АБЕРДИНДЕ ОҚЫП ЖҮР...

Солардың бірі Арал қаласының тұрғыны Байжанова Гүлсара Әлижанқызы. Бүгінгі күні Гүлсара «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Абердин қаласындағы Абердин университетінің лигвистика мамандығы бойынша білім магистрі. Гүлсара Арал қаласындағы № 13 мектептің түлегі. Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ғылым жолына түсуді мақсат тұтты, мектеп қабырғасында жетістігін еселей түсті. Жан-жақтылығымен барлық пәнді терең меңгерген Гүлсараның қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығы ерекше еді. Мұны байқаған пән мұғалімі Назгүл Молжігітова оқушы қызды түрлі жарыстарға дайындай білді. Нәтижесінде алғыр жас пәнаралық олимпиадаларда топ жарып, аудан мен облыстан 1-орынды иеленді. Ал, республикалық олимпиада да Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің білім грантын жеңіп алды. Ол осы білімпаздығы мен табандылығының арқасында қазіргі таңда да мол жетістікке жетіп жүр. Алға қойған мақсатын қандай?- деген сауалға Гүлсара:
-Алға қойған мақсатым көп. Қазір жастарға қай салада болмасын мүмкіндік мол. Ең алдымен Қазақстанның әдемдік аренадан айшықтап көрінуіне тамшыдай болса да үлес қоссам деймін. Себебі, шетелдіктердің қазақтарға деген құрметі мен қызығушылығы ерекше.Жат жерде соны аңғардым. Біз туралы көп білгісі келеді. Оқуымды тәмәмдаған соң елге оралып, қызмет қылсам деген ойым бар. Әрине, осы армандарым орындалса ата-анамның үкілі үмітін ақтаған болар едім » - деп жауап берді.
Алдағы уақытта Аралдың алғыр қызы Гүлсараның қазақ тілінің дамуына үлес қосып, шетелдік тәжірбиемен ғылыми жаңалықтар ашатындығына сеніміміз мол.
Н.Маратқызы
