Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сарыайғыр батыр

Сарыайғыр батыр

Сарыайғыр батыр Сатыбалдыұлы – XVIII ғасырдың жиырмасыншы жылдарының шамасында дүниеге келген. Қарақалпақтар мен қазақтар арасындағы қақтығыста өзінің ерлігімен даңқы шыққан батыр. Жайлаған қонысы қазіргі Арал ауданының Жаңақұрылыс елді мекенінің маңайында болыпты. Батырдың мәңгілік тыныстаған жері Жаңақұрылыс ауылынан 11 шақырым батысқа қарай орналасқан.
Батыр бабамыз туралы ел аузында көп сақталған аңыздардың бірінде Кішкененің Матығұлы Нұрбай бидің қартайған шағында қарақалпақтар келіп, бидің 300-400-ге тарта жылқысын шауып, барымталап алып кетеді. Сол кезде би елден жырақта болса керек. Сапардан келген соң жылқының ұрланғанын естіпті. Бұл кезде жылқы баратын жеріне барып болған екен.
         Осылай үш жыл өтіпті. Бір күні Нұрбай би халықты жинап: «Менің қарақалпақтарда арым, намысым кетті сол жылқымен бірге. Мен ол жылқыдан кедей болып қалмаспын. Бірақ менің намысымды қорғап, қарақалпаққа баратын адам бар ма?» деп сұрапты. Сонда Сарыайғыр батыр: «Мен барамын» деп орнынан ұшып тұра келген екен. Риза болған атақты би: «Қасыңа жасақ беремін. Қарулы аттармен бар» дейді. Бірақ, батыр: «Жалғыз барамын» депті.
Сонымен, Сарыайғыр батыр өзінің айтқан күнінде бес қаруын сайлап, қарақалпаққа жол тартыпты. Жол жүріп, ел ішіне кіріп, сұрай-сұрай жылқының қамалған, маталған жеріне дейін жетіпті. Содан жылқышылардың қосында бір аптадай болады. Бір күнітаңертең ерте тұрған батыр тамақтанып, намазын оқып, бес қаруын асынып, жылқышыларды шақырып: «Мен осыдан үш жыл бұрын кеткен жылқыны қуып келіп тұрмын. Осы жылқыға ие болып отырған Барлы деген батырды маған шақырыңдар» депті.
         Ата-бабасының атын атап, түсін түстеп дегендей, әруағын шақырып ақырғанда, қосқа таяу жердегі төбеге 1000-ға тарта жылқы үйіріліпті. Бұл хабарлы естіген Барлы батыр сайланып шыға бергенде, аяқ астынан аспанды бұлт торлап, бармақ басындай бұршақ жауа бастапты. Сонда Барлы батырдың бәйбішесі: «Бұл адамға қарсы барма, басыңнан айырыласың, тегін адам емес» деген екен.
         Бірақ, қарақалпақ батыры бәйбішесінің басу айтқан сөзін тыңдамай, атамызға келіп, жекпе-жекке шығыпты. Ол кездің тәртібі бойынша жекпе-жекке шыққандар кезек-кезек сайысатын болса керек. Барлы батыр бірінші кезегінде Сарыайғырды қамшысымен бір тартыпты. Сарыайғыр батыр ат жалына құлап, бірақ аттан түспепті. Өз кезегі келгенде қарақалпақ батырын бір тартып аттан аунатып түсіріпті. Аттан құлаған Барлы батырға жігіттері барып: «Бұл жалғыз қазақты тірі жібермейміз» деген кезде, Барлы: «Менің бас және аяқ жағымды қараңдаршы» депті. Сөйтсе, құлаған Барлының бас жағынан бір, аяқ жағынан екі жер Сарыайғыр батыр қамшымен тартқанда ор болып қазылып қалған екен. Сонда қарақалпақ батыры: «Бұл адамды үйге алып жүріңдер. Қонақ қылып, ақиреттік дос боламын» депті.
         Сонымен, Сарыайғыр бабамыз қарақалпақ батыры Барлының үйінде қонақ болып, берген ат-шапан айыбын алып, басқа берген малын алмай, елге қайтқан екен. Жолай қасына қосып берген жігіттерге: «Малды екі күн тоқтаусыз айдаңдар да, сол жеткен жерге тастап, өздерің қайтыңдар, қалған жерге жылқы өзі барар» депті. Нұрбай би жылқы келген соң: «Қайтқан малда қайыр бар» деп, Сарыайғыр батырды қонақ қылыпты. Қайтарында: «Жылқының тең жартысын ал» дегенде, алмапты. «Енді қандай тілегің бар?» дегенде, «Маған бір құлақ су мен жер бер, сол жетеді» депті.
         Сарыайғыр батыр балаларына «Жеті ата ұрпағыңды осы жер асырайды және атағымды осы жер шығарады, мал болса бір жұттық» дегендей-ақ, атаның жеті атаға дейінгі ұрпақтары осы жермен күнелтіп, тіршілік еткен екен. Қазір Арал қаласында тұратын жетінші ұрпағы Қалжан Сабыралиев ағамыз: «Бала кезімізде осы жерде масақ терген едік» дейді. Ал, жергілікті халық Сарыайғыр батырдың әруақты әрі ержүрек болғандығын айтып, құрмет тұтып, қастерлейді.
Мұхтар Әнәпияев.
12 ақпан 2019 ж. 1 944 0