялардың «өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат бойынан түңілсін» деген нақылы еске түседі. Қазақ қай ғасырда да «қазақ» болып қала береді. Бесікке бөленіп әке қамқорлығы мен ана мейірімін сезініп өскен талай ұрпақтар елін, жерін құрметтейтін азамат болып ержетті емес пе?! Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұрпақ бойына ұғындырып, ұлттық үрдісімізді үзіп алмай, жастарға үлгі ете білгеннен ұтылмаймыз. Атадан қалған ар-ұят, әжемнің көкейіндегі иба, қанымызға сіңген қасиет, саф алтындай салт-дәстүрді сақтай білу-баршамызға ортақ парыз екендігін білген дұрыс.

Тұрар Шайділдаұлы.
13 ақпан 2018 ж. 5 126 0