Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Даңқты спортшының есімі ұлықталды

Даңқты спортшының есімі ұлықталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымдарының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады» – деп атап өткен еді.  Осы бағытта ауданымызда тағы бір ауқымды шараның куәсі болдық. Жуырда КСРО спорт шебері Жанесенов Оңдасын Нақылұлын еске алуға арналған еркін күрестен жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті.
Иә, бүгінде қай спорттың түрінен болмасын жетістікке жетіп жүрген аралдық жастар аз емес. Ал белдесу спортынан қай уақытта да аудан балуандарының бәсі биік. Солардың бірі – Оңдасын Жанесенов. 1964 жылы 12 сәуірде дүниеге келген спорт шебері сол уақыттарда қаладағы №213 мектепте оқып жүріп-ақ Кеңес Одағының бәсірелі бәсекелерінде топ жарып жүрген Шоқыр Бөлтекұлы, Бақи Елқондиев, Жүрек Ысқақов, Қабден Байдосов, Махмұт, Мақсұт Омаровтар мен Әбдісалан Нұрмахановтар сынды спорт саңлақтарының шеберліктеріне тәнті болып, спорттың күрес түріне деген қызығушылығы арта түсті. Арал қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрес секциясында Жасағанберген Қазтуғанов, Ертан Қараев сынды еңбегі сіңген жаттықтырушылардан ең алғаш күрес тәсілдерін үйреніп, 1981 жылы орта мектеп бітірген соң Тараз қаласының Жамбыл техникалық институтына қабылданды. Бұл жерде де оқумен қатар «Буревестник» спорт мектебінде жаттығуын жалғастырған ол еркін күрес пен қазақша күрес, самбо және дзюдодан студенттер мен ересектер арасында өткізілген бірнеше спартакиадалар мен біріншіліктердің жеңімпазы атанған. Тумысынан қайсар, өжет мінезді азамат 1984 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуді міндет санап, Иркутск өңіріндегі Байкал округіне әскерге аттанып, 35-551 әскери бөлімінің спорт ротасына қабылданады. Осылай жүріп ерінбей еткен еңбек пен төккен тердің нәтижесінде еркін күрестен КСРО спорт шеберіне кандидат, дзюдо мен самбо күресінен КСРО спорт шебері атағына қол жеткізеді.
Әскерден елге абыроймен оралып, оқуын жалғастырып, аяқтады.
Одан әрі Жамбыл, Ақтөбе облыстарында өнеркәсіп саласында біршама жылдар қызмет жасайды. Кейіннен кіндік қаны тамған Арал өңірінде қызмет етуді де парыз санап, мұнай-газ саласында абыроймен бірнеше жыл қызмет жасайды. Өкініштісі, бұл спортшы өмірінің соңғы жылдары еді. 2013 жылдың 5 ақпанында 49 жасында көз жұмады. Сол жылдан бастап даңқты спортшының есімін ұлықтау мақсатында жасөспірімдер арасында еркін күрестен аудандық турнир өткізілсе, 2015 жылдан бері республикалық деңгейдегі балуандар сайысы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биыл 10-шы мәрте жалауын көтерген турнирдің ашылуына аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қатысып:
– Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту – салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі шарты. Республикалық деңгейдегі осындай турнирлер жас балуандардың тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауына үлкен мүмкіндік. Бүгінгі жарыста бағы мен бабы келіскен спортшылардың жеңіске жетуіне тілектеспін, – деп Оңдасын Жанесеновтің спорттағы жетістіктеріне тоқталса, даңқты спортшының анасы Марияш әжеміз бен  Байғабыл ағамыз барша жарысқа қатысушы жас балуандарға сәттілік тіледі.
Жоғарыда айтқанымыздай, оныншы рет өткен турнир үш күнге созылып, жергілікті спортшылардан бөлек, Атырау, Ақтөбе, Ұлытау, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан келген жасөспірім ұлдар және қыздар жеңіс үшін барын салды.
Әр аймақтың мықтылары жиналған боз кілемдегі белдесуде ауданның балғын балуандары да намысты қолдан бермеуге тырысты. Жарыс қорытындысы бойынша 26 келі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Нұрқанат Ақмырзаев алтыннан алқа тақса, Айжарық Исламбек, Шыңғыс Рүстемов, Мансур Жанболатов, Құдияр Аманқос, Әлимансур Ермек, Әліби Бахытұлы, Досбол Шәкімаратов, Думан Толғаев, Жандарбек Смағұл, Санжар Ерланұлы, Мирас Мейрімхан, Мадияр Айтұрғанов, Дінислам Медетбаев, Нұржан Әбілбай, Дәрібай Ерсұлтан, Қасым Әлиасқар сынды жерлестеріміз де жүлделі орындардан көріне білді.
Осындай спорт түрлері көрермендерге көптеп жол тартса, ауданымыздың спорт саласында жасындай жарқылдаған жас балуандардың  ұлттық құрама сапында бой көрсетіп, қарасы қалыңдай түсетініне сенім білдіремін.
А. САНАҚҰЛОВ
29 сәуір 2023 ж. 657 0