Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Берік отбасы есірткіден алыс!

Берік отбасы есірткіден алыс!

Отбасы – қоғамның маңызды құрамдас бөлігі. Әр отбасында ауызбіршілік, ынтымақтастық болса, қоғам да тұрақты дамиды. «Бақыт қайда барасың?» деп сұрағанда «Ынтымағы жарасқан елге барамын» депті. Бұл сөзде үлкен астарлы ой жатыр.  Өзіндік отбасылық заңдылықтары, өзара сыйластықтарымен бірге тәртіп пен әдебі қалыптаспаған жанұяға бақыт та, бақ та қонбайды, шырқы бұзылады. Бұл отбасының ғұмыры да ұзаққа бармайды. Нәтижесінде сәтсіз отбасылар пайда болады. Басты себеп әкенің отбасылық жауапкершілікті жете түсінбей, аздаған қиыншылықтарға төтеп бере алмай ащы суға салынуы. Отбасылық кикілжіңнен мезі болған немесе қадағалаусыз қалған жасөспірімнің есірткі деген пәлеге ұрынуы. Ал жастары есірткіге еліткен елдің ертеңі күмәнді, болашағы күңгірт. «Ел болам десең бесігіңді түзе» деп бекер айтылмаса керек. Яғни, әр отбасының беріктігі отбасын құраушы басты тұлғалардың антына адал болып қандай қиындықтар болса да төтепберіп, түтінін түзу шығарып,толыққанды отбасы болып қалыптасуында.
«Берік отбасын» қалай қалыптастырамын?  Осы сұрақтың төңірегінде ойланатын отбасының басты тірегі болар ер азаматтарымыз алдымен отбасылық ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуы тиіс.  Ұлтымыздың тектілігін сақтауды мұрат еткен ата-бабаларымыздың аманатын  орындауды мақсат еткені дұрыс. Бір ғана жеті атаға дейін қыз алысуға болмайтын заңдылықтың өзі қазақ халқының ұлт тазалығын сақтаудың, дені сау ұрпақ өрбітудің бірден бір жолы екендігі белгілі. Бабаларымыз «генетиканы» Г.Мендельден де  бұрын білген екен деп еріксіз таңданасың. Осындай тектілікті сақтай білген халықтың қазіргі ұрпақтары  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткенұлттық кодымызды сақтай білуіміз қажет. Ұлттық код дегеніміз – ол біздің салт-дәстүріміз, ұлттық құндылықтарымыз, ұлттық генофондымыз.  Ол үшін өскелең ұрпаққа рухани байлығымызды дәріптеу, ұлттық тәлім-тәрбиені жастардың бойына сіңіру. Сонда ғана арақ пен есірткінің ауылы алыстап, қазақтың әр шаңырағында еліміздің тізгінін ұстайтын ұл мен қыз тәрбиеленер еді.

Ұ. Оспанова,
Арал қаласы.
23 қаңтар 2018 ж. 3 431 0