Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Егер таңдау берілсе, қазақ боп туылар ем»

«Егер таңдау берілсе, қазақ боп туылар ем»

Ұлты – орыс, өзі – қазақ. Аралда осындай азамат тұрады. Есімі – Александр, тегі – Амелькин. Бұл жігіт ағасын түріне қарап «орыс» деп ойларыңыз анық. Алайда онымен тілдессеңіз, қазақтан ешқандай айырмашылығын көрмейсіз. Тіпті өзінің ұлттық тіліне шорқақ. Балалары да қазақы ортада өсіп, қазақ болып кеткен. Салт-дәстүрді берік ұстанбаса да, аттап өткен емес.
А.Бисенов

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында біз онымен тілдескен едік. Әңгіме барысында осыны ұғындық. Негізі, Сыр өңірінде көптеген өзге ұлт өкілдері тұрады. Аралдың өзінде сонау Кеңес заманында келген өзге ұлт өкілі баршылық. Солардың бірі – кейіпкеріміздің әкесі Александр Петр 1976 жылы Украина жерінен Кеңес әскері қатарына қосылып, Каспий теңізі жағасында өзінің әскери борышын өтеген. Кейін әскери тапсырма бойынша Аралға келіп, ол кезде күйі қайтпаған теңізде болып, өзінің міндетті әскери борышын атқарады. Уақыт өте, осында жерсініп, 1979 жылы аралдық Надежда есімді орыс қызға үйленіп, осында болады. Алайда сол жылы тұла бойын дендеген аурудан айыға алмай, бақилық болған. Құрсағындағы сәбиімен жесір қалған Надежда апай 1980 жылы өмірге кейіпкерімізді алып келеді. Әкесінің көзі болсын деген ниетпен атын Александр қойған. Міне, сол Александрдан бүгінде 4 ұрпақ тарап, жұбайы Айзада екеуі бақытты отбасына айналып, ғұмыр кешуде. Александрды өмірге әкеліп, қазақы ортада тәрбиелеген Надежда Кондратьева 2002 жылы қайтыс болған. Александр өзі қаладағы №14 мектеп-лицейін бітірген соң, Алматы қаласындағы заң колледжіне оқуға түседі. Ол жақтан заңгер мамандығын алып шыққан орыс жігіті жас күнінде бірнеше саланың шылбырын ұстаған. Өзі оқыған мамандығы бойынша да еңбек еткен. Алматы, Қызылорда сынды үлкен қалаларда еңбек еткен ол, уақыт өте туған жерден артығы жоқ деген оймен Аралға қайтып оралады. 2016 жылдан бері «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты «Толқын» газетінде тасымалдаушы болып еңбек етеді. Осында өзі бірге ойнап өскен қазақ достарымен бірге жүріп, бірде жастар бас қосқан отырысқа барып, сонда Айзада есімді қазақ аруын жолықтырып, уақыт өте сөз байласып, отбасын құрған. – Алғашқы танысқанда ол жарым болады деген ой келген жоқ. Алайда жазмыш қой. Қазір шүкір деймін. Біздің екі ұл, екі қызымыз бар. Үлкен ұлым №64 орта мектепті бітірді. Тағы бір балам осы мектепте оқып жатыр. Ал екеуі №14 мектеп-лицейінде оқиды. Мен оларға «сендердің ұлтың орыс, сендер орысша білулерің керек!» деген сөзді ешқашан айтқан емеспін. Тіпті керек десеңіз, олар да орысшаға шорқақ. Орысша үйренсін деп орыс мектебіне берген балаларым кейде орыс тілінен төмен баға алып келеді. Ал қазақ тілі пәнінен жақсы баға алады. Біз осылайша қазақпыз. Және солай болып қала береміз, – дейді кейіпкеріміз Александр. Түрі басқа болса да, тілегі бір болған өзге ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алған қазақтай дарқан халық жоқ шығар жер бетінде. Тіл, діл демей-ақ талай ұлт өкілін бауырына басқан қазақтың кең құшағы қанша тағдырды сыйдырды. Сондай жылулық пен кең пейілді көріп өскен Александр да өз балаларына ұлттық ұстанымдарға байланысты ешқандай шектеу қоймаған. «Олар кім болса да, немен айналысса да – өз еркі» дейді сөз арасында. Расында солай секілді. Көрген жерде «ассалаумағалейкүм» деп қос қолын ала жүгіретін ұлдарына қарап, қазақ бауырыңды көресің. Мұның бәрі тәрбие негізімен ұштасып жатыр емес пе?! – Өз басым оңашада «Мен орыспын, олай болса, орыстың тілін, орыстың дінін ұстануым керек» деген ойды ешқашан ойлап көрмеппін. Маған діннің ешқандай маңызы жоқ. Ислам дінінен ешқашан теріс айналған емеспін. Керісінше, қос қолдап қолдаймын. Оның жолын өзім ұстанбасам да, балаларым ұстанады. Мәселен, үлкен ұлым биыл ораза тұтып жатыр. Менің оған ешқандай қарсылығым жоқ. Ал ұлтқа келер болсақ, менің таңдауым – қазақ. Егер маған екінші өмір беріліп, орыс пен қазақ болудың таңдауы берілсе, сөзсіз қайта қазақ болуды таңдар едім, – дейді кейіпкеріміз Александр Амелькин. Иә, біз үнемі сыртынан біліп, көрген жерде қол алыспай өтпейтін орыс ұлтының өкілі Александр осындай азамат. Қазаққа деген кең пейіл мен риясыз алғысты естігенде, іштей тебірендік те. Себебі кімнің болмасын көңілін жықпаған, қысылғанға қолдау, жығылғанға демеу болған дарқан пейілді қазақтың ендігі күні алғысқа толы болуы керек қой. Осы елден пана тапқан Александрдың да айтпағы осыған саяды.
01 мамыр 2020 ж. 782 0