Жазылмаған дала заңдары

Түбі түркі, діні ислам деп есептеген қазақ халқы Алладан басқадан қол жайып сұрамаса да, сұрауға байланысты да өзіндік салттарын қалыптастырған. Алладан денсаулық, Пайғамбардан шапағат, Қыдырдан бата сұрауды Ислам дінімен ұштастырса, аңшыдан сыралғы, сырқат жанның көңілін, қарттың хал-жағдайын, жетімнің жай-күйін, саудың амандығын, ағайынның бүтіндігін, олжадан тәбәрік, қонақтан бұйымтай сұрауды да мызғымас дәстүрлі заңға айналдырған.
Әрбір ісін биссмилласыз бастамаған көргенді халық, баршаның қуанышы мен қайғысын тең бөлісіп отырған. Жатқа жақсылық тілеуден шаршамаған жұрттың кеңдігіне қарай Жаратушы иеміз де кем қылмаған болар сірә. Сапарға үлкеннің батасын алмай шықпайтын қазақ бата мен тілекті де тектілікке балаған. Барға тәубе, жоққа сабыр, ауырға төзім, жақсылыққа алғыс, болашаққа сенім, жетістікке шүкір, өткенге салауат, қалғанға береке, басқа амандық, денге саулық тілеудің арқасында қазіргі баршамыз еңсемізді тіктеп жүрер дәрежеге жеттік.
Иә, бұл-жазылмай қалған дала заңдары. Тамырын тереңнен алған текті халық, малдың ізінде жүріп-ақ болашақты кемел болжай білген. Сол болғам, ырым-тиым, салт-дәстүрімізді санамызға сіңіргендіктен, бүгінгі таңда бүкіл әлем бостандығын мойындаған ел болдық. Дәстүрін далаға тастамаған бабалардың ұрпақтары дәстүрімізді дәріптей білсе, ақылы дариядай даналарымыздан алар өнеге таусылмайды. Баласын дәстүрмен тәрбиелеген қазақтың шаңырағына шаттық орнаған дәурен мәңгілік боларына сенімдіміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.