Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда еркін күрестен республикалық турнир бастау алды

Аралда еркін күрестен республикалық турнир бастау алды

Бүгін Арал ауданында жасөспірімдер арасында еркін күрестен спорт шебері Жанесенов Оңдасын Нақылұлын еске алуға арналған республикалық турнир бастау алды.

Дәстүрлі турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қатысып: «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту – салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты болып табылады. Республикалық деңгейдегі осындай турнирлер жас балуандардың тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауына үлкен мүмкіндік. Бүгінгі жарыста бағы мен бабы келіскен спортшылардың жеңіске жетуіне тілектеспін» деп Оңдасын Жанесеновтің спорттағы жетістіктеріне тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мұнан кейін сөз алған белгілі спортшының анасы Марияш апай мен ағасы Байғабыл турнирге қатысушы балуандарға ізгі лебіздерін білдірді.

Жастайынан спортқа бейім болған Оңдасын Нақылұлы он екі жасынан бастап еркін күреске ден қойған. Студент шағында да спорттан алыстамай, жоғарғы оқу орындары арасында өткен спартакиаданың бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, «Спорт шебері» атағына қол жеткізген. Әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген кезеңде де күрестің осы түрінен бірқатар жетістіктерге жеткен.

Елге оралған соң еркін күрес пен қазақша күрестен КСРО спорт шебері атанды.

Биыл оныншы мәрте жалауын көтерген республикалық турнирде Атырау, Ақтөбе, Ұлытау, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан келген жасөспірім ұлдар және қыздар үш күн бойы боз кілемде бақтарын сынамақ.

syrboyi.kz
21 сәуір 2023 ж. 292 0