Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Бәтеңке

Қаладағы  сауда орталықтарының біріндегі ең ірі дүкен Васия  ағайдікі. Атауына қарап оны көбі орыс деп  ойлап қалады. Бірақ нағыз қазақ. Шын есімі – Болатбек. Орыс балалардың ортасында өскен соң достары оны «Вася» деп атап кеткен. Осы базардағы аяқ киім дүкенінің ең ірісі де, әрі іздегеніңді табатын мол көлемде таңдау бары да Вася ағаның дүкені. Өзі де ашық жарқын жайдары адам. Кейде тіпті ұнатқан бәтеңкеңе бес-он тиының жетпей тұрса, ойланып тұрып «Ех, жақсы, ала қойшы» деп бетіңді қайтармай беріп жіберетін жомарттығы тағы бар.
Студент жылдардың алғашқы кезеңі болатын. Қаланы дұрыс білмейтін кезіміз. Күз мезгілі жақындап күн суыта бастаған соң алғашқы шәкірт ақыма қалыңдау аяқ киім алайын деп қаладағы құрбы қыздарымнан қайдан алуға болатынын сұрадым. Бәрі Вася ағаның дүкеніне баруға кеңес беріп, дүкеннің орналасқан жерін нұсқады. 18-нөмірлі қоғамдық көлікке мініп алып, әлгі жерге келдім. Маршуттан түсіп сәл бұрылыс жасағаным сол еді, алдымнан үлкен "Аяқ киімдер әлемі" деген дүкен шыға келді. Іздегенім осы болар деп асығып барып, бас сұқтым. Жұрт мақтаса мақтағандай-ақ екен. Іші толы аяқ киімнің небір түрін кездестіруге болады. Мезгіл алмасқан кез болған соң ба, абыр-сабыр адам көп. Бірі аяғына киіп көріп, енді бірі өлшемін сұрап шуылдасып жатыр екен. Ауылдан келген аңқау бала мұндай дүкенді бұрын-соңды көрмеген соң аузым ашылып бәрін алғым келіп жағалап келемін. Қалтамдағы ақшамның аздығына қарап жатқан мен жоқ. Не болса да жақсысын алайын деп ойлап қоямын. Бірақ ертеңгі ішер асым мен сабаққа қатынайтын жол ақымды да ойлап тұрмын. Ұнатқан аяқ киімімді киіп көрейін десем тағы қысылып қойшы, әйтеуір не істесем болады деп жүргенде, дүкен ішін 5-6 мәрте айналып шықтым. Бір кезде жасы елулер шамасындағы қараторы келген, шашында сәл ағы бар кісі маған жақындап келеді. Дүкеннің иесі Вася деген ағай осы болар шамасы деп топшылап қоямын. Маған қазір «бос сенделмей алмайтын болсаң шық» деп дүрсе қоя бере ме деп басымды теріс бұрып тұра бердім.
– Қызым, қандай үлгідегі аяқ киімді іздеп жүрсің, - деп сұрады.
Мен абдырап, ұялғанан екі бетім алаулап қызып барады.
– Сабаққа киетін жәйлі аяқ киім іздеп едім...
– Ааа, студентсің бе?
– Иә,
– Онда біздің дүкенде студенттерге жеңілдік бар. Ұнатқаныңды кейіп көр. Сосын бағасына келісеміз демесі бар ма?
Сондағы қуанғаным-ай! Дереу манадан көздеп жүрген кішкене өкшелі қоңыр күздік бәтеңкені қолға ұстап өз өлшемімді сұрадым. Аяққа сұғып, айнаға қарап көрсем жарасып-ақ тұр екен. Ал енді ақшасын төлеу керек. Төлем жасайтын арнайы жер бар екен. Жақын барып таңдаған аяқ кейімімді ұсындым. Кассада тұрған қыз 16500 теңге екендігін айтқанда шошып кеттім.
– Сіздерде студенттерге жеңілдік бар деді ғой. Жеңілдікпен бағасы осынша ма?
– Қайдағы жеңілдік. Бізде ешкімнің статусына байланысты жеңілдік жасалмайды. Аласыз ба? Әлде таварды кері қайтарайын ба? – деді.
Не болып кетті деп тұрмын. Алайын десем, бар шәкіртақым 19 мың теңге. Не де болса осы ақшаны келесі айға дейін үнемдеуім қажет. Қазір бұл аяқ киімді алсам басқа шығындарыма ақша жетпейтіні белгілі. Сөйтіп не істерімді білмей ішкі ойыммен алысып тұрғанымда, кассаға Вася ағай келмесі бар ма?!
