Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БҮГІН - КӨРІСУ КҮНІ

БҮГІН - КӨРІСУ КҮНІ

Бүгін – қазақ халқы үшін ежелден келе жатқан Көрісу күні басталды. Байырғы кезде бүкіл ұлысқа ортақ болған Амал мерекесі бүгінде еліміздің батыс аймағында дәстүрлі түрде аталып өтіледі.
1917 жылғы Қазан көтерілісінен кейін жаңа уставпен халқымыз Григориан күнтізбесіне ауысып, күн санау 13 күнге артқа шегерілді. Ал оған дейін жаңа жыл 1 наурызда тойланатын еді. Бұл мерекенің ертеден келе жатқанын дәлелдейтін нәрселердің бірі – атауы. Олай дейтініміз, "Наурыздың" бұрынғы атауы "Хамал" болған.

Бейімбет Майлиннің қаламынан тамған "Шұғаның белгісі" повесіндегі: "...Содан бері қыс сонда бала оқытып, жаз елде болады. Сол жылы июньнің бас кезінде келіп еді. Содан бері Әбдірахманды көргенім. Маған: «Маған көріспейсің бе» деп қалжыңдады. Әзілдесіп үйге кірдік..." "...Маған қарап Шұға күлді. - Мезгілімен келіп көрістіңіз-ау, - деді. Мен не айтарымды білмедім..." деген сөйлемдер немесе ұлы Абайдың: "Ойдағы ел қырдағы елмен араласып, Қуанысып, көрісіп, құшақтасып," - сынды өлең жолдары бұл мерекенің еліміздің барлық өңірінде тойланғанының дәлелі. "Көрісу" дегеніміз не? Ең алдымен, Көрісу – қыстан жұтқа ілінбей, аман шығып, жаңа жылға аман-есен жеткені үшін шүкіршілік етіп, қуану мейрамы. "Өлі риза болмай, тірі байымайды" дегендей, бұл күні бірінші кезекте әр үй өзінің ата-бабасының, қайтыс болған жақын-жуықтарының басына барып, зиярат қылады. Бұл күні таңертеңнен үйдің есігі айқара ашық болады. Келген кез келген қонақ үлкен демей, кіші демей еш бөгетсіз үйге кіріп, көрісе алады. Әрбір үй бауырсақ, ет, құрт, балқаймақ сынды дәмділерін дайындап, қонақ күтеді. «Амал күні», «Көрісу күні» деп аталатын бұл мереке жайлы түрлі деректер мен аңыз-әпсаналар бар.

Негізінен «Амал мерекесі» тек батыста ғана емес, бұрындары еліміздің көп жерлерінде болғанға ұқсайды. Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14-март — ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты — Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты — ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» — деген. Осыған қарап, ХІХ аяғы мен ХХ ғасырдың басына дейін қазақ даласында көрісу дәстүрі болған деген пікірмен келісуге болады. Кеңес үкіметінің саясатына байланысты, еліміздің көптеген аймағында Амал мерекесін тойлау ұмытылып, батыс өңірлерде ғана сақталып қалған секілді. Тіпті кей археологтар Амал мерекесінің түп-төркінін Адай тайпасының пайда болуымен байланыстырады.

Жасы кішілер үлкендердің үйіне кіріп, көрісіп, бата алады. Барған үйдің дастарханынан ауыз тиіп жатады. Ал егер қандай да бір үйден қыз ұзатылған болса, бірінші жылы сол қыздың үйіне төркіні көрісіп барады. Халық бір-біріне "Жылың құтты болсын! Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!" деп, екі қолдап көрісіп, төс қағыстырып жатады.

Көрісу мейрамы – ата-бабамыздан мирас болып қалған салттың бірі. Оны еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін дәріптеп, сыйлап, жалғастырып келе жатыр. Өткен жылдың ренішін жаңа жылға алып кірмеуі үшін адамдар бір-бірінен кешірім сұрайды. Реніштерін ұмытып, татуласады. Ал жырақта жүріп, ағайын-туыспен көрісе алмаған адам еліне барған күні барлығымен "Жылың құтты болсын!" деп көрісуі керек. Көрісуге келген кішілерге бауырсақ, тәтті тағамдар беріледі. Бұл да "жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз мол болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін" деген ниеттен туған.
14 наурыз 2020 ж. 3 471 0