Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕТЕС БИДЕН ЖЕТКЕН ЖӘДІГЕР

ЖЕТЕС БИДЕН ЖЕТКЕН ЖӘДІГЕР

Аудандық музейде Арал-Қазалы аймағында өмір сүрген әйгілі Жетес бидің тұтынған заттары бар екенін білесіз бе? Ел арасын бітістірген дала данагөйінің мыс шәйнегі мен ағаш сандығы бүгінде мұражайдағы құнды экспонаттардың қатарында сақтаулы тұр. Тарихи жәдігерлер топтастырылған мәдени орталықта келушілерді қызықтыратын заттар жетерлік. Алайда, әйгілі биден қалған құнды дүниелер барған көпшіліктің назарын бірден өзіне аударады.
Аудандық музей директоры Мәди Жасекеновтің айтуынша, мыс шәйнекті 1991 жылы Жетес бидің кіші баласы Алғазы Жетесов тапсырған екен. Бұл 5 литрлік ыдыстың диаметрі 30 см болады. Шүмегі құс тұмсықты, астыңғы жағы отқа қоюға ыңғайлы етіп жасалған шәйнекті үй тұрмысына пайдаланған. Шәйнекте Жетес бидің руы – Жақайымның таңбасы басылған. Тілді би 19 ғасырда өмір сүргенімен шәйнектің жасалған уақыты одан ерте, яғни 18 ғасырға тиесілі. Бұл Ресей шеберханаларының бірінде, орыс ұсталарының қолынан шыққан бұйым. Қазақ жеріне қалай келген дейсіз ғой? Шәйнекті Жетес биге сол кездегі Қазалы уезінің генерал-губернаторы сыйға тартқан.
Сонымен қатар, музейде би тұтынған ағаш сандық та бар. Көлемі орташа экспонат жіңішке сым темірлермен бекітілген. Сандықтың сыны кетсе де, сыры кетпеген. Музей мұраларынаың құндылығын арттырып тұр.

Жалпы, Жетес би – ХІХ ғасырда өмір сүріп, даулы мәселелерді шешуде көзге түскен, айтқан бітімгерлік сөздерімен ел есінде сақталған шешен. Ол орамды ойлары мен тіліп айтар тапқырлығының арқасында халық арасында "Тілді би" атанған. Бүгінге дейін Жетес би айтқан деген өсиеті мол даналық сөздер ел аузында жүр. Көпшілік бас қосқан бір үлкен жиында Жетес шешеннің тапқырлығын сынамақ болған бір беделді ақсақал "Адамның, жердің, сөздің, пікірдің сәні неде?" депті. Сонда Жетес би "Адамның сәні - өнер, білім, акылы, жердің сәні - жеміс, өнім, дақылы, сөздің сәні - өнегелі нақылы, пікірдің сәні - ойландырар мақұлы" деп жауап берген екен. Бүгінде "Тілді бидің" өнегелі өсиетінен өзге музей сәніне айналған ол тұтынған заттар ұрпақтарына мұра боп қалды.
М.ЖАСҰЛАН.
01 маусым 2018 ж. 2 052 0