Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәстүрлі республикалық турнир шымылдығы түрілді

Дәстүрлі республикалық турнир шымылдығы түрілді

Арал ауданының белгілі спорт шебері Оңдасын Нақылұлы Жанесеновті еске алуға арналған еркін күрестен дәстүрлі республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Биыл оныншы мәрте ұйымдастырылған жарысқа Атырау, Ақтөбе облыстарынан, Қызылорда қаласы мен көршілес аудандардан келген жас балуандар қатысып, боз кілемде бақ сынауда.

Дәстүрлі турнирдің негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында еркін күресті дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және ел спортына еңбегі сіңген азаматтардың есімін ұлықтау.

Турнирдің ашылуында “AMANAT” партиясы Арал аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Талғат Қанатов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Шара барысында Оңдасын Нақылұлы Жанесеновтің спорттағы жетістіктері мен өнегелі өмір жолы кеңінен айтылды. Арал топырағында туып-өскен саңлақ спортшы еркін күрес, самбо және дзюдо спорт түрлерінен жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, КСРО спорт шебері атанған. Ол спорттағы табандылығы мен адамгершілік қасиеті арқылы көпке үлгі болған тұлға ретінде ел жадында сақталды.
Турнирдің ашылу рәсімінде марқұм спортшының анасы Мәрияш апа мен ағасы Алмас Жанесенов те сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Олар жас спортшыларға сәттілік тілеп, Оңдасын Нақылұлының есімін ардақтап жүрген азаматтарға ризашылықтарын жеткізді.

Жарыс барысында қатысушылар түрлі салмақ дәрежелері бойынша белдесіп, өзара мықтыны анықтауда. Тартысты кездесулер жас балуандардың шеберлігі мен дайындық деңгейін көрсетті.
Жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан бұл турнир бүгінде жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңына айналып, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашып келеді. Сонымен қатар, ел спортының дамуына үлес қосқан азаматтардың есімін ұлықтауға бағытталған тағылымды шара ретінде маңызын арттыруда.
Оңдасын Нақылұлы Жанесеновтің жарқын бейнесі мен еселі еңбегі халық жадында мәңгі сақталады.
#АМАНАТ
22 мамыр 2026 ж. 41 0