Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда еркін күрестен республикалық турнир басталды

Аралда еркін күрестен республикалық турнир басталды

Бүгін ауданда 2008-2009 жылдары туылған жасөспірімдер арасында еркін күрестен спорт шебері Жанесенов Оңдасын Нақылұлын еске алуға арналған республикалық турнир бастау алды.

Дәстүрлі турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов қатысып: -«Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Қазіргі таңда ауданға қарасты Жақсықылыш кенті мен екі ауылдық округте дене шынықтыру және сауықтыру кешендерінің құрылысы жүруде. Республикалық деңгейдегі осындай турнирлер жас балуандардың тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауына үлкен мүмкіндік. Бүгінгі жарыста бағы мен бабы келіскен спортшылардың жеңіске жетуіне тілектеспін»-деп Оңдасын Жанесеновтің спорттағы жетістіктеріне тоқталып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мұнан кейін сөз алған белгілі спортшының інісі Онталап Жанесенов ұйымдастырушыларға алғысын айтып, турнирге қатысушы балуандарға ізгі лебізін білдірді.

Жастайынан спортқа бейім болған Оңдасын Жанесенов он екі жасынан бастап еркін күреске ден қойған. Студент шағында да спорттан алыстамай, жоғарғы оқу орындары арасында өткен спартакиаданың бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, «Спорт шебері» атағына қол жеткізген. Әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген кезеңде де күрестің осы түрінен бірқатар жетістіктерге жеткен. Еркін күрес пен қазақша күрестен КСРО спорт шебері атанған.

Биыл оныншы мәрте ұйымдастырылып отырған республикалық турнирде Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, және Қызылорда облыстарынан келген 250 жасөспірім 17 команда құрамында 12 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемде бақтарын сынайды.


Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

23 сәуір 2022 ж. 1 873 0