Нашақорлық-қоғам дерті

Қоғамды жасайтын адам деп алсақ, адам қандай болмақ керек? Денсаулығы мықты, әлеуеті жоғары адам ғана өзіне жайлы қоғамды жасайды. Олардың мұраты –тәні мен жаны сау адамдардың ынтымағына негізделген қоғамда өмір сүру. Салауатты өмір сүру дегеніміз не дейтін болсақ, ол–әлеуметтік өмірді жақсарту, бос уақытты тиімді пайдалану, денсаулықты сақтау және нығайту. Ал зиянды әрекеттер дегеніміз, қазіргі таңда етек алған, заманымыздың кеселді дерттері – шылым шегу, маскүнемдік, нашақорлық. Алайда, ата-бабаның мұратын жүзеге асыратын кейбір жастар нашақордың соңынан еріп барады. Ол– айқын жол емес, тұманды жол. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң»–деп, дана халқымыз айтқандай, өз қатесін түзетіп, ортамызға оралса, олардың кеудесінен ешкім итермесі анық.
Мен ана ретінде болашақ балаларымның өмірі үшін алаңдаймын. Күні-түні балаларыма қандай тәрбие беріп жатырмын деп ойланамын. Алаңдайтын себебім, бүгінгі күні нашақорлықтың жасөспірімдер арасында кеңінен етек алуы. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас балапанымның ұясынан адаспай, өмірінің мәнін, отбасының қадірін түсінетіндей адам болып қалыптасса екен деген ой мені жиі мазалайды. Есірткінің соңы кісі өлімі мен зорлық-зомбылық жасауға соқтырады деп балаларыма жиі айтып отырамын. Біз отбасымызбен денсаулықты қолдаймыз. Салауатты өмір салтын ұстанамыз. Жастарға қарап денсаулықтың маңыздылығы соншалықты қадірсіз болғанына налимын,әрі жаным ауырады.
Үлкен қала емес, кішкентай біздің ауылда есірткі пайдаланатын адамдар бар екені сөздің шыны. Алайда олармен полиция қызметкерлерінің жұмыс жасап отырғаны көңіл қуантарлық дүние. Медицина қызметкерлерін мектеп оқушыларымен кездестіріп, есірткінің зиян екенін, оған еліткен адамның қайта дұрыс адам болуы екіталай екенін түсіндіріп, нашақорлық дертінен аулақ болудың маңыздылығын айта келіп, жастарға жол көрсетулері үлкен адамгершілік деп білемін.
Әр отбасының өзіндік әдет-ғұрпы, салт-санасы бар. Рухани құндылығы бай отбасынан қоғамға қажет тұлғалар қалыптасады. «Мен қарнымның ашқанынан қорықпаймын, қадірімнің қашқанынан қорқамын» деген сөздің төркінін түсіндірмесемде болады. Отбасымызда қадірімізді қашырмай, өз орнымызды білсек, біз тәрбиелеген балалар келешектің тұтқасы болары анық. Бізді ақшамызбен, не болмаса дәулетімізбен бағаламайды, бізді өсірген баламыздың тәрбиесімен бағалайды. Сондықтан баламыздың тағдырын сол жақтағы жүрегімізбен ойлайық, ол әр кез оң шешімін береді.
С. Құрманаева,
Арал қаласы.