Бос уақыттың пайдасы мен зияны бар
Әрине, уақыттың адам өмірінде ерекше қымбат дүние екенін айтудың өзі артық. Құдайдың өлшеп берген өмірі осы өтіп жатқан уақыт екенін білсек те, терең түйсінуіміз аз боп жатыр. Негізі, уақытты адам мейлінше тиімді пайдалануға әрекет етуі тиіс. Себебі, маңдай термен тапқан бес-он теңгенің өзін мұқият және есеппен пайдаланамыз. Ал, уақыт алтыннан да қымбат дүние. Уақыт жұмсап алтын тапсаң да, алтын жұмсап уақыт табу мүмкін емес.
Міне, сондықтан Құран Кәрімде уақыттың әр мезгілін атап тұрып, «Ағарған таңға серт», «Заманға серт» және «Қараңғылығы басқан сәтте түнге, жарқыраған сәтте күндізге серт» деп Алла Тағала серт еткен.
Абдулла бин Аббас (р.а.): «Екі нығмет бар, ол екеуінен адамдардың көбі алдануда. Ол денсаулық пен бос уақыт», - деген екен. Демек, өтіп жатқан сағаттар мен күндер, айлар мен жылдар адамның баға жетпес байлығы. Ол адамның өмірі. Омар бин Абдулазиз халифа: «Расында, түн мен күндіз екеуі сені пайдалануда. Сен де ол екеуін пайдалан», - деген екен. Ал, Хасан Басри болса: «Ей, адам баласы! Шындығында сен күндерден тұрасың. Егер бір күнің кетсе, сенің де бір бөлшегің кетеді», - деген.
Өткен ғасырдың 80-жылдары әлеуметтанушы ғалымдар зерттеу арқылы мынадай тұжырымдар айтқан екен:
1. Бос уақыт пен адамның өмірлік жеке тәжірибесі өзінің тұлғалық бейнесін дамытуға деген импульс береді;
2. Бос уақыт пен адамның өмірлік жеке тәжірибесі – үлкен мақсаттарға жетуге мүмкіндік;
3. Бос уақыт пен адамның өмірлік жеке тәжірибесі өз мүмкіндігін көрсетуге және өз өмірін реттеуге көмек береді;
4. Бос уақыт пен адамның өмірлік жеке тәжірибесі – білім алуға және тұлға ретінде өсуге, дамуға және кемелденуге зор мүмкіндік;
5. Бос уақыт пен адамның өмірлік жеке тәжірибесі – алдыға талпынуға, біршама тынығып, күш жинап тыңнан жұмысқа кірісуге таптырмайтын мұрсат;
6. Адам сыртқы құрсаудан шыққан соң, өзінің жеке қабілеттерін аша түседі. Тәуелсіз етуге қабілетті екенін түсіне бастайды.
Сондықтан, міндетті түрде бір жақсы мекемеге жұмысқа тұрмасам болмайды деген қисынсыз қағидадан арылу керек. Қорықпай еңбек етуге талпыну керек. Сондықтан, бос уақыт берілген, соны мол мүмкіндік деп білу қажет.
Ал енді, бос уақыты көп жастар пайдалы бір іспен айналыспаса қоғамға және өздеріне зиян боп табылады. Себебі, жастарда денсаулық, жігер және күш бар. Мұны тиісінше жұмсай білмесе болмайды. Міне, сондықтан хадисте: «Қиямет күні пенденің аяғы жылжымай тұрып: өмірін қалай өткізгендігі жайлы, жастық шағын қалай өткізгендігі жайлы сұралады...», - делінген. Адам өріміндегі бір белес жастық шақты айрықша айтуы оның маңызды екенін білдіреді. Тіпті, жастық шақ екі әлсіз балалық пен қарттық шақ ортасындағы күш-қуатқа толы шақ деп айтылған сөз бар. Демек, уақытты босқа өткізудің орасан зор салдары бар. Абдулла бин Масғұд (р.а.) сахаба: «Мен біреудің не дүние ісімен, не ақырет амалымен шұғылданбай бос отырғанын көргенді жақтырмаймын», – деген екен. Ендеше бос уақытты зиянын санамалап көрелік:
1. Бос уақыт адамның мақсатсыз және өмірін мән-мағынасыз өтуіне ықпал етеді;
2. Бос уақыт адамды азғырып, күнә іс жасауға итермелейді.
3. Бос уақыт адам бойынан жалқаулық пен үмітсіздікті оятып, масыл бола бастайды;
4. Кісінің уақыты көп болуы – оның мұраты әлсіз, ақылы аз және жоспары нашар екенінің бір белгісі. Міне, бұл бос уақыттың ең кең тараған теріс әсері. Ал, енді отбасының баланы тәрбиелеуі және уақытын дұрыс жүйелеуіне ықпалы үлкен. Сондықтан, баланың жігіт боп ер жеткенше өміріне ерекше пайдалы іспен айналысуға және өз уақытын дұрыс жоспарлауға үйренгені дұрыс.
muslim.kz