Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖҮЗІ БӨЛЕК, ЖҮРЕГІ БІР ЖАНДАР

ЖҮЗІ БӨЛЕК, ЖҮРЕГІ БІР ЖАНДАР

Дана халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның бүгінгідей қарыштап дамуы  тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нәтижесі. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен несібесі мол болмақтығын назарда ұстаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып елімізді бірліктің, келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен татулықтың құтты шаңырағына айналдырды. Ал, 2016 жылдан бастап тойланып келе жатқан «Алғыс айту» күні Қазақстанды мекен еткен сан түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген сыйластығын еселей түсуде.
Елімізде тұрып жатқан ұлттардың ана тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтауға, ары қарай өркендетуге толықтай мүмкіндік берілген. Барлық этностарға Ата Заң негізінде білім алып, еңбек етіп, әртүрлі салаларда табысқа қол жеткізу үшін жағдай жасалды. Қазіргі күні көк байрақ астында 130-дан астам ұлыс пен ұлт өкілдерінің тыныштықта өмір сүруі жалпы халыққа ортақ, тең дәрежелі көзқарастың дұрыстығы. Бүгінде ауданда   78 мың халық тұратын болса, оның 100-ден астамын өзге ұлт өкілдері құрайды. Бір шаңырақ астында орыс, корей, татар, молдован, қырғыз, украин, қарақалпақ бауырларымыз тату-тәтті, ынтымақта өмір сүруде.  Бұл жандардың ата қоныстан орын тебуінің өзі әрқилы:  бірі  - тағдыр тәлкегімен, бірі – жүрек қалауымен келіп, қазақ халқының мейірім шуағына бөленіп, адал дос, баянды бақыт тапты. Солардың ішінде Арал өңірі тарихында есімі ел есінде мақтан тұтар ардақтылары да жетерлік. Бір ғана Кеңес Одағының батыры Мин Александр Павловичтің Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс, Орталық, Украина және Белоруссия майдандарындағы, Волынь облысының елді мекендерін жаудан азат етудегі ерлік істері өскелең ұрпаққа өнеге. Одан беріде «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі», «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, ауданның сол кездері хоккейден облыс және республика біріншілігінде бірнеше рет жүлде алуына тер төккен бүкілодақтық дәрежедегі төреші, ұстаз Иван Данилович Шульганың, 30 жылдай бір ғана білім ұйымын басқарып, «Халық ағарту саласының үздігі» атанған Федоров Дмитрий Федоровичтің еңбектері Арал тарихында қалары сөзсіз. Өскелең ұрпаққа еткен еңбегін үлгі тұтарлық Тен Бон Чун, Ким Полинала, Любовь Темофеевналар және  қазақы салт пен дәстүрді бойына сіңірген отбасылар көпке үлгі бола алады. Оның ішінде, Тен Юрий Алексеевичтің, Тен Сергей Владимировичтің және тағы да басқа тілі бөлек, тілегі бір отбасылар мемлекеттік тілімізді дамытуда ерекше үлес қосып келеді. Олардан өрбіген ұрпақ та осы елде өз орынын тауып, табысты еңбек етуде. Мәселен, бүгінде журналист Тен Ирина  Ұлттық арнадағы «Таңшолпан» бағдарламасы арқылы қазақ жұртын ұйқысынан оятса, Анна Данченко 31 арнаның «Сәт сапар» бағдарламасын жүргізіп, халық алғысына бөленіп жүр.
         Иә, Арал өңірінде мұндай ұлы достық пен адамгершілікті қадір тұтқан жандар баршылық. Ұлт татулығы – ұрпақ тәрбиесінен басталары баршаға аян. Әрбір халықтың тілін, ділін, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтай отырып, сыйластықта өмір сүру біздің қанымызға сіңген қасиетіміз.
         Қазақстанды кез келген ғаламат жоспарларды іске асыратын қуатты мемлекет ету жолында табанды еңбек етіп жүрген Аралдан шыққан жүзі басқа, жүрегі бір бауырлардың жергілікті жұртқа, өсіп-өнген жерлеріне айтар алғысы шексіз деп білеміз. Себебі, олар  бірлігі жарасқан халықтың  ұлы белестерді бағындыра алатынына сенеді.
НАЗЕРКЕ БАҚЫРАДИН
01 наурыз 2018 ж. 1 697 0