Қолөнершілер көпке таңдай қаққызды

Үлкен еңбек пен асқан төзімділікті, қолдың икемі мен шеберлігін және қанатты қиялды талап ететін қолөнер бұйымдарын жасау екінің біріне беріле бермейтін дара қасиет, Алладан берілген дарын. Ертеден-ақ, ел аралаған саудагерлер мен керуеннен сұралатын бұйымдар да осы көз майын тауысқан жандардың туындылары болған. Ең бағалы дүние саналған. Тіпті, қазіргі күнге дейін мұражайларымызға сән беріп, құнды жәдігер ретінде қазақтың ұлтының мақтанышына айналып тұр.
Десе де, бүгінгі күні осы құнды жәдігерлер жасап шығатын жандардың өлшеусіз еңбегі еленбей келетінін жасыра алмаймыз. Әсіресе, аудан көлемінде атадан балаға мирас болып жектен өнер түрі кенже қалып келеді. Алайда, бұл кезде бәрі басқаша сипатта өрілуде. Нақтырақ тоқталсақ, жұртшылықтың назарына көп іліге бермейтін қолөнер туындылары, жерлестеріміз Гүлнар Анапияева апамыздың алаша, жүннен жасалған бұйымдары, Мырзабек Қаныбаевтың ағаш пен сүйектен қиюын тауып ойып жасалған заттары, Шайхы-Ислам Мағауияұлының мүйіз бен теріден және Құрманғазы Бектұрсыновтың мүйізден жасалған дүниелері жиналғандарға таңдай қаққызды.
Біздің қоғамда ұлттық өнерге жанашырлар да жетерлік. «Алтынның қолда барда қадірін біл» деген сөзді жандарына жалау еткен жандардың бірі деп аудандық мәдениет үйінің басшысы Алмасбек Молжігітовты айтар едім. Көрме барысында ауданымыздың алтын қолды шеберлерінің ұлттық нақыштағы киіммен қамтылуына барынша жағдай жасаған А.Молжігітов:
– Қолөнер көнеден келе жатқан көркем өнерлеріміздің бірі. Талай шеберлер мен зергерлер шыққан біздің ауданымызда сол жолды жалғастырушы жастарымыз табылып жатқаны қуантады. Қанға сіңген өнеріміздің қадірін қашырмау үшін ерекше қабілет иелеріне әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз, - деп сөз сабақтады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.