Нұрпейіс қайтыс болыпты

— Нұрпейіс қайтыс болды. Ертең жаназасы, — депті. Әлгі шал астындағы атын борбайлата шауып, аулына жетіпті. «Нұрпейіс өлсе, жаназасына бірге барамыз» деп жүрген екі-үш көршісіне айтыпты. Бәрі бас қосып, «тағы кімге хабарлаймыз» деп ақылдасыпты.
— Ойбай-ау, адамды көбейте беріп нең бар, көптен не тиеді, өзіміз-ақ барамыз, — депті біреуі.
Бұлар бір ұйықтап тұрып, түн ортасында жолға шығыпты. Жол бойы Нұрпейістің киімін бөлісіпті.
— Нұрпекеңнің қара барқытпен тысталған бір қасқыр ішігі бар деуші еді. Жуғысына түсіп, соны мен алайын, — депті бірі.
— Менің шапаным бүтін, бірақ кебіс, мәсім жыртылып жүр еді, аяқ киімін мен-ақ алайын, — депті екіншісі.
Осындай дәме етіп, бөлісумен түні бойы жүріп, олар күн шыға Нұрпейіс ауылына жақындапты. Сақал-мұртын қырау басып келе жатқан бұларға бір атты жолығыпты.
— Жол болсын, — депті атты.
— Әлей болсын. Нұрпейістің жаназасына келеміз.
Атты аңырап тұрып қалыпты да, сәлден соң:
— Нұрпекең жаңа ғана атына мініп, базарға кетті ғой, — депті.
Әлгілердің басынан тас түскендей болыпты. Ақыры қол-аяқ, құлақтарын үсітіп, араға бір қонып, олар үйлеріне зорға жетіпті.