Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қырдағы ел мен ойдағы ел араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып...

Қырдағы ел мен ойдағы ел араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып...

Қазақстанның батыс өңірінде әз Наурыз 14 наурыз – Көрісу мерекесімен (Амал мерекесі деп те атайды) басталады. Көрісу күні ресми мейрам ретінде мойындалмаса да, батыс жұртшылығы бұл күнді асыға күтеді. Осы бір айтулы күннің тек Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында ғана тойланып, республикамыздың барлық өңіріне жайылып, кең таралмай жатқаны себепті, біз көрісу күні не істеу керек, мейрамды қалай атап өту керек деген сұрақтарға жауап беруді жөн көрдік. Әрине Маңғыстау тұрғындарының жыл басын наурыздың 14-інен бастауында тек айдың тууы ғана емес, одан да тереңірек заңдылықтар жатуы мүмкін. Оған әртүрлі деректер келтіруге болады. Өйткені табиғатпен біте қайнасқан көшпелі халықтың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесі, ілімі олардың қателеспей, нақты шешімге келуіне жағдай жасайды.
1822-1915 жылдар аралығында өмір сүрген қазақ даласына белгілі атақты жұлдызшы Бекасыл әулиенің «Жұлдызнама» кітабында көп нәрсе айтылады. Әлем жаратылысын, тарихи шежірелерді терең білген Бекасыл әулиенің осы кітабындағы «Наурыздың белгісі» деген тарауда: Көк қарға он бесінде келер, Жиырма екісінде күн мен түн теңелер, Бұл кезде жыл есебі берілер. Хамал мен сәуір Отыз бір күннен келер, Сәуір кіргенде бәбісек шақырар. Жыл жақсы болса Оншақты күн бұрын шақырар, – дегені бар... Көрісу күнінде жасы кіші адам жасы үлкен адамның үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе құдайы көршіге алдыңғы ретте кіріп шыққан жөн. Көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп айту керек. Адамдар үй ішін жуып, тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды. 14 наурыз күні таң біліне бастағанда ешкім ұйықтап жатпауы керек. Әсіресе, қарты бар үйлер оянып, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады. Міндетті түрде әр үй дастарқанын толтырып, бар тәттісін қойып, бауырсақ, жеті шелпек пісіреді. Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастарқан жиылмайды. Адамдар бірбіріне түске дейін көрісіп шығуға тырысады. Түске дейін нағыз мейрам сезіледі. Ал кешігіп қалғандар болса, біртіндеп кешке дейін келе беруіне болады. Көрісе келген адамдар (көбіне кішкентай балақайлар) көрісіп шыққан үйінің дастарқанынан дәм алып кетеді. Адамдар жаңа не таза киім киіп, өкпе-ренішті ұмытып, көрісу күнінде бір-бірімен табысады. Көрісе шыққан адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, дастарқанға шақырады. Біреуден қарыз алған болса, қарызын осы күнге дейін иесіне беріп тастауға тырысады. Көрісу күнінің рәсімі бойынша, ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер болса, құшақтасып, беттерінен сүйіп, көріседі. Тек келіндердің аталарымен және қайынағаларымен көрісулеріне болмайды деген ырым бар. Бұл күні ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүру керек. Көрісуге келмеген адамға «Көрісіп шықпады» деп реніш білдіру орынды саналады. Сондықтан береке мен бірліктің мейрамы Көрісу күні құтты болсын!
Амал мерекесі неге 14 наурызда тойланады? Тарихқа көз салсақ, Амал мерекесінің 14 наурызда тойлануының бір себебі, күнтізбенің алмасуында жатыр. Әлем жұртшылығы шаруаның жайына қарай, қардың еруі, өзендердің тасуы, құстардың көктемде келіп, күзде қайтуын ескеріп, осы құбылыстардың қайталануын жыл деп есептеп, табиғи күнтізбелер жасаған. 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И. Ленин қол қойған декрет қабылданды. Бұл кезде Юлиан және Григориан күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді. Декретте көрсетілгендей, 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Соның әсерінен бұрын 1 наурызда Жаңа жыл – Ұлыс күнін тойлайтын қазақ елі 1918 жылдан бері қарай 14 наурызда көрісіп келеді деуге болатын сияқты. 14 наурыз күні Ай мен Үркердің қиылыса өтуін қазақ халқы тоғыс деп атаған. Тоғыс осы 14-15 наурызға сәйкес келеді екен. Халық осы уақытты қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды деп есептеген. Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы Хамал (Амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы болып табылады. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Ертеде біздің қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. Ал әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларының бірі Жәнібек Қожық: «14 наурыз Амал мерекесін, «Көрісу күні» деп мемлекеттік мерекелер қатарына қосу керек. Амал мерекесі 14 наурызда басталады. Бұл мереке – қазақ халқының ең ежелгі мерекелерінің бірі. Кезінде бұл күнді қазақ халқы жаппай тойлаған. Бірақ уақыт өте келе «Көрісу күні» тек батыс облыстарында сақталып, соның ішінде Маңғыстауда ерекше аталып өтеді. Осы Амал мерекесі, «Көрісу күнін» мемлекеттік мереке күніне қосып, ел болып тойласақ қалай болады? Оның қасында жаңа жылды да бір ай бұрын тойлап жүрген жоқпыз ба?» деген ұсыныс тастаған еді. Әрине, көрісу күнін еліміздің барлық өңірі жаппай атап өтсе, бұл бізді біріктіре түседі деп ойлаймын.
15 наурыз 2020 ж. 1 081 0