Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ертең «Қиырдағы қазақтар» фильмінің тұсаукесері өтеді

Ертең «Қиырдағы қазақтар» фильмінің тұсаукесері өтеді

Ертең Астанадағы «Mega Silk Way» СОО-да Моңғолия қазақтарының тарихы мен бүгінін баяндайтын «Қиырдағы қазақтар» деректі фильмінің тұсаукесері өтеді. Бұл жобаны 2017 жылдың маусым айынан бастап www.e-history.kzпорталының базасында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жүзеге асырды, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.
Деректі фильмнің мақсаты – ұлттық сана мен төл тарихты жаңғырту, алыс-жақын шетелдерде тұрып жатқан қазақтардың шынайы өмірін көрсету.
Түсірілім тобы өте ауқымды жұмыстарды атқарды. Ресейдің Астрахань, Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласын, Өзбекстанның Ташкентте Кенимех ауданына дейінгі және Тәжікстанның Худжанд қаласына дейінгі жерді, бас-аяғы он мыңдаған шақырым жерді басып өтті. Ғажайып тарихи орындарды көзімен көрді, ерекше тағдыр иелерін тауып, таспаға түсірді.
«Қиырдағы қазақтар» деректі фильмдер топтамасының Моңғолия қазақтарына арналған бөлімінде ел астанасы Ұлан-Батыр қаласында және оған жақын орналасқан Налайхан ауданында ғұмыр кешіп жатқан этникалық қазақтардың бүгінгі тіршілігі көрсетіледі. Тіпті көмір қазушылардың алдыңғы сапында болған көптеген қандастарымыз Налайхан кен орындарында тер төгіп, отан игілігі үшін көмір өндіріп отыр. Сондай-ақ ұлттық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді заманға сай жаңғыртуда, байырғы қазақ киімдерін күнделікті тұрмыста киіп қолданады. Жоғары білім алған санаулы қазақтардың абыройлы қызметін көрсетуге тырысты. Елге еңбегі сіңген тарихи тұлғалар жайлы деректерді жинап, ондағы Қазақстан елшілігінің маңызды жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады.
Тұсаукесерге мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, БАҚ басшылары, ғалымдар, тарихшылар, блогер-журналистер қатысады.
Бұл маңызды іс-шара оралмандардың тарихи отанына бейімделу мәселелеріне тағы бір назар аударуға және де тарихи отанынан тыс өмір сүріп жатқан этникалық қазақтардың мәселелерін көтеруге мүмкіндік береді.
Өту уақыты: сағат 19.00
14 ақпан 2018 ж. 1 247 0