Елде эпидемиологиялық жағдай тұрақталды
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform2026 жылғы эпидемиологиялық маусым басталғалы бері елде жедел респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттанушылық өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13%-ға төмендеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова хабарлады.
Оның айтуынша, елде жыл сайын қыркүйек пен сәуір аралығында 4–5 миллион ЖРВИ және 2 мыңға дейін тұмау жағдайы тіркеледі.
— Биыл тұмаудың 3 027 зертханалық расталған жағдайы анықталды. Оның ішінде А (H3N2) — 2 967, А (H1N1) — 53, В типі — 7 жағдай. Тұмауға қарсы 2,2 миллионнан астам адам егілді, бұл халықтың 11%-ын құрайды, — деді Сархат Бейсенова.
Комитет төрайымы қараша айында ЖРВИ шекті деңгейден асып, жағдай күрделенгенін атап өтті.
Жалпы республика бойынша ауру өршіп тұрған кезде 13 өңірде 11 812 сынып қашықтан оқыту форматына ауыстырылды, 18 193 сыныпта кабинеттік жүйе алынып тасталды және оқушылардың сыныптар арасындағы жүріп-тұруын азайту мақсатында белгіленген кабинеттерде ғана оқыту ұйымдастырылды, бұл мектептердегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
— Қазір республика бойынша жалпы білім беретін ұйымдарда оқу процесі штаттық режимде жүргізіліп жатыр, бұл мектептердегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді, — деді комитет төрайымы.
Сархат Бейсенова тұрғындарды алдын алу шараларын сақтауға шақырды.
— Қол гигиенасын сақтау, көпшілік жүретін жерде қауіпсіз қашықтықты ұстану және қажет болған жағдайда маска тағу инфекцияны жұқтыру қаупін төмендетеді, — деді ол.
syrboyi.kz










