Қызылшаның алдын алу шаралары
Қызылша – ауа-тамшы жолы арқылы өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Ауру қоздырғыштары ауру адам сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы тез таралады. Бұрын қызылшамен ауырмаған және осы ауруға қарсы егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтырып, ауырып қалу қаупі өте жоғары. Ауру көзі -тек науқас адам, яғни жұқпа ауру адамнан сау адамға жұғады. Қызылшамен балалармен қатар ересектер де ауырады,яғни адам өзінің өмірінде кез-келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін.
Аурудың белгілері: дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, көздің қызаруы, іріңдеуі, тамақтың қабынуы тәрізді белгілер болады. Аурудың 2-4-ші күнінен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы ауру жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7-ден 14 күнге дейін, кей жағдайда 21 күнге дейін созылады.
Қызылшамен ауырған науқас дер кезінде дәрігерге қаралып, тиісті емін алмаған жағдайда ауру асқыныпқұлақ ортасының қабынуына (отит), бронхопневмонияға, мойын лимфа түйіндерінің қабынуына, ларингитке, энцефалитке ұласып кетуі мүмкін. Асқыну көбінесе 5 жасқа дейінгі балаларда немесе 20-дан асқан ересектерде болады.
Арал ауданында 2026 жылдың басынан бастап осы кезеңге дейін алғашқы қызылша ауруының диагнозымен 61 ауру тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі бала саны-59, 2 -ересек.
Қызылшамен ауырған балалардың арасында 50 бала қызылшаға қарсы егілмеген, яғни барлық аурудың 81,9 пайызын құрайды, атап айтқанда ата-анасының қарсылығы бойынша 13 бала егілмеген, 15 бала түрлі медициналық шегіністерге байланысты екпе алмаған, жасы толмауына байланысты 22 бала қызылшаға қарсы екпе алмаған, 2 ересек адамның егілгені туралы дерегі табылмады, екеуі де Ақтөбе облысында туып-өскен, Арал ауданына келін болып түскен, 9 ауру қызылшаға қарсы екпемен қамтылған, бірақ оның ішінде 6 бала ауырардан 2-3 апта бұрын қызылшаға қарсы егілген, яғни иммунитет қалыптасып үлгермеген. 2026 жылдың 3 айында 6 айдан 10 ай 29 күн аралығындағы 169 бала қызылшаға қарсы қосымша егілді, бұрын екпелерін уақытында алмаған 44 бала толықтыра иммундаумен қамтылды. 2026 жылы 3 айда 1 жастағы мақсатты топтағы 1323 баланың қызылшаға , қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы алғашқы егумен 316 бала қамтылды, яғни 23,8 пайыз, оңтайлы деңгейден жоғары, 6 жастағы мақсатты топтағы 1470 баланың 262 баласы егілді, яғни 17,8 пайыз, оңтайлы деңгейде қамтылды.
Алдын алу шаралары :
Қызылша ауруынан сақтанудың бірден-бір тиімді жолы – балаңызға 1 жасында және 6 жасында қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын жасату. Ауру тіркелген жағдайда науқас ошағында жақын байланыста болған 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы бұрын егілмеген немесе толық егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да қызылшадан қорғану мақсатында осы ауруға қарсы егілуі тиіс. Аурудың алдын алуда қызылшаға қарсы екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.
А.Сатекеева,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасы басшысы
Фото: Нұрболат Нұржаубай










