Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ханға да, қараға да уақыт тең

Ханға да, қараға да уақыт тең

              Адам баласына берілген баға жетпес құндылықтардың бірі – уақыт. Бүгінгі күні дамыған өркениетті елдерге бара қалсаңыз, кез келген адамның осы уақыт мәселесіне келгенде тым сараң екенін байқайсыз. Адам баласы уақыттан ұтылған жағдайда көп нәрседен қағылатынын жақсы біледі. Тіпті қалалардағы автобус пен көлік аялдамаларынан жүру мезгілдерінің «15:05», «13:15», «20:12» сияқты әрбір минутқа дейін есептеулі екенін байқап, таңғаламыз. Көліктері де сол белгіленген уақыт ережесінен бір минут озбайды. Біздерден сағат сұрағанда «Тоғыздан он бес минут кетті» десең, «Е, тоғыз жарым десейші» дей салатын уақытқа деген тым ысырапшыл түсінік оларда жоқ.
      Уақыт – бір орталықтан бастау ала­тын және мәңгілікке созылған спираль тәрізді. Біз ауқаттанған кезде астың дәмінен ләззат алып, оның пайдасын көреміз. Уақыт та сол сияқты: сәттерін, минуттарын, күндері мен апталарын қан­шалықты тиімді пайдалансақ, сон­ша­лықты ләззат аламыз, оның өтіп, орал­масқа кеткенін қаламаймыз. Өмір ләззаты мен қуанышы сезіліп, әр­бір күніміз бен келешегімізге үміт отын сыйлаған кезде, қаншалықты көз тоймас нығмет болса да, егер оны ой­лан­бай өткізсек, оның адамның иығына артылған ауыр жүктен ешқандай айыр­ма­шылығы болмайды. Егер қаржылық көзқараспен зер салсақ, уақыт – адам өмірінің ақшалай құны, нақты капиталы. Адамның босқа кеткен әрбір сәті отқа жаққан теңгемен тең. Адамның ақшалай уақыты адамның өзіне байланысты. Біреу­дің бір сағаты мың теңге болса, енді біреулердікі бір тиын. Кісінің кісілігі уақытты босқа өлтірмеуден басталмақ. Даналық жасқа байланысты емес. Елдің бәріне ортақ бір-ақ күнтізбе бар, тек оны әркім әртүрлі пайдаланады.
     «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық»  демек­ші, дінімізде таң намазын оқу үшін ерте тұру – әр мұсылманға парыз екені бел­гілі. Бір күннің бес уақытқа бөлінуі де жиырма төрт сағаттық тәулікті жүйелеп, ұтымды пайдалану үшін  берілген үлкен мүмкіндік. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқ­тық аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтқандай, адам бала­сы­ның бос уақыты – малғұн үшін тап­тыр­майтын мүмкіндік. Бос отырған адамның ойына түрлі жамандық келеді. Оны күнәға итермелейді. Сол себепті бір мұсылманның өмірінде бос уақыт бол­мауы тиіс. «Кітап оқыған бала, егінін егумен айналысқан егінші, тігін тіккен тігінші, ас үйде  тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды»,– деп Ахмет Яссауи бабамыз айтқандай, жұмысы көп адамның жамандық ойлау­ға мұршасы да келмейді.
     Кей жандардың «уақытымды қалай өткізсем екен?» деп  ойлауының өзі қауіп­ті. Қазіргі таңда жастардың түрлі әре­кет­терге баруы, қылмыс жасауы, мораль­дық азғындықтарға салынуы, не істе­рін білмей бос жүруі жиі кездесіп қала­ды. Әсіресе, жазғы демалыс кезде­рін­де балаларға үлкендер тарапынан бақылау күшейтілмесе, айтарлықтай зар­дап әкелуі де  мүмкін.  Сол себепті де мұсылманмын деген адам уақытын бос­қа өлтірмеуі тиіс. Бұл да болса уақыт­ты дұрыс ұйымдастыра алмауынан бо­лып отыр. Адамдардың  бос отырудан сақ­тан­ғаны жөн. Уақыты болса, араз адам­дар­ды татуластыруға, мамандығына сай жұмысымен айналысса, жетім-жесір­лерге қол ұшын беруге дайын тұрса, жалпы пайдалы іспен айналысуға өз уақы­тын жұмсағаны дұрыс.
     Ханға да, қараға да берілетін мерзім – тәулігіне жиырма төрт сағат. Дүниеде уақыт белгілегеннен артық демократия жоқ. Кім уақытын баға­лай білсе, сол ғана тектілердің қатарына қосылмақ.
     Адам уақытты сезінгенде ғана өзін-өзі қадағалап отырады. Өзіне-өзі есеп беруді  белгілейді. Дүниедегі ең жаман дерт еріншектікті жеңеді. Өзін нағыз адам етіп тәрбиелеп шығады.
