Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралға келін ұйғыр қыз

Аралға келін ұйғыр қыз

Қазақтың дарқан даласынан қоныс тапқан өзге ұлт өкілдері бүгінде жергілікті халықпен біте қайнасып, тіршілік етіп, өмір сүруде. Олар қазақтармен туыстық қарым-қатынас орнатқан. Бірі – бөле, бірі –жиен, енді бірі құда-жекжат болып, мызғымастай берік қамал орнатты. Аралда өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері де баршылық. Солардың бірі – аралдық жігітпен көңіл жарастырып, келін атанған ұйғыр ұлтының өкілі Эльвира Навирдинқызы бүгінгі әңгімеге арқау болмақ.
Н. Маратқызы

Тағдыр жолы талай жандарды табыстырды. Ал ұлы сезімнің алдында әр пенде дәрменсіз. Бұл жандарды да табыстырған осынау құдіретті күш. Эльвира Алматы облысы, Ұйғыр ауданында өмірге келеді. Отбасында үш баланың кенжесі. Ерке өскен қыз мектеп бітірген соң, Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орнына «Аударма ісі» мамандығы бойынша түседі. Студенттік өмірдің алғашқы күні аралдық жігіт Жанболаттың көзіне ақсары келген нәзік ару ыстық көрінеді. Осылайша олардың арасындағы жақын қарымқатынас махаббатқа ұласып, отбасын құрады. – Мен небәрі 17 жасымда үлкен шаңырақтың кіші келіні болып түстім. Біздің ұйғыр халқымен қазақтардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ұқсас болып келеді. Тек ұйғырларда келіннің үлкендерге иіліп сәлем салу дәстүрі жоқ. Бір ерекшелігі, ұйғыр халқында той үстінде оттан секіріп билейтін ғұрып бар. Жаңа түскен кезде қиындықтар болған жоқ деп айтсам, өтірік болар. Бастапқыда ауа райының жаз мезгілдегі ыстығынан қатты қиналдым, – деген Эльвира өзінің Аралдың келіні атанған шақтағы өмірінің қызық та қиын тұстарын әңгімелеп берді. Ол өсіп-өніп, тамырын тереңге жайған Нұрымбетовтар отбасының келіні атанды. Туған үйінен жырақтағы келіндік өмір ол үшін айтарлықтай ауыртпашылық әкелмеді. Өйткені енесі Тәжігүл апа мен абысыны Гүлжанат жас келіннің отбасылық өмірге үйреніп кетуіне барынша қолдау көрсетті. – Мен барлық жағынан өзімді жолы болған адаммын деп есептеймін. Енем мен абысыным алғашқы күннен бастап менің қателігіме түсіністікпен қарап, білмегенімді үйретті. Соның арқасында жергілікті халықтың тұрмысына тез бейімделіп кеттім. Аралдың халқы – өте жайдары ашық-жарқын жандар. Мені өзге ұлттың қызы деп жатсынбады. Қайта ерекше ықылас танытып, жылы қарымқатынас орнатты,– дейді ол. Эльвира мен Жанболаттың отбасын құрғанына үш жылға жуық уақыт болды. Осы жылдар ішінде олар екі перзентті өмірге әкеліп, ата-ана атанды. Жоғары оқу орнын қашықтан оқып жатқан Эльвира биыл диплом алмақ. Еңбекқор келіншек үй тірлігінен бос уақытында балаларды ағылшын тілінен дайындайтын курс ашқан. Қазір өзінің осы жұмысын әрі қарай дамытуды жоспарлап жүр. – Аз уақыттың ішінде Аралға үйреніскенім соншалық, өз үйіме жылына бір рет төркіндеп барамын. Сол кезде екі-үш күннен соң ауылға қайтқым келіп, көңілім осында бұрып тұрады. Бұған себеп те жоқ емес. Осы мекен менің бақытымды еселеді. Өмірімді мәнді де мағыналы етті. Болашақта балаларды ағылшын, орыс тілінен тереңдетіп оқытатын білім беру орталығымды ашқым келеді, – деген Эльвира болашаққа құрған жоспарымен бөлісті. Тірлігі мығым жас келіншек жақындарының көңілін тапқан. Ғасырға жуық жасқа жеткен үлкен анасының бабын тауып, батасын алса, енесінің жанашыр жақынына айналған. Ал жолдасының бауырларын өз бауырындай қабылдап, үнемі жылышырай, жайдары мінез танытатын Эльвираға қайын жұртының құрметі бөлек. Бақыт біреулер үшін мансап, біреулер үшін мол табыс болса, Эльвира үшін бақыттың мәні – отбасының беріктігі мен амандығында. Оның қаны ұйғыр болса да, жаны қазақ. Қазақ халқының ұрпағын өмірге әкеліп, тіршілік нәрін сыйлаған аяулы ана, ардақты әйел.
01 мамыр 2020 ж. 1 965 0