– Қызыма бұл аяқ киімді 10 мың теңгеге беріңдер. Мен жеңілдік жасап жатырмын, – деді. Кассир қыз аң-таң. Мен мәзбін. Не керек, сол күрең бәтеңкені күз, көктем кейіп студенттік 4 жылды аяқтадым. Одан кейін де ылғи аяқ кейімді осы дүкеннен келіп алатын болдым. Вася ағай да мені жақсы танып алған. Барсам қуана қарсы алып керек аяқ киімімді тауып, жеңілдік жасап беретін. Бірде ағаның өзге дүкен иелеріне ұқсамайтын осындай қарапайым қасиетіне тәнті екендігімді айтып салдым. Және себебін сұрадым. Сол күні Вася ағаймен болған әңгіме маған қатты әсер етті.
– Еее, қызым. Осы дүниенің бәрі маған оңай жолмен келген жоқ. Мен мына дүкенді таза еңбегіммен аштым, – деді.
– Аға, неге аяқ киім саудасын таңдадыңыз. Әлде нарықта сұранысқа жоғары ма?
–  Шынымды айтсам, менің ең алғаш аяқ киім сататын кішкене дүңгіршек аштым. Ол кезде осынша табысты боламын деп ойлаған жоқпын. Кейін біртіндеп саудам жүріп, дүкенді кеңейттік.
– Сонда жәй ғана аяқ киімді сатып көрейін деп бастап кеттіңіз ба?
         – Негізі мен қарапайым отбасында өстім. Жанұяда алты ағайынды едік. Әкем кеңшарда тракторшы болды. Анам мен ес білгенде аурушаң еді. Үй шаруасына әрең шамасы жететін. Бірде тоқ, бірде аш балалық шағымыз өтіп жатты. Ол кезде киім ойлайтын шама жоқ барды іліп жүре береміз. Біз негізгі мектептен соң қаладағы интернетта оқыдық. Ауыл қалаған жақын орналасқан еді. Әр демалыста ауылға жаяу қатынайтынмын. Бірде ауылға қайтайын деп жиналып жолға шықтым. Аяғымда ағамнан қалған сотбалдай өзіме 2-3 үлкен өлшемді бәтеңкені сүйретіп базар маңымен өтіп барамын. Бәтеңкемнің табаны жұқарып,  жан-жағындағы сетінеген тігісінен суық өтіп тұр. Аңғал басым аузым ашылып әр нәрсеге қызығып жүргенімде, жол шетіндегі тасқа сүрініп әлгі лаж қылып жүрген аяқ киімімді жыртып алмасым бар ма? Ал енді қайтпекпін? Не де болса амал жоқ, маған ешкім тегін бәтеңке ұстата салмасын білдім де, жыртық бәтеңкемді сүйретіп ауылға қарай бет алдым. Үйге жеткенше әлгі сүйретпеге айналған бәтеңкенің де саудасы бітті. Анам бұл түрімді көріп жылап жіберді. Бірақ өзім қиналғанымды білдірмей жымиып тұрмын. Әкем марқұм сол күні ауыл айналып жүріп тозған бәтеңкелерді жинап маған таң атқанға дейін бірінің табанын, енді бірінің бетін салып жаңа аяқ киім құрап берді. Базардан сатып алғандай қуанышымда шек жоқ. Сол кезде неге екенін білмеймін, "әке, өскенде менің аяқ киім сататын дүкенім болады. Сол кезде аяқ киімнен таршылық көрмейтін боламыз" – дей салыппын. Кейін қалада жоғары оқу орнын оқып жүріп базарда аяқ киім сататын әпкенің жүкшісі болып жұмыс жасадым. Сол апайдан аяқ киім саудасының жәй-жапсарын үйреніп, кейін өзім де жеке кәсіп бастаймын деп шештім. Өзім сондай қиындық көрген соң дүкенген келген әрбір адамның жүзіне қарап-ақ оған қандай аяқ киім керек екендігін біліп тұрамын. Сосын өзің сияқты өз күнін өзі көріп оқу оқып жүрген студенттерге жеңілдік жасаймын, – деді.
         Өмірде кез келген нәрсенің кездейсоқ болмайтындығына көзім жетті. Адам баласы жастық шақтан неге мұқтаж болып, қиындық кешсе болашақта өзі армандаған дүниесінің ортасында шалқып өмір сүреді екен. Ең бастысы, кіршіксіз балалықтан туған арманған жету жолында адал жол таңдап, тынбай еңбек етсең болғаны. 
Н. МАРАТҚЫЗЫ
19 қазан 2021 ж. 720 0