Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2018 жылдан бастап жәрдемақы төлеу тәртібі өзгереді

2018 жылдан бастап жәрдемақы төлеу тәртібі өзгереді

АӘК келесі жылдан бастап отбасыларға кешенді көмек ретінде қарастырылмақ,- деп жазады Altaynews.

Облыс орталығы Өскемен қаласынан келген «Әлеуметтік экспресс» ұтқыр тобының өкілдері Семей қаласына келіп, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.
2018 жылдан бастап атаулы әлеуметтік жәрдемақыларда өзгерістер орын алмақ.
«2015 жылдың 28 қазанынан бастап Атаулы әлеуметтік көмектің жаңаша өзгерістері туралы Заң қабылданды. Бұл осыдан үш жыл бұрын орын алған біршама өзгерістер еді. Осы үш жыл ішінде жаңа өзгерістерді тәжірибеге енгізу бойынша көптеген жұмыстар атқарылды.
Бұл атаулы көмектің жаңадан ойлап табылған түрі емес. Бізде Атаулы көмек 2002 жылдан бастап төленіп келе жатыр.
Яғни, жаңа заңнамадан бөлекше түрі. Бұрын АӘК қалай төленгендігін білесіздер, мәселен, отбасының кірісі есептелетін, егер кіріс өмір сүру деңгейінен 40 пайыз аспаса, біздің мекеме Атаулы әлеуметтік көмекті төлейтін.
Жаңа жүйеде бұл сәл өзгереді. Біріншіден, атаулы әлеуеметтік көмектің көлемі көбейеді. Егер ортақ кіріс 50 пайыздан аспаса, біз ол отбасына АӘК төлейміз», – деді Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Райхан Барлықова,
«Әлеуметтік экспресс» түсіндіруші ұтқыр топ мүшелерінің хабарлауынша, Қазақстанда 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек, жәрдемақы тағайындау рәсімін едәуір жеңілдетіп, оны алушылардың барлығын мейлінше қамтуға мүмкіндік береді.
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) қазіргі қолданыстағы жәрдемақылардың үш түрін алмастырады, осылайша жәрдемақыны алуға қажетті құжаттардың санын айтарлықтай қысқартады. АӘК шартсыз және шартты ақшалай көмекке бөлінген.
Мысалы, Шартсыз көмек еңбекке жарамды мүшелері жоқ барлық отбасыларға, мысалы, мүгедектер немесе зейнеткерлер отбасыларына немесе еңбекке жарамды мүшелері дәлелді себептер бойынша жұмысқа араласа алмайтын отбасыларға, мысалға, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғыз басты аналарға беріледі.
Осындай отбасыларға жәрдемақыны алу үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді. Сондай-ақ, Шартты ақшалай көмек отбасында кем дегенде бір еңбекке жарамды мүшесі бар отбасылар үшін.
Онда жанұя әлеуметтік келісімшартқа қол қойып, содан кейін ғана отбасының еңбекке жарамды барлық мүшесі (егер еңбеккке жарамды мүшесі бар болса) жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан кезде беріледі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, әлеуметтік көмек жүйесіндегі реформа нәтижесінде жаңа форматтағы АӘК-тің әрбір алушысы үшін жәрдемақы сомасы 2018 жылы орташа есеппен 25 пайызға ұлғайтылады.
Әлеуметтік көмек алу ережелеріне енгізілген өзгерістерге халықты дайындау үшін еліміздің үш өңірінде 2014 жылдан бастап пилоттық режимде «Өрлеу» жобасы іске асырылған. Бағдарламаға шамамен 79 мың азамат қатысқан, олардың 19 мыңға жуығы еңбекпен қамтылған.
«Енді Арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы түсіндірейік. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, отбасыларында төртінші бала туған кезде АМЖ төленбейді.
Бірақ, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін жәрдемақының осы түрін алып келгендер арығарай да ала береді. Бірақ, төртінші баланы өмірге әкелген жанұя енді бұдан былай Арнайы әлеуметтік көмекті қалай алады, оны біздің кеңесшілеріміз арқылы білуі керек», – деді ұтқыр топ мүшелері.
Заңнамадағы өзгерістер бойынша әрине, отбасының барлық мүшелері еңбекке жарамды ма, сол жағы да ескерілетін болады. Райхан Барлықованың айтуынша, АӘК келесі жылдан бастап отбасыларға кешенді көмек ретінде қарастырылмақ.
АЕК бұл қаржылай көмек беруі өз алдына, уақытша болса да отбасы мүшелерін жұмысқа кіргізу, қоғамда да осындай отбасылардың өмір сүріп, тіршілік кешулеріне мейлінше мүмкіндік жасау. Көмектің жанұяға арналған бұл түріне кез келген әлеуметтік көмек жатады.
Мәселен, отбасына арналған бір реттік көмек немесе жанұяда мүгедек жан бар болса, арнайы әлеуметтік көмектің түрлері ұсынылады. Сондай-ақ, жағдайы төмен отбасындағы аяғы ауыр әйелдерді есепке қою, балаларын балабақша кезегіне қоюға көмектесу сияқты көптеген мемлекет тарапынан берілетін жәрдемдер.
Мамандардың айтуынша, отбасының жағдайы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, заңнамалық өзгерістерге орай толық қарастырылатын болмақ. Иә, отбасы мүшелері еңбеккке жарамды делік, бірақ та ол отбасында 7 жасқа дейінгі баланы қарайтын немесе мүгедек баланы қарап отырған, яки жанұяда мүгедек жанды күтіп отырғандар әрине, жұмысқа шыға алмайтыны анық.
Осындай отбасыларға шартсыз көмектер көрсетілмек. Бұл осы уақытқа дейін төленіп келген әлеуметтік көмектің өзі. Сондықтан да, мүгедек баланы күтіп, қарап отырған анасы әр тоқсан сайын өз құжаттарын растатып отырады, нәтижесінде әр ай сайын өзіне және балаларына әлеуметтік көмек ала алады екен.
Ал шартты ақшалай көмекке келсек, онда отбасының барлық мүшелері еңбек қамтудың барлық саласына араластырылуы керек. Жатар тәжірибесі, қайтадан оқыту, отбасына басқа да жәрдем түрлері. Егер отбасында еңбекке жарамды мүшесі бекітілген келісімшартты орындамаса, заңнама бойынша айыппұл төлейді.
22 желтоқсан 2017 ж. 2 300 0