     Адамның әрбір күні, әрбір сағаты, әрбір минуты мақсатсыз өтпеуі керек. Өмірдегі әрбір уақытын, өз бойындағы қайрат-жігерін, ақыл-ойын өмірге, өзі өмір сүріп отырған қоғамға жұмсап, қалтқысыз еңбек етуге, сөйтіп өзі үшін де, өзгелер үшін де игіліктер жасауға жұмсауы керек. Уақыт бізбен еш уақытта санаспайды, тез өтіп кетеді. Сондықтан өмірдің әрбір сәтін бір күндік қызықтармен ғана қор қылмай, өмірдің ізсіз, мазмұнсыз болмауын қа­да­ғалау керек. Қазіргі жастық шақ – адам­ның өмірінің қайратты да жігерлі, мүм­кіндігі мол тамаша шағы. Оны жылдың көк­тем мезгілімен салыстыруға болады. «Көк­темнің бір күні – жылға азық», – дейді халық. Ендеше жастықтың бір күні сенің бүкіл өміріңе азық деуге болады. Уақыт бар ғой деп бүгінгі ісіңді ертеңге қал­дырма. Өмірдің ұзақ екені рас, бірақ ол біреу ғана. Зымырай шапқан асаудың мой­нын­дағы арқандай шұбатылып, ол тез өтіп кетпек, оны өз тұсыңнан өте бергенде бас салмасаң, өтіп кеткеннен кейін қусаң да жете алмайсың.
     Адам баласы екі нәрсенің қадірін біл­мейді: бос уақыт және денсаулық. Кез келген отбасында адамның уақытын ала­тын нәрселер көп-ақ. Атап айтар бол­сақ, теле­дидар және ұялы телефон. Жасы­ратыны жоқ, бұл күнде көк сандығы жоқ үйді елестету мүмкін  емес. Ұялы  қалта телефон кім-кімнің де айырылмас досына айналған. Қанша алтын уақыттары телефонға үңілумен өтуде. Көп уақытын теледидар алдында өткізетін адамдар көп нәрседен құр қалып жатады. Оның орнына көркем әдебиеттерді оқыса, рухани дүниесіне мол азық болар еді. Уақыттың тағы бір аңдушысы – ұйқы. «Түнгі ұйқысын түгел ұйықтаған адам мақсатына жете алмайды» деген халық даналығының  астарын түнгі уақытын шығармашылыққа арнаған М.Мақатаев ағамыздың өлеңінен де аңғарамыз.
Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,
Ұйықтасын сапарларын тәмамдаған.
Алдымда сапар жолы тарам-тарам,
Ұйықтасам, барлығынан қараң қалам.
     Иә, уақыттың бұдан да басқа жаулары көп-ақ. Уақытты тектен-текке өткізу – көп сөз, көп қыдырудың да еншісінде. Уақыт адамзатпен санаспайды. Оның  қадірін жетістікке жеткен ұлылар қатты бағалай білген. Оған мысал, атақты Эйнштейн бірде өз қызметшісіне мені жарты сағаттан кейін оятарсың деп тапсырып, көз шырымын алмақ болғанда, қызметшісі біраз тынық­сын деп бір сағаттан кейін оятса керек. Сон­да жарты сағат уақытының босқа кет­ке­нін көріп, қызметшісіне  ренжіп, «ал, жарты сағатымды қайтарып беріңіз онда» деп кейіпті. Ұрланған уақытты ешқашан да қайтара алмайсың. Бірақ ұрланған заттың орнын толтырарсың. «Сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың» деген мазмұнды сөздер кім-кімге де ой тастайды. «Уақыт адаммен санаспайды, ал уақытпен санасқан адам адаспайды» деп түйген халық нақылы да тектен-текке айтылмаған.
     Уақыт болса зымырап  бір-біріне ұқса­май өтіп жатыр. Ол ешқашан тоқтап тұрмақ емес. Бір данышпанның мынандай бір қанатты сөзі бар: «Кешегі күн өтіп кетті. Ертеңгі күн белгісіз. Сондықтан бүгінгі күннің құны мен қадірін біл». Расында да, біз өтіп жатқан уақыттың құнын біле бер­мейміз. Көбіне уақыт өтіп кеткеннен кейін ғана «аһ» ұрамыз. Демек уақыт – адам баласына берілген өткінші бағалы зат. Уақыт қайта айналып келмейді. Кей­де бір-бірімізді адам басынан өткен қиын­шылық­тарын ұмыту үшін де «уақыт –  емші» деп жұба­тып жатамыз. Шынымен де уақыт  өте келе, бәрі де ұмытылады, бірақ еске алған кезде жаныңды ауыртатыны хақ.
     Әрбір жылдың, айдың, аптаның, бір күннің, бір сағаттың, бір минуттың, тіпті бір секундтың  да  өзіндік құны бар. Осыны білген жөн.
Бағила Есенбаева,
№81 орта мектеп директоры.
Қызылжар ауылы
26 қазан 2019 ж. 1 520 0