Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚР Президенті: Мемлекеттер арасындағы сенім мәселесі өте маңызды

ҚР Президенті: Мемлекеттер арасындағы сенім мәселесі өте маңызды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Терроризм мен экстремизмге қарсы мемлекеттер тек қана бірлесіп күресе алады. CCTV телеарнасына сұхбат берген Қазақстан Президенті Назарбаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.CCTV телеарнасының тілшісі Мемлекет басшысына сұхбатында 2018 жылдың қаңтар айында Қазақстан тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болғанын атап өтті. «Қазақстанның төрағалық етуі Сіздің халықаралық деңгейдегі абыройыңыз бен Қазақстан дипломатиясы жетістігінің арқасы екені сөзсіз. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде Қазақстан қай бағытқа басымдық бергелі отыр?» - деп сұрады телеарна тілшісі. Нұрсұлтан Назарбаев жауабын Тәуелсіздік алғанына бар-жоғы 26 жыл толып отырғанына қарамастан, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің Тұрақты емес мүшесі ретінде сайлану құрметіне ие болып отырғанынан бастады. «Өткен аптада мен Нью-Йоркта болып, Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына төрағалық еттім. Біз ядролық қарусыздандыру мен мемлекеттер арасындағы сенім тақырыбында дискуссия өткіздік. Біршама жаңа шаралар ұйымдастырдық. Біздің мақсат пен міндет - Орталық Азия аймағындағы бейбітшілік пен тыныштық үшін жұмыс жүргізу, Ауғанстанда тыныштық орнамай тұрғандықтан, ұжымдық тұрғыда Ауғанстанға альтернативті өндіріс құру жолында қалай көместесуге болатынын шешіп, жағдайды тұрақтандыру. Себебі, ол біздің көршіміз», - деді Президент. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Ауғанстан арқылы Пәкістанға, Үндістанға шыға алады. «Алайда ішкі қауіпсіздіктегі (Ауғанстанда - авт.) әлсіздік мұнай-газ құбырлары мен автокөлік жолдарының өтуін қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан, Ауғанстанның ішінде тұрақтылық орнатуда біздің мүддеміз ортақ. Біз осы бағытта жұмыс жүргіздік», - деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қазіргі таңда осы жұмысты атқарып отырғанын мақтан тұтатынын айтты. «Ол өте жоғары бағаланып жатыр. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің өкілдері Кабулға барып, ел ішіндегі жағдайды зерделеп қайтты. Өкінішке қарай, соңғы жылдары әлсіреп қалған мемлекеттер арасындағы сенім мәселесі терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бағытында өте маңызды. Онымен тек қана бірлесе күресуге болады. Әрбір мемлекет жеке-жеке күресе алмайды. Терроризм - қай жерде болмасын бас көтеретін зұлымдық. Оның майданында ешқандай шектеу жоқ. Қашан және қай жерде бұрқ ете түсетінін білмейсің... Сондықтан, мемлекеттердің арнайы қызметтерінің байланысы өте маңызды. Міне, осы бағытта біз жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Аян Бекенұлы  
17 ақпан 2018 ж. 1 402 0