Бүгінгі көрусің қадірі
Бүгінгі заманда адамдар бір-біріне тілек айтуды жеңілдетіп алды. Телефон арқылы құттықтау, әлеуметтік желіде қысқа хабарлама жазу – қалыпты құбылысқа айналды. Бір сәтте ондаған адамға «мерекеңізбен» деп жазу оңай. Алайда осындай жеңіл құттықтаулар көбейген сайын шынайы жүздесудің, қол алысып көрісудің қадірі де ерекше сезіле бастайды.Қазақ халқы ежелден амандасу мен көрісуге үлкен мән берген. Көрісу күні – сол ұлттық дәстүрдің жарқын көрінісі. Бұл күні адамдар бір-бірінің үйіне арнайы барып, құшақтасып көрісіп, «Бір жасыңмен!» деп жылы лебізін білдіреді. Мұндай сәттер тек сөз алмасу ғана емес, адамдардың арасындағы сыйластық пен бауырмалдықты тереңдететін ерекше құндылық.
Қазір көп жағдайда адамдар жақындарына хабарлама жіберіп, міндетін орындағандай болады. Бірақ экрандағы қысқа сөз бен адам жүзіндегі шынайы қуаныштың айырмасы жер мен көктей. Көрісу – тек амандасу емес, ол – көңілдің жақындасуы, сағыныштың басылуы, жүректегі жылылықтың бөлісуі.
Көрісу күні адамдарды бір-біріне жақындатып, ағайын арасындағы байланысты нығайтады. Бұл – ұлттың бірлігін сақтайтын рухани көпір. Сондықтан технология қанша дамыса да, адам мен адамның арасындағы шынайы қарым-қатынастың орнын ешбір құрылғы алмастыра алмайды.
Көрісу – қазақтың жүрек жылуын жеткізетін дәстүр. Сол себепті бұл мерекенің мәнін жоғалтпай, жас ұрпаққа оның қадірін түсіндіру – баршамыздың міндетіміз. Өйткені бір ауыз жылы сөз бен бір құшақ кейде мыңдаған хабарламадан да қымбат.
Ә.ҚУАНДЫҚОВА










