Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Табалдырықты неге басуға болмайды?

Табалдырықты неге басуға болмайды?

Әй, табалдырықты бастап, табалдырықта тұрма, дегенді сіз де талай естіген боларсыз? Қазақ халқы қай істі бастаса да ырымға балайды. Шаш алудың да өз әдісі бар. Бұлай алсаң бала болашақта былай болып өседі, тырнағын дүйсенбі күні алсаң жақсы болады, бейсенбі-жұма күндері алсаң бәле жоламайды деген ырымдары жетеді. Мұның әрқайсысының себебі мен маңызына басқа жолы тоқтала жатармыз. Бүгін табалдырықты неге басуға болмайтынын айтайын. Қашанда асығып жүретін көршіміз Әсия апай әдеттегідей табалдырықта тұрып, үй ішімен амандасты. Сөйтті де анама келген уәжін айтып, «қалаға жұмыстарымен кетіп бара жатқанын. Екі-үш күн үйде болмайтынын. Үйіне көз қырымызды салып тұруымызды» өтінді. Ол асыққан сайын анам да өз алдына асығып «жарайды, жарайды, алаңдама» деп есікті жауып алды.
Бұл көріністі тамашалап отырған нағашы әжем Әсия әпкенің де, анамның да әрекетін жақтырмады. «Үйіңе кім келсе де табалдырықтан аттап, үйге кіруін сұран. Қажетін сосын айта жатар. Ол өзіңе деген құрметің. Сосын үйіңе келген кісіні міндетті түрде сыртқы есікке дейін шығарып сал. Ол оған деген құрметің. Дап-дардай болып осыны білмесең саған ұят. Мына отырған ұл-қызыңа үлгі. Саған қарап бой түзейді, тәрбие алады. Кеше ғана қаймағы бұзылмаған қазақи ауылдан шыққан едіңдер. Бүгін қалалық болып кеттіңдер ме? Бүгін сен осылай істесең, ертең балаң не істейді? Онсыз да күтіп жатқан қонағы жоқ, жайылған дастарқаны жоқ, улап-шулаған бала-шағасы жоқ үйлер қадам сайын көбейіп кетті. Осының бәрі сайып келгенде тәрбие мен көрегенділікте, қарағым, - деп нағашы әжем анамды (қызын) ұрсып тастады. Көзіміз бақырайып отырған бізге қарады да әжем "табалдырықты неге басуға болмайтынын білесіңдер ме, білгілерің келсе, айтайын" деп анамды да жанына отырғызып алды.
...Алла Тағала әрбір жаратылысты, әрбір істі есеппен жасаған. Үлкендер бата бергенде, тілек айтқанда құт ұялаған, бақыт қонақтаған, береке дарыған шаңырақ болсын деп жатады. Мұның мәні тереңде. Мен де сендердей жас болғанмын. Менің де әжем болған. Ол кісі бізді жанына отырғызып алып, керемет мағыналы әңгімелер айтатын. Соны сендерге айтып берейін. Саналарыңа сақтап алыңдар, деп әңгімесін бастады:
«Баяғыда Құт, Береке және Бақыт деген үш дос болыпты. Үшеуі ақылдасып, ел аралауға шығыпты. Ол кезде өзіне тоқ отбасы өте аз болған деседі. Сөйтіп ұзақ жол жүріп ашығып, шөлдеп келе жатқанда бір үйге тап болыпты. Есігін қағып, кіруге рұқсат сұраса, іштен әйел дауысы кіруге рұқсаттың жоқ екенін, қонақ күтуге жағдайының келіңкіремейтінін айтыпты. Үш досы әрмен қарай жүріп кетіпті. Осылайша жолай кезіккен 5-6 үйге кіре алмапты. Әбден қалжыраған олар бір төбеге шығып, түнеп шығуды жоспарлайды. Сонда төменгі жақтан шамның жарығы көрінеді. Құт екі досын сол үйге баруға үгіттейді. Бірақ екеуінің райы қайтып қалғандықтан баруға бас тартады. Құт далада қонудан қорқып, достарын әрең көндіріпті. Сөйтіп үшеуі түн қараңғысында әлгі үйдің есігін қағыпты. Үйден құрақ ұшып шыққан қариялар оларды құшақ жайып күтіп алыпты. бізге тамақ керек емес, тек түнеп шықсақ болғаны депті үшеуі жарысып. Сонда отағасы қазан асып бере алмасақ та, тары қуырып беруге шамамыз жетеді деп үшеуіне дастархан жайған екен. Үш дос қариялардың кеңпейілдігіне риза болып, сол үйде мәңгі тұрақтап қалыпты. Үйдің өзі шағын, артық адамға артық орын да жоқ. үй иелері ұялғандарынан өз төсектерін ұсынған екен. Сонда Құт тұрып, әркім өз төсегіне ие болсын. Мен табалдырықта қонамын депті. Береке еш ойланбастан дастарханға жайғасыпты. Ал Бақыт төр менікі деп иеленіп алыпты. Сол түннен бастап кедейшілікте ғұмыр кешіп келген қариялардың шаңырағында тоқшылық пен молшылық орын алыпты. Ду-думан да осы үйде болыпты, асыр салған бала-шаға да осы үйге үйір болыпты. Міне шаңырақтарына құт-береке, бақыт дарыған қариялардың ұрпағын біздер жалғастырып келеміз. Сендер осы көргенді, жомарт жандардың ұрпақтарысыңдар. Ата-әжелерің сондай керемет жан болған. Неге сендерге солардың ізін жалғамасқа?! Бұдан былай естеріңде болсын қай кезде, қай уақытта есігіңді қағып қонақ келсе табалдырықтан кіргіз. Құт келеді. Төріңе отырғыз. Бақытың еселенеді. Дастархан жайып, асыңды бер. Берекең артады. Міне, осыны әжемнің өсиеті деп мәңгі естеріңде сақтаңдар, - деді әжем.
Иә, өнегелі өсиет, мағыналы әңгіме біздерге мәңгі азық. Баршамыздың табалдырығымызға құт қонсын, төрімізге бақыт орнасын, дастарханымыздан береке кетпесін, деп тілейік Алладан.
Асыл АРМАН.
ernur.kz
28 шілде 2019 ж. 1 243 0