Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Спорт мерекесі күнімен құттықтады

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Спорт мерекесі күнімен құттықтады

Құрметті спортшылар қауымы!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала әрі мемлекеттегі әлеуметтік саясаттың негізгі бағыты болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында қоғам арасында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын ескеріп, 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жасаудың өзектілігіне тоқтала келе «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағыты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек», – деген болатын.
Расында, cалауатты өмір салтын қалыптастыру мен спорттық дәстүрлерді сақтау – жас ұрпақ саулығын нығайтып, оның ішкі-сыртқы тәрбиесін дамытуға ықпал етеді.
Біздің ауданымызда да бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт кешендерінің жүйесі кеңейе түсуде. Мектептер мен спорт үйірмелерінде дене шынықтырумен шұғылданушылар саны көбейіп келеді.
Қазіргі таңда ауданда 246 спорттық нысан халыққа жұмыс жасаса, оларда 27 689 адам (аудан халқының 34 пайызы) дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданады.
Ауданымызда спортқа ден қойған адамдар саны жылдан жылға арта түсуі қуантады. Айдынды өлкемізде дүбірлі додаларда топ жарып, ауданымызбен қатар, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген саңлақтар жетерлік. Олар облыс көлемінде ғана емес, республикалық, халықаралық деңгейде де мақтанарлық нәтижелерге жетуде. Олардың қатарында қазақ күресін биік белеске жетелеген Нұрым Сәлімгереевтің есімін ерекше атап өтуге болады. Ал бүгінгі таңда ұрпақ сабақтастығын жалғап, әмбебап жекпе-жектен атой салып жүрген жерлестеріміз де аз емес.
Осы тұста айта кету керек, жыл басынан бері аудан спортшылары Қазақстан Республикасының ресми (ҚР чемпионаттары мен біріншіліктері) жарыстарында 10 алтын,13 күміс, 12 қола, жалпы 35 медальға ие болды. Сондай-ақ Азия біріншілігінде ауданымыздың 2 жас спортшысы Азия чемпиондары атанды.
Осындай толағай табыстарға қол жеткізуіміз спортшыларымызбен қатар, жаттықтырушыларымыздың да маңдай тері мен табанды еңбегінің нәтижесі деп білеміз.
Құрметті спортшылар!
Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болары айқын. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту жолында Сіздердің жасап келе жатқан қызметтеріңіз ерекше.
Бүгінгі мереке қарсаңында барлық спортшыларды, жаттықтырушыларды, ардагерлерді, спортқұмар жанкүйерлерді құттықтай отырып, мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Елдің үміті мен тілегін арқалап, сенім үдесінен шыға білетін, ел мен жер абыройын қорғай білетін білекті де жүректі спортшыларымыздың қатары көбейіп, аудан спортының жетістіктері мен табыстары арта берсін! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Ізгі ниетпен, аудан әкімі Серік СЕРМАҒАМБЕТОВ
21 тамыз 2022 ж. 968 0