Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз қайда асығып барамыз, уақыт неге жеткізбей жатыр?

Біз қайда асығып барамыз, уақыт неге жеткізбей жатыр?

Уақыт жетпейді деп жатамыз. Расында, таңның атысынан күннің батысына дейін арлы-берлі тіршілік қамымен зыр жүгіріп жүрген пенденің айтатыны осы сөз. Уақыттың жетпеуін біреулер ғылыммен негіздеп, тәуліктің қысқарғанын алға тартса, енді біреулер мұны ақырзаманның таяп қалуымен байланыстырмақ болады. Шын мәнінде, уақыт неге жетпейді? Бұл туралы ойланып көрдіңіз бе? Не үшін уақыттың қысқарғаны жөніндегі сұрақ қай-қайсымызды да мазалайтыны рас.
Уақытты тоқтатып қою мүмкін емес. Алайда уақытты мүлдем тоқтатпасақ та баяулатудың бірден-бір жолы интернеттен, теледидардан қол үзіп, тыныштықта бір сәт жақындарыңмен араласып, ауылға барып, интернетсіз өмір сүру деп ойлаушы едік. Алайда, қазір кішкене ауылдың өзі де жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылған. Сол себепті ауыл тұрғындарының өзі де бос уақытын желіде өткізуде. Ара-тұра ғана кеш бата есік алдына қолтығына қыса алып шыққан газеттерді парақтап отырған үлкендерді кездестіресің. Сол кезде аудан жаңалығын оқып, ойымен бөлісіп, шүйіркелесіп отырғанын көріп ішің жылып сала береді.
Тұрағымыз аудан орталығы болса да әсемдігі жағынан қаладан кем емеспіз. Көшеге шықсаң, әрлі-берлі сан түрлі жүйткіген автокөліктер, балалар ойын алаңы, соңғы кездері субұрқақ та орнатылып, қала сәні келіп қалды. Жұмыстан соң кешкілік балаларды алаңға апарып, қалған уақытта тағы ұялы телефонға көз жүгіртіп, жан-жағымызбен аз-маз хабарласамыз, таңертең жұмыс. Алла әр күнімізге амандықпен жеткізсін деп осылайша зыр жүгіріп жүреміз. Күнделікті қайталанатын тірлік. Мұның барлығы жақсы әрине. Алайда біз уақытты сезінуден қалып барамыз. Себебі, баланы ойнатуға жіберіп, тағы да телефонға бас сұғамыз. Телефоннан бас алмай жүргенде уақыт та жеткізбей барады, асығыспыз деп өзімізді кінәлап жатамыз. Себебі ақпараттар ағыны толассыз жүйткіген жаһанданған дәуірде біздің миымызда бос орын қалмай барады.
Бір сәтке болса да, осыдан бірнеше ондаған жылдар бұрынғы уақытты еске алайықшы. Айталық, жай ғана сіз дүкенде немесе емханада кезекте отырған кезіңізде немен айналысушы едіңіз? Жай ғана миыңыз тынығып демалатынсыз немесе жаныңыздағы адаммен шүйіркелесетінсіз. Қазірде үнемі жанқалтаңызда немесе уысыңызда жүретін телефоныңызды ақтарасыз. Бұл рас. Түрлі әлеуметтік желіге, мобильді қосымшалар уақытымызды ұрлап қана қоймай, адамның миын қажетті-қажетсіз ақпараттармен толтыруда.
Бүгінде адам ештеңеге таңғалмайтын болды, себебі қиялдан өмір шындығы озып кеткен заман бұл. Интернет деген шексіз ер¬кіндік не нәрсені айтуға да, жұртты даттауға, қаралауға үлкен мүмкіндік берді. Құлағыңды қайда бұрсаң да жақсы хабар тыңдап, көңіліңнің бірленуі екіталай. Интернет желісінен жақсы хабар тыңдай алмадық-ау деп теледидарға көз салсаң, тағы да оқушы қызды бірнеше қыз жабылып ұрды, не басқадай жағымсыз хабар алдыңнан шыға келеді. Ұят, обал деген ұғыммен өскен халық едік қой, қалай болғаны деп жан түршігерлік жағдайлардан бойыңды қорқыныш билеп, үреймен өмір сүресің. Бұдан бөлек өмірімізде күнделікті болып жатқан жағдаяттарға қарап-ақ шешімді тез қабылдап, шалт қимылды қалайтын жастардың ісі қынжылтары анық. Асығыс шешіммен екеуара келіспей қалып, соңы өкінішке апарып жатыр. Осылайша дамыған технология адамның ізгі сезімінің өзін жеп қойып жатыр. Әрбір жан өз сезіміне ие болып, ақылын төреші етіп, әрбір қадамын өлшеп басса, ол адам әрқашан әділеттің ақ жолында болады.
Келіссек те, келіспесек те бұл ғасыр өзгерістердің, жаңалықтардың, дамудың ғасыры. Бәріне топырақ шашпаймыз, Алланың жолында балаларының амандығын тілеп, дұрыс жолды көрсетіп отырған жандар баршылық. Айтарымыз, жастарымыздың бойына бұрынғы өмірімізде болған ізгілік атаулы қайтып келіп, баяғыша сабырлықпен, жайбасарлықпен өмір сүрсе ғой дейміз. Өмір деген адамның алға ұмтылуымен маңызды. Айтып жатқанымыздың бәрі заманды қаралау емес, өмірге деген көзқарасымыздың өзгергені мен жай ғана ұғымдардың мәні ауысқаны жөнінде.
Уақыт зымырап барады. Бір күніміз бір сағаттай, бір аптамыз бір күндей, бір айымыз бір аптадай тез өтіп кетеді.Пайғамбарымыздың бір хадисі бар: «Адамдардың көбі қадіріне жете білмейтін екі нығмет бар, ол - денсаулық пен бос уақыт». Сол себепті сенің нағыз ғұмырың – осы нығметті бағалап, бақытты, көңілің тыныш болып өткізген сәттерің. Ендеше ой-санамызға үміт отын жағып, келешектен тек жақсылық күтіп, алтын уақыттың қадірін білейік, ағайын.
К. ЗДЕНОВА

29 шілде 2023 ж. 280 0