Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бар халықты сыйдырған бауырым деп

Бар халықты сыйдырған бауырым деп

Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен, еліміздегі тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құрған күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі. 2015 жылдан бері Алғыс айту күні мемлекеттік мереке қатарына енгізіліп, тойланып келеді. Аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі М.Оразбаевтың қатысуымен «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...!» атты мерекелік кеш өтті. 
Тамырын тереңнен алған, тарихы талайдан басталатын, арал­дық­тардың қай кезде де ел бірлігі мен ұрпақ саулығы, ұлт амандығы жолында өзге ұлт өкілдерін жатсынбай, бірлесіп атқарған ерлік істері көпке мәлім. Сонау жалыны қазақ даласын шарпыған Ұлы Отан соғысы жылдарында  ел қамын ойлайтын халық екендігін танытқан аралдықтар пана сұрап, елге келген өзге ұлт өкілдеріне қамқорлық танытып, өзіне тартты. Арал жұртының қазақ халқына тән осы бір кеңпейіл қасиеті әлі күнге жалғасып келеді. Шараға жиылғандарды мерекемен құттықтаған аудан басшысы аралдықтардың осынау дархан пейілді, жанашыр халық екенімізді дәлелдейтінін айтты.
– Бүгінде елімізде қалыптасқан қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің арқауы Қазақстан халқы Ассамблеясы болып табылады. «Ынтымақты ел – ырысты ел» дейді даналарымыз. Аралда өмір сүріп жатқан 83 этнос өкілі – орыс, кәріс, татар, өзбек, украин, әзербайжан мен қырғыздар  ауданымыздың дамуына өзіндік үлестерін қосып, жергілікті халықпен бірге тату-тәтті күн кешуде,– деді.
Ширек ғасыр өтсе де, талай ұлт пен ұлысты өзге деп бөле-жармай, өзіміздей көріп, бауырымызға бас­тық. Құда-жекжат болып, туыстық қарым-қатынас орнаттық. Олар да әр салада табысты еңбек етіп, елдің өркендеу жолында қызмет етіп жүр. Олардың қиындықта қамқор болған қазақтарға деген құрметі де жоғары.
Шара барысында әр ұлттың өмір салтынан сыр шертетін композициялық көрініс көрсетіліп, әндер мен билер орындалды. Сондай-ақ өзге ұлт өкілдері Татьяна Уткина мен Виктор Чумаш аталары қоныс тепкен Арал топырағында дүниеге келіп, осында білім алып, жұмыс істеп, өмір сүріп жатқандығын мақтанышпен айтты.  Қазақ хал­қына, өздеріне құшақ ашқан арал­дықтарға алғысын жеткізді.
Арал өңірінде ұлы достық пен адамгершілікті қадір тұтқан жандар көп. Ұлт татулығы ұрпақ тәрбиесінен басталары баршаға аян. Әрбір халықтың  тілін, ділін, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтай отырып, мәдени іс-шараларды жүзеге асыру дос­тық­қа, бірлікке, сыйластыққа жол ашады. Өзара татулық пен тұтастық арқылы ғана  Қазақстанды кез келген ғаламат жоспарларды іске асыратын қуатты мемлекет ете аламыз.
Халқымызда «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген аталы сөз бар. Қазақ жерінен қоныс тапқан сан ұлт өкілдері мемлекеттің даму жолында ауызбіршілік танытып, алға қойған мақсатқа бірге жетеріне сенім мол.
«Толқын» ақпарат
28 ақпан 2020 ж. 846